Еңбекақы мәселесі – қоғамда әрдайым өзекті тақырыптың бірі. Бүгінде елімізде белгіленген ең төменгі жалақы мөлшері – 85 мың теңге. Ranking.kz дерегінше, 1 млн-нан аса адам 300-500 мың теңге, 724,1 мың адам 200-300 мың теңге, 711,8 мың адам 100-200 мың теңге аралығында жалақы алады екен.
Экономист Руслан Сұлтановтың пікірінше, жалақы – жай ғана сан емес, адамның қаншалық құндылық құра алатынының көрінісі. Адам жұмыс істейді, өнім өндіреді, сатады, қызмет көрсетеді, ұйымдастырады. Осыған оған ақша төлейді.
«Күнделікті өмірде де, әлеуметтік желілерде де «мемлекет жай ғана жалақыны көтеруі керек» деген әңгімелерді жиі естимін. Жалпы, мұның өз логикасы бар. Елестетіп көріңіз, бәріміздің жалақымызды бір сәтте өсірді делік. Бірақ ешкім бұрынғыдан жылдам жұмыс істемейді. Ешкім көбірек өнім өндірмейді. Зауыттар өнімділігін екі есе арттырған жоқ. Қызмет көрсету сапасы да жақсармады. Ал адамдардың табысы артты. Содан кейін не болады? Қолына ақша түскен адам ең алдымен соны жұмсауға ұмтылады. Бірақ тауар көп емес. Осы жерден мәселе туындайды. Сұраныс артқанымен, ұсыныс жоқтығынан баға өседі. Адамдардың бұрынғы бағадан көбірек төлеуге дайын екенін көрген сатушы бағаны өсіре береді. Сондықтан жалақыны көтергеннен өмір сүру жеңілдей түседі деген шарт жоқ», дейді экономист.
Р.Сұлтановтың айтуынша, жалақыны көтерудің бизнеске де әсері бар. Мәселен, еңбекақы еселенген жағдайда бизнеске бұл ақшаны бір жерден алу керек. Ал ол пайда таба алмаса, онда бағаны көтереді, адамдарды қысқартады немесе жай ғана өсуді тоқтатады. Қалай болғанда да, әсері адамдарға қайта тиеді.
Мемлекет болса, бюджеттік сала қызметкерлеріне көбірек ақша төлеуге мүмкіндігі бар. Жәрдемақыны ұлғайтып, ең төменгі еңбекақы деңгейін енгізе алады. Алайда, сарапшының айтуынша, мемлекет тікелей өнім жасай алмайды. Тек ақшаны қайта бөледі.
«Мемлекет көбірек төлейтін болса, ол салық, қарыз, ақша массасын арттыру есебінен бір жерден көбірек алады деген сөз. Бұл бағаның өсуі, бизнеске жүктеме түсуі, болашақтағы салдары арқылы тағы да айналып адамдарға әсер етеді. Көп жерде айтыла бермейтін қарапайым ой бар. Экономика көбірек құндылық өндіре бастағанда ғана кіріс артады. Яғни бір адам кешегіден көп жұмыс істегенде, жаңа бизнес пайда болғанда, қызмет көрсету сапасы жақсырақ, жылдамырақ, арзанырақ болғанда табыс молаяды», дейді Р.Сұлтанов.
Сарапшының айтуынша, жай ғана еңбекақыны өсіріп қою – тауар санына қарамастан, бәріне бірдей артық ақша таратып бергенмен тең.
«Негізгі мәселе – жалақы көлемінде емес, сол табысқа қаншалық тауар мен қызмет алуға болатынында», дейді экономист.
Қазір елде ең төменгі жалақыны есептеудің жаңа тәсілі дайындалып жатыр. Бастама күшіне енсе, жалақы деңгейі де жақсаруы мүмкін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев аталған тәсіл осы жылдың соңына дейін бекітіліп, келесі жылдан бастап қолданысқа енгізілуі ықтимал екенін айтты. Есептеу әдісі екі негізгі көрсеткішке – еңбек өнімділігі мен орташа жалақыға сүйенеді. Әзірге құжат Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінің қарауында тұр.
Жаңа тәсілге сәйкес, мысал ретінде ең төменгі жалақы 95 мың теңгеге көтерілсе, жалақыны есептеу осы сомадан бастап жүргізіледі. Оған қызметкердің еңбек өтілі, атқаратын қызметі мен лауазымы қосылып, жалпы табыс көлемі анықталады. Бұл бюджет саласында да, жекеменшік секторда да жалақының кезең-кезеңімен өсуіне ықпал етуі мүмкін.