Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов Қызылордада жас мемлекеттік қызметшілермен кездесті. Кездесуге облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ашық диалог форматында өткен іс-шара практикалық тәжірибе алмасуға, тиімді мемлекеттік қызмет тәсілдерін талқылауға бағытталды.
Басқосуда Жақып Асанов кәсіби өсудің негізгі факторы – артық әрі тиімсіз үдерістерден арыла отырып, шын мәнінде маңызды міндеттерге шоғырлана білу екенін атап өтті.
«Кез келген жүйеде салдармен ғана күресіп қоймай, түпкі себепті тауып, оларды жою маңызды. Артық міндеттер мен шектен тыс жүктеме дамуға кедергі келтіреді. Негізгі бағыттарға басымдық беріп, нақты нәтижеге қол жеткізу қажет», деп атап өтті вице-спикер.
Кездесу барысында Жақып Асанов мықты команданың маңызы мен сапалы кадрлық іріктеуге назар аударып, жауапкершілік, мотивация және қызметкерлердің жеке қасиеттері жемісті жұмыстың негізі екенін баса айтты.
«Қазіргі мемлекеттік қызмет басқарудың жаңа тәсілдерін, соның ішінде үдерістерді цифрландыру мен жобалық басқаруды енгізуді талап етеді. Бұл жұмыс тиімділігін айтарлықтай арттырып, шешім қабылдауды жеделдетуге мүмкіндік береді», деді Жақып Асанов.
Жас мамандардың өңірлерді және бүкіл елді дамытудағы рөлі ерекше екені бөлек аталды. Осыған байланысты кездесуге қатысушыларға кәсіби дағдыларын үнемі шыңдап, жаңа білімге ұмтылу және нәтижеге бағытталған болу ұсынылды.
Іс-шараға жергілікті атқарушы, мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің өкілдері, сондай-ақ өңірдің мемлекеттік жас қызметшілері қатысты.