– Тұрар аға, өзіңізді ұлттық өнерді, оның ішінде күй мұрасын насихаттаушы ретінде жақсы білеміз. Ертең концерт бергелі жатыр екенсіз...
– Иә, бұйыртса, Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында. Биыл Дина Нұрпейісованың 165 жылдығы, Ахмет Жұбановтың – 120, ұстазымыз Қаршыға Ахмедияровтың 80 жылдығы қатар келуінің өзі тегін емес деп білемін. Өле-өлгенше қазақ өнері мен мәдениетін көтеріп өткен тұлғалар рухына құрмет. Бұл бір десек, екіншіден және ең бастысы, жұртты адастыратын жеңілтек әуен, есірік ән ие бермей тұрған қазіргі уақытта қазақтың күй өнері ай сайын емес, апта сайын, тіпті күнде насихатталса, артық емес.
– Жөн екен. Қазақ даласын ертеден аралап концерт беріп келесіз ғой, бұл жолғы кештің қандай жаңалығы бар?
– Дұрыс айтасың, домбыра мен күй өнерін ту етіп бармаған облысым жоқ шығар. 2024 жылы елімізде болған су тасқынын білесің. Батыс Қазақстан аймақтарында, Торғай өңірінде, су шайған тағы басқа жерлердегі халықтың жай-күйі, оларға қол ұшын созған елдің кең пейілі маған қатты әсер етті. Сонда туған «Тасқын» атты шығармам және «Ғұн бабалар» атты жеке туындым Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында оркестрдің сүйемелдеуімен орындалмақшы. Филармонияның симфониялық оркестрі 90 адамнан құралған еліміздегі ең ірі ұжымның бірі.
– Жалпылама емес, жекелеген бір туындыға тоқталыңызшы?
– Мәселен, Дәулеткерейдің «Жігері». Философиялық астары терең күйлердің бірі. Ахмет Жұбановтың тілімен айтқанда, исі қазақтың тарихын бойына сыйдырған шығарма. Және ең ұзақ күйдің бірі (7 минут). Қазақ музыкатанушылары «Жігерден» кейін күй тартылмайды» деп жатады. Осындай шоқтығы биік туындыларға қоса бұл кеште Ахмет Байтұрсынұлының «Арман» атты күйі де үлкен сахнадан бірінші рет орындалатынын атап айтқан жөн шығар.
– Ақаңның күйін қалай тауып алып жүрсіз?
– 1987–1997 жылдары мен Торғай өңірінде еңбек еттім. Сол тоқсаныншы жылдардың басында құқық қорғау саласында қызмет істейтін Сағым Жалмышев дейтін халық күйшісі болды. Динадан бастап басқа да көптеген күйдің түпнұсқасын тартатын. Осы Сағым деген кісі Ақаңның «Арман» атты бұл күйін белгілі ақын Нұрхан Ахметбектің баласы Мәліктен үйреніпті. Торғайда жүргенімде аталған шығарманы мен Сәкеңнен үйреніп, кейін нотаға түсіріп, бұйырса ертең тұңғыш рет сахнада орындамақпын. Өзім үшін үлкен жаңалық – осы.
– Қазақ домбыраны қабылдайтыны белгілі, шетелдерге шығып тұрасыз, олар ше?
– Қазіргі Қазақ ұлттық өнер университетінің 15 жылдығына Италияның музыка ғұламалары келді. Әуелі симфонияны, академиялық вокалды тыңдады, балетімізді көрді, жайбарақат. Содан соң Қазақ оркестрін тыңдағанда, ұйқыдан оянғандай елең етті. Жанталасып түсіре бастады. Түркештің «Көңілашары», Тәттімбеттің «Сарыжайлауы», Құрманғазының «Сарыарқасы» орындалған. Күйдің құдіреті деген сол, көздері тостағандай болды. Қазақ оркестрін және дәстүрлі әнді, симфонияны гастрольге аламыз деп бірден айтты. Дәстүрлі әннің көшін Қайрат Байбосын, Алмас Алматов ағаларымыз бастап барды. Италияның алты қаласында өнер көрсеттік. Қазақ оркестрін, күйді тыңдағанда, орындарынан тұрып кетті. Кәдімгідей таңырқап, 10-15 минут сахнадан жібермей қояды. Мажарстанның Шопрон деген қаласында халық кетпей тұрып алғаны есімде. Оркестрде 45 студент көзді жұмып қойып, қағазға қарамай, нотасыз домбыра тартқанын көрген музыканттар аузын ашып, көзін жұмып, сұхбат бергені экранға да жазылып еді кезінде.
– Ертең сахнада сондай ғаламаттар бой көтереді ғой, бұйыртса?
– Шама келгенше тырысамыз. Әншілерден Света Айтбаева, Ерлан Рысқали өнер көрсетеді. 5-6 авторлық шығармам орындалады. Қалғаны халық композиторларының ұлы туындылары екенін айттым. Бір жарым, екі сағат бойы күйді тірі тартып, орындаймыз. Бағамдай білгенге жеңіл жұмыс емес. Күтеміз, келіңіздер!
Әңгімелескен –
Жәнібек ӘЛИМАН,
«Egemen Qazaqstan»