• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 14:57

Төтенше жағдайға дайындық: Жертөлелер мен паркингтер паналау орындарына айналады

20 рет
көрсетілді

Қазақстанда халықты паналау орындарымен қамтамасыз ету қағидалары бекітілді. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, жаңа стандарт жертөлелерді, жерасты паркингтерін және басқа да жерасты кеңістіктерін қамтиды, деп жазады Egemen.kz.

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда төтенше жағдайлар кезінде пайдаланылатын паналау орындарына арналған жаңа стандарт күшіне енді. Аталған стандартты Төтенше жағдайлар министрлігінің өтінімі негізінде «ҚазСтандарт» әзірлеген.

Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті құжаттың төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттыруға және халық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. Әлемдік тәжірибеде халықты қорғау үшін жертөлелер, цокольдік қабаттар, жерасты өткелдері мен метрополитен сияқты жерасты кеңістіктері кеңінен қолданылады. Қазақстанда да мұндай нысандар азаматтық қорғанысқа арналған қорғаныс құрылыстары ретінде бейімделуі мүмкін.

Жаңа стандарт қолданыстағы нормативтік олқылықтарды жойып, паналау орындарына қойылатын бірыңғай талаптарды енгізеді. Құжат табиғи, техногендік және әскери сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде халықты қорғау мақсатында ғимараттарды тексеру және оларды бейімдеу тәртібін айқындайды.

Азаматтық қорғанысты жетілдіруге бағытталған заң жобасы мақұлданды

«Стандартта үй-жайлардың құрылымы мен жоспарлануына, сондай-ақ тіршілікті қамтамасыз ету жүйелеріне қойылатын талаптар белгіленген. Олардың қатарына желдету, сумен жабдықтау, электрмен қамту, санитариялық жағдайлар және байланыс жүйелері кіреді. Сонымен қатар ғимараттардың техникалық жай-күйін бағалау тәртібі, оның ішінде көтергіш конструкциялар мен инженерлік жүйелерді тексеру талаптары қамтылған. Қажет болған жағдайда конструкцияларды күшейту және үй-жайларды қайта бейімдеу шаралары көзделген. Стандартта типтік инженерлік шешімдердің үлгілері мен паналау орындарының жарамдылығын бағалау кестесі берілген», делінген министрлік хабарламасында. 

Жоба Төтенше жағдайлар министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі, сондай-ақ басқа да мүдделі мемлекеттік органдар және ұйымдармен келісілген.

Келісу барысында ұсынылған ескертулер техникалық шешімдерді әзірлеу кезінде географиялық, климаттық және сейсмикалық ерекшеліктерді ескеру, ұшқышсыз ұшу аппараттарынан қорғану тетіктерін енгізу, қайта бейімдеу сызбаларының үлгілерін қосу, паналау орындарының конструкцияларын күшейту және халықтың қолжетімділігін қамтамасыз ететін автоматтандырылған жүйелерді енгізу мәселелерін қамтыды. Барлық ұсыныстар ескерілді.

Аталған стандартты қабылдау жерасты кеңістіктерін тиімді пайдаланудың бірыңғай тәсілін қалыптастыруға және төтенше жағдайлар кезінде халықты қорғау деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар