Еуропаға жетуге талпынған мигранттардың сапары тағы да адам шығынымен аяқталды. Ливия мен Ауғанстаннан шыққан адамдардың қайықтары апатқа ұшырап, ондаған адам көз жұмды, бірнешеуі ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы ақпаратты euronews.com сайты мәлім қылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сәрсенбі күні Лампедуза аралы маңында мигранттар мінген қайықтан кемінде 19 адамның мәйіті табылды, тағы 5 адамның жағдайы өте ауыр. Құтқарушылар бұл кемені халықаралық суларда, аралдан шамамен 160 км қашықтықта анықтаған. Қайықта барлығы 77 адам болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, кейбір жолаушылар құтқарушылар жеткенге дейін-ақ суықтан қатып қалу және қайық түбіне жиналған көмірсутек буларынан улану салдарынан көз жұмған.
Лампедуза – Солтүстік Африкадан Жерорта теңізі арқылы Еуропаға өтетін негізгі бағыттардың бірі. Алайда бұл жол аса қауіпті. Халықаралық көші-қон ұйымы дерегіне сәйкес, биылдың өзінде Орталық Жерорта теңізінде 624 адам қаза тапқан немесе із-түзсіз жоғалған, ал өткен жылы бұл көрсеткіш 1300-ден асқан. Италия Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері ел жағалауына 6 117 мигрант жеткен.
Түркия Иран елінен келетін мигранттарды қабылдайды
Осы күні тағы бір қайғылы оқиға Эгей теңізі аумағында тіркелді. Мугла провинциясы жағалауында мигранттар мінген үрлемелі қайық аударылып, тағы 19 адам қаза тапты, оның ішінде 1 бала бар.
Түркия жағалау күзетінің мәліметінше, қайықтағы адамдар патрульдің бірнеше рет жасаған ескертуін елемей, жоғары жылдамдықпен қашуға тырысқан. Соның салдарынан кеме аударылған. Оқиға орнынан кемінде 20 адам құтқарылды.
Мугла провинциясының губернаторы Идрис Акбыйк барлық мигранттардың Ауғанстан азаматтары екенін мәлімдеді. Олар Грекия аралдарына жетуді көздеген.
Жалпы, Грекия мен Италия – Таяу Шығыс, Африка және Азиядағы қақтығыстар мен кедейліктен қашқан адамдар үшін Еуропаға кіретін негізгі қақпа. Алайда олардың көбі ашық теңізге жарамсыз шағын қайықтармен сапарға шығып, жолда қаза тауып жатыр.
Қазақстанға еңбек мигранттары қай елден көп келеді