• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 07:58

Өңдеу өнеркәсібінде өсім бар

10 рет
көрсетілді

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі штабтың кезекті отырысында биылғы қаңтар–наурыздағы әлеуметтік-экономикалық дамудың болжамды көрсеткіші қаралды.

Алдын ала дерекке сүйенсек, қаңтар–наурыз айларының қорытындысында өңдеу өнер­кәсібінде 6% деңгейінде өсім болуға тиіс. Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сәйкес бірқатар салада тұрақты оң динамика сақталып отыр. Мәселен, жеңіл өнеркәсіп – 156,4%, дайын ме­­талл бұйымы – 131,4%, жиһаз өндірісі – 127,6%, құрылыс материалы өндірісі – 127,4%, машина жасау – 115,5%.

Көлік министрлігінің хабарлауынша, есептік кезеңде көлік саласының өсуі 109% деңгейінде деп бағаланған. Көрсетілген қызметтің жалпы көлемі – 2,8 трлн теңге. Бұл өткен жылғыдан 14,3% жоғары.

Оң динамика тасымалдау көлемінің ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілген. Осылайша, жалпы жүк тасымалдау көлемі 7,9%, жолаушыларды бар­лық көлік түрімен тасымалдау 11,0%-ға дейін өсті. Жүк айналымы 153,7 млрд тонна-шақырымға, жолаушылар айналымы 22,8 млрд жолаушы-шақырымға жетті.

Жедел деректерге сәйкес биылғы үш айда жүкті темір­жол көлігімен тасымалдау көлемі 78,3 млн тонна болған. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 3,6% артық. Тасымалдарды санаттарға бөліп қарастырсақ, ел ішіндегі тасымал 40,8 млн тонна, экспорт 22,8 млн тонна, импорт 5,6 млн тонна, транзит 9,1 млн тоннаны құрады.

Экспорт құрылымында көмір, астық, тыңайтқыш, құрылысқа қатысты жүктер, қара металл, сондай-ақ басқа да жүк (оның ішінде құрама жем, өсімдік майы, асбест) тасымалының өскені байқалады. Сонымен қатар рес­публика ішіндегі қатынаста көмір, мұнай өнімі, астық, химикат тасымалы артқан.

Отырысты қорытынды­лай келе, Серік Жұман­ғарин салалық мемлекеттік органдарға экономикалық өсімнің қосымша резервін анықтауды, оның ішінде мемлекеттік қолдау құралын пайдалану жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырды.

«Бізге қосымша өнім шығару немесе жаңа тұрғын үйді пайдалануға беру арқылы болса да өндіріс пен қызмет көлемін нақты ұлғайту қажет. Керек болған жағдайда мемлекет мұндай бастамаларды, оның ішінде, субсидиялау тетігі арқылы да қолдауға дайын», деді вице-премьер.