Қазақ ғылымының тау тұлғасы, академик Қаныш Сәтбаевтың: «Қандай ортада жүрсең де, қандай лауазымға ие болсаң да, үш қасиеттен жаңылмағайсың: еңбексүйгіштіктен, сыпайыгершіліктен, адамгершіліктен» деген сөзі бар.
Ғұлама бұл ұстанымын ғұмыр бойына бағдар еткендей. Ғалым туралы естеліктерден оның биік адамгершілік тұлғасын еңбек дегенде тау қопарарлықтай екпінін, кішіпейілдігін, тағысын-тағы айрықша мінез-құлқын оқып-біліп келеміз. Қанағаң жөнінде том-том кітаптар алдағы уақытта да жазыла беретіні айқын.
Академиктің тағы бір атап айтарлық қыры – ғылым сәулесін кеңес өкіметінің шекарасынан әрі асырып, жер бетіндегі өзге мемлекеттерге түсіргені. Біз сөз еткелі отырған оқиға – кітап беттерінде жазыла қоймаған, кеңес өкіметі тұсында айтылмаған дүниелердің бірі.
1958 жылы (кей деректерде 1957 жыл деп көрсетілген) Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті, академик Қаныш Имантайұлы КСРО-ның ғылыми делегациясы құрамында пайдалы қазба кен орындарын іздеу мәселелері бойынша Қытайдың алғашқы ғылыми конференциясына қатысуға Бейжіңге сапарлайды. Әлгі ғылыми жиында әйгілі ғалым Қазақстандағы геологиялық картаға түсіру ерекшеліктері, металлогениялық зерттеулердің нәтижелері мен келешегі туралы мазмұнды баяндама жасайды. Бұл баяндама Қытай геологтерінің үлкен қызығушылығын тудырады. Себебі дәл сол тұста Қытай елінде масштабы 1:3 000 000 болатын бір ғана геологиялық карта жарық көрген болатын. Осы конференциядан кейін Қытай Геология министрлігінің өкілдері елдің бүкіл аумағында пайдалы қазбаларды іздеу және металлогения бойынша кең ауқымды геологиялық жұмыс жүргізу әдістемесі туралы кеңес одағының, атап айтқанда Қазақстанның мамандарымен кеңесе бастайды.
Бізге бұл мәліметтерді жеткізген академик Қ.Сәтбаевтың Баянауылдағы мемориалдық музейінің қызметкері Гауһар Балабаеваның айтуынша, ғалым еліміздегі пайдалы қазбалар, әсіресе Жезқазған мыс кен орындарының маңызы туралы баяндай келіп, қазақ жерінің геологиялық байлығын әлем ғалымдарына таныстырады. Осылайша, халықаралық ғылыми ортада үлкен құрметке ие болған.
– Конференцияда Қ.Сәтбаевтың баяндамасына Қытай еліндегі ғылыми орта айрықша қызығушылық танытып, оның ғылыми еңбектері халықаралық деңгейде мойындалады. Тіпті сол елдің Геология министрі арнайы қабылдайды. Қытайдың атақты геологтерінің бірі кейін өз естелігінде Сәтбаев туралы: «Қазақстанның жер қойнауын терең зерттеген, кен байлықтарын ғылыми тұрғыдан дәлелдеп көрсеткен аса көрнекті ғалым. Оның еңбектері тек бір ел үшін емес, бүкіл әлемдік геология ғылымы үшін маңызды болған еді» жазып қалдырыпты. Бұл пікір Қаныш Сәтбаев еңбегінің халықаралық дейгейде мойындалғанын көрсетсе керек, – дейді музей өкілі.
Бір қызығы, ғұламаның осы сапарында қытайлық профессор, орыс және ағылшын тілдерінің оқытушысы Чжоу Чаофань Қаныш Сәтбаевтың жеке аудармашысы болады. Қазақ ғалымының терең біліміне, жеке басының тартымдылығына, қарапайымдылығы мен зиялылығына тәнті болған Чжоу Чаофань көрнекті геолог туралы жылы естелікті жүрегінде жылдар бойы сақтап келген.
«Сол бір алыс 1958 жылы маған Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың жеке аудармашысы болу бақыты бұйырды. Онымен араласу барысында мен оның геологиядағы жаңашыл жұмыс стиліне қайран қалдым. Сәтбаев өз елінің геологиялық зерттелуін әлемдік деңгейге көтеріп, бұл салада Ұлыбритания, АҚШ және өзге де алдыңғы қатарлы капиталистік елдердің ғалымдарын басып озды. Қазақстан металлогениясын зерттеуде ол әлемде көшбасшы орында болды», деп жазыпты қытайлық профессор.
Сол сапардың нәтижесінде С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіндегі (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) геология-география факультетінің бір топ студенті Бейжің университетіне жіберіледі. Олар кейін аталған оқу орнын қытай тілінде тәмамдап шыққан. Түлектердің бірі, кейінгі отандық беделді ғалымдардың бірі, профессор Сейіт Құсайынов 1996 жылы Қытайдың Ухань қаласындағы геологиялық университетте ғылыми семинарда тағылымдамада болады. Сол жерде профессор Чжоу Чаофаньмен танысқан екен. Ч.Чаофань Қанағаң туралы көптеген естелік айтып, оның Қытай геология ғылымына тигізген шапағатына жоғары баға береді.
«Онымен жұмыс істеу маған өте қызықты болды. Мен ғалымға жиі сұрақ қоятынмын. Ол барлығына мұқият жауап бере отырып, менің оқуым, жұмысым, тұрмыс жағдайым туралы сұрайтын. Ғылыми конференция аяқталғаннан кейін біз Ұлы Қытай қорғанына экскурсия жасадық, содан кейін Шанхайға аттандық. Жанымызда өзге де кеңестік және қытайлық жолдастар, оннан астам адам болды. Жолда Қаныш Имантайұлы тамақ талғамайтын, жатын жайға да кінәмшіл емес еді. Ол өте қарапайым, тәкаппарлықтан ада, мінезі жұмсақ әрі биязы адам болды. Біз Шанхайда көшеге серуендеуге шықтық, қаланың көптеген көрікті жерін тамашалап, дүкендерге бардық. Қытайдағы дәстүр бойынша жастар үлкен кісілердің заттарын тасуға көмектеседі. Мен Сәтбаевқа оның чемоданын көтеріп жүруді ұсындым. Бірақ ол бұған: «Қазақстанда әйел адамдардың ауыр жүк көтеруі әдепке жатпайды» деп жауап берді. Осылайша, біз жақсы қарым-қатынасты сақтай отырып, еркін әрі ізеттілік жағдайында болдық. Ол кезде оның жасы 60-қа жақындап қалса да, денсаулық жағдайы жақсы болатын. Ол төзімділігімен, еңбекқорлығымен ерекшеленетін. Жоғары адамгершілік қасиеттері мен тартымдылығы менің бойымда өмір бойы өшпес әсер қалдырды», деп айтқан екен қытайлық ғалым.
Сәтбаевтың ғылымдағы тұлғалық бейнесін бірден аңғарған қытайлық оқымыстылар сол конференцияда фарфордан жасалған картинаны сыйға тартады. Картинада қытай тілінде иероглифтермен:
«Ақ қарлы таулар – қашалған асыл нефриттей, Орман мен ауыл тып-тыныш ұйқы құшағында.
Тау етегінде жалғыз үй тұр ғой шеткері, Қарағай аралап, түтіні ұшты көкке иіріліп», деп жазылыпты.
Аталған картинаны ғұламаның 125 жылдық мерейтойында жиен немересі Әлима Жармағамбетова Баянауылдағы музейге табыстаған екен. Бүгінде ол мұндағы ерекше жәдігерлер қатарында сақталып тұр.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы