• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ғылым Бүгін, 08:40

Зиянды қалдықты 40 есеге азайтқан технология

40 рет
көрсетілді

Ауаның ластануы – көзге көрінбесе де, денсаулыққа әсер ететін ең үлкен қауіптің бірі. Зауыт мұржасынан шыққан қою түтін мен шаң көпшілік үшін үйреншікті көрініске айналған. Енді осы мәселенің түйінін тарқататын нақты шешім пайда болды.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік универ­си­тетінің ғалымдары өндіріс орындарынан бө­лінетін зиянды қалдықтарды айтарлықтай азай­татын жаңа газ тазарту жобасын әзірледі. Зерттеу нәтижесінде енгізілген шешім өндірістік түтін құрамындағы шаң мен зиянды заттардың көлемін ондаған есе төмендетуге мүмкіндік береді. Технология Ақтөбе ферроқорытпа зауытында қолданылғаннан кейін өндірістік түтін құрамындағы шаң мен зиянды компоненттердің мөлшері шамамен қырық есеге дейін азайғаны анықталды. Соның нәтижесінде атмосфераға тарайтын өндірістік шаң мен газдардың басым бөлігі сүзгіден өткізіліп, ауаға әлдеқайда тазартылған күйде шығарылады. Бұл өндірістік кәсіпорындардың экологиялық жүктемесін төмендетіп, қоршаған ортаны қорғау талаптарын сақтауға жол ашады.

Коммерцияландыру және стартаптар департа­мен­тінің директоры Нұрбек Дүймұханов жобаның бірнеше өңірді қамтитынын айтады: «Қазір жобаны өн­діріске енгізу жұмысы Ақтөбеден бөлек, Ақсу және Екібастұз қалаларындағы өнеркәсіптік нысандарда жүр­гізіліп жатыр. Әзірленген технология металлургия, энергетика, тамақ өнеркәсібі және құрылыс ма­териал­дарын өндіру салаларына бейімделген», дейді Н.Дүймұханов.

Жобаның басты артықшылығы – оның шетелдік үлгілерді алмастыратын отандық шешім ретінде жасалуы. Бұған дейін мұндай газ тазарту қондырғылары көбіне сырттан әкелінетін. Енді отандық кәсіпорындар дәл сондай тиімді құралды өз ғалымдары мен инже­нер­лерінің еңбегіне сүйеніп пайдалана алады.

Ғалымдар бұл нәтижеге сүзгі-қаптарды жаңаша тазартып, қайта іске қосу тәсілін енгізу арқылы жеткен. Соның арқасында сүзгінің тозуы бәсеңдеп, тазарту сапасы артып, қондырғының жұмыс істеу мерзімі ұзарды. Сонымен бірге жүйе өндірістің бірқалыпты жүруін қамтамасыз ететін инженерлік шешімдермен толық­тырылған.

PhD, қауымдастырылған профессор Бағдагүл Уахитованың айтуынша, аталған технология өндіріс­тегі экологиялық мәселелерді нақты шешуге бағытталған: «Ең алдымен, бұл жоба ғылым мен өндірістің бірлескен нәтижесі. Университеттің ғылыми тобы оны ғылыми идеядан бастап коммерцияландыру кезеңіне дейін сүйемелдеп келдік. Бұған дейін кәсіпорындар тиімділігі төмен, ескірген тазарту жүйелерін пайдаланды. Соның салдарынан шаң мөлшері күрт артып, жабдықтар тез тозып, экологиялық мәселелер туындады. Кейбір жағдайларда шаң көлемі 400 мг дейін жетті. Біз өндірістегі үдерістерді толық зерттеп, әлсіз тұстарын анықтап, ғылыми шешім ұсындық. Нәтижесінде, сүзгілердің қызмет ету мерзімін ұзарттық, ауаның шығынын азайту арқылы олардың өзіндік құнын төмендеттік», дейді.

Бұл жоба Қ.Жұбанов университеті мен Қарағанды­дағы «KazEnergoMashEkologia» компаниясының бір­лескен еңбегі нәтижесінде жүзеге асып жатыр. Ғалымдар Ақтөбе ферроқорытпа зауытында тәжіри­белік зерттеу жүргізіп, соның негізінде газ тазарту жүйесінің нақты өндірістік шешімдерін ұсынды.

Бастама мемлекеттік қолдауға ие болған. Оған ­350 млн теңге көлемінде грант бөлініп, өнеркәсіп­тік ­серік­тестер тарапынан қосымша инвестиция тартылған. Нәти­жесінде, қысқа уақыт ішінде жаңа газ тазарту жабдықтары әзірленіп, өндірісте қолданыс­қа енгізілді.

Соңғы жаңалықтар