Ғылыми-педагогикалық еңбек өтілім 47 жылды құрайды. Осы уақыт ішінде гуманитарлық ғылымдарды дамытуға, жоғары білікті мамандар мен ғылыми кадрларды даярлауға бағытталған жүйелі жұмыс жүргіздім.
Кейінгі жылдары цифрлық құзыреттер мен нейрожелілік технологиялар саласын зерттеп, білім саласын жаңғырту, оқу үдерісін автоматтандыру, инновациялық технологияларды енгізу бағытындағы мемлекеттік басымдықтарға үлес қосып келеміз. Ғылыми зерттеулерім когнитивтік лингвистика, лингвомәдениеттану, салыстырмалы фразеология, шет тілін оқыту әдістемесі және мәдениетаралық коммуникация салаларын қамтиды.
200-ден астам ғылыми еңбектің авторымын. Олардың қатарында халықаралық деңгейдегі, «Scopus», «Web of Science» базаларына енген мақалалар, сондай-ақ іргелі монографиялар мен оқулықтар бар. Француз тілін екінші шет тілі ретінде оқытуға арналған оқу-әдістемелік еңбектерім еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарының бағдарламаларына енгізілген. Сонымен бірге Абайдың «Қара сөздерін» қазақ тілінен тікелей француз тіліне аударып, осы негізде мәдени кодтарға қатысты зерттеулер жүргіздім.
Ғылыми кадрлар даярлау ісіне де ерекше мән беремін. Менің жетекшілігіммен PhD, ғылым кандидаттары, магистрлер даярланды. Сонымен қатар ғылыми-сараптамалық, халықаралық қызметке белсенді қатысамын. Үш ғылыми журналдың редакциялық алқасының мүшесімін, Швейцариядағы Фрибур университеті мен Франциядағы Экс-Марсель университетінің диссертациялық кеңестеріне шақырылған мүшесі болдым. Сондай-ақ еліміздегі бірқатар диссертациялық кеңестердің жұмысына қатысып, ғылыми зерттеулерге ресми оппонент ретінде баға беремін.
Кәсіби қызметім барысында декан, проректор, ректордың еуропалық білім беру бағдарламалары жөніндегі кеңесшісі қызметтерін атқардым. Бүгінгі марапат – көп жылғы еңбектің еленгенінің айғағы деп білемін. Азды-көпті еңбегіміздің бағаланғанына шын жүректен қуаныштымын. Бұл сенім алдағы уақытта да аянбай еңбек етуге жігер береді.
Күләш Дүйсекова,
филология ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің шетел филологиясы кафедрасының профессоры