Премьер-министр Олжас Бектенов Америка Құрама Штаттарының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Джули Стаффтпен сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, цифрландыру, жасанды интеллект, сондай-ақ ғарыш саласындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапарының қорытындысында қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысы қаралды.
Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының былтыр қараша айындағы Вашингтонға сапары елдер арасындағы экономикалық әріптестіктің ауқымын айқын көрсеткенін атап өтті. Жалпы сомасы 17 млрд доллар болатын қол қойылған 29 келісім экономикалық байланыстардың кеңеюіне елеулі серпін берді. Қазақстан Үкіметі қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға басымдық береді.
«Қазақстан-Америка ынтымақтастығы бүгінде қарқынды дамып келеді. Оның негізінде стратегиялық көзқарасы біздің бірлескен жұмысымызға практикалық сипат беретін мемлекеттеріміздің көшбасшылары арасындағы берік қарым-қатынас жатыр. Біз жоғары саяси деңгейдегі тығыз диалог екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыс-тарды тереңдету үшін одан әрі қолайлы жағдай туғызады деп сенеміз», деді О.Бектенов.
Өз кезегінде АҚШ елшісі де өзара ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті.
«Біздің елдер арасында бұрын-соңды болмаған қатынас қалыптасты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамптың Бейбітшілік кеңесі және Ибраһим келісімдері жөніндегі бастамасына қатысты нақты ұстанымын білдірді. Мұның барлығы да – тарихи әрі серпінді бастамалар. Қолдау көрсеткені үшін Америка Құрама Штаттары мен Президент Трамп Қазақстанға алғыс білдіреді», деді Д.Стаффт.
Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 3,19 млрд долларға жетті, ал биыл қаңтар-ақпан айларында 487,4 млн долларды құрады. Кездесуде АҚШ-тың еліміздің экономикасындағы негізгі стратегиялық инвесторлардың бірі ретіндегі маңызы атап өтілді. Қазір елімізде америкалықтардың қатысуымен 600-ден астам компания табысты жұмыс істеп жатыр. Отандық нарықта «Chevron», «ExxonMobil», «Amazon», «Citi», «Wabtec», «John Deere», «Boeing», «Oracle», «PepsiCo», «Mars» сияқты компаниялардың болуы екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жоғары әлеуетін көрсетеді.
Кездесу барысында мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі реформалау мен жаңартуға негіз болған жаңа Конституцияның ережелерін жүзеге асыруға да назар аударылды. Премьер-министр Олжас Бектенов Ата заңымыз саяси тұрақтылықты нығайтып, мемлекет пен қоғамның үдемелі дамуы үшін берік негіз құратынын айтты.
Кездесу қорытындысында тараптар сауда-экономикалық әріптестікті одан әрі нығайтуға, сондай-ақ басым бағыттарда бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бейілді екенін растады.