Шетелдік инвестиция туралы айтқанда, әдетте жаңа өндіріс орындары мен жұмыс орындарының көбеюі алдымен ойға оралады. Капиталдың келуі экономиканың жандануына ықпал ететіні белгілі. Бірақ кейінгі зерттеулер шетелдік инвестицияның еңбек нарығына әсері күткендегіден өзгеше екенін көрсетті. Сарапшылардың пікірінше, бүгінде инвестициялар жұмыс орындарын көбейтуден гөрі өндіріс тиімділігін арттыруға басымдық беріп отыр.
Былтыр елдің негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 22,7 трлн теңгені құрап, өткен жылға қарағанда 13% артқан. Өсім бірнеше салада қатар байқалған. Инвестиция тұрғысынан ең қарқынды өскен сектор – қаржы және сақтандыру қызметі. Былтыр оған 313,5 млрд теңге инвестиция тартылып, нәтижесінде, 88,4%-ға артқан. Сонымен қатар энергетика, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, ақпарат және байланыс, білім беру, көлік пен қойма салаларында ілгерілеу бар.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, инвестициялық белсенділіктің өсуі шетелдік инвестиция ағынынан да қолдау тапқан. Былтырғы 9 айда елге тікелей шетелдік инвестицияның жалпы ағыны 14,9 млрд долларға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен (13,4 млрд доллар) салыстырғанда 10,9% артық.
Алайда инвестицияның нақты экономикалық әсері әрдайым біркелкі бола бермейді. Сарапшы Лина Егелқызының пікірінше, шетелдік капитал бизнес-ортаны өзгертетіні рас, бірақ біз күткен тұста нәтиже бермеуі мүмкін. Жақында жарияланған ЭЫДҰ зерттеуі әңгімеге тұздық болып отыр. Зерттеушілер Германия, Италия, Румыния елдеріндегі 24 мыңнан астам компанияны зерделей келе, тұрақты бір әсерді байқаған. Нәтижесінде, олар «шетелдік капиталдың келуі шағын және орта компаниялардың өнімділігін көтерсе де, жұмыс орындарын арттырмайды» деген тоқтамға келіпті. Зерттеушілердің дерегінше, аталған елдердегі ШОБ бір қызметкерге шаққанда көбірек өнім шығара бастаған, сапа стандарттарын енгізген, басқару жүйесін қайта құрған. Ал қызметкерлер саны бұрынғыдай қала берген. Лина Егелқызы бұл үрдістің инвестицияның қазір қалай жұмыс істейтініне байланысты екенін айтады.
«Жаңа фабрикалар салу жағдайлары сиреп келеді. Шетелдік компаниялар көбіне жұмыс істеп тұрған жеткізу тізбектерін қолай көреді, үдерістерді оңтайландырып, басқару тәжірибелерін кіріктіреді. Бұл бизнестің жұмысына жылдамдық береді, бірақ штат санын көбейтуді талап етпейді. Тиімділіктің өсуі жұмыс орындарының көбеюімен қатар жүрмейді», дейді ол.
Инвестицияның ең елеулі әсері жергілікті компаниялар трансұлттық корпорациялардың жеткізушісіне айналған кезде байқалады. Бұл байланыс-та сапа мен мерзімге деген талап өте жоғары екені түсінікті. Компаниялар жабдыққа, автоматтандыруға, үдерістерді бақылауға инвестиция салуға мәжбүр болады. Сарапшының сөзінше, осындай күрделі қайта құру бизнестің тұрақтылығын арттырады, бірақ жұмыс орнын ұлғайтпайды.
«Ал шетелдік инвестор қалыптасқан нарыққа кірген кезде, жағдай өзгеше өрбиді. Онда бәсекелестік күш алады. Әлсіз компаниялар нарықтан кетіп, күштілер тиімділігін арттырады. Мұндайда өнімділік орташа өскенмен, жұмыс орны сол күйі сақталады. Тіпті кейде қысқаруы да мүмкін, себебі оңтайландыру жұмыс күшіне қажеттілікті төмендетеді», дейді сарапшы.
Ал қызмет көрсету саласында инвестицияның әсері әлдеқайда төмен. Себебі бұл секторда экспортқа бағытталған операциялар аз, тұрақты байланыстар әлсіз, ал білім мен тәжірибе алмасу деңгейі төмен. Сәйкесінше, өңдеу өнеркәсібі ШОБ-ты трансформациялаудың негізгі арнасы болып қалып отыр.
Аймақтық айырмашылықтар да маңызды. Л.Егелқызының пікірінше, дамуы әлсіз өңірлерде бір шетелдік жоба қуатты серпін беруі мүмкін, өйткені технологиялық алшақтық жоғары. Алайда жергілікті жеткізушілер дайын болмаса, мұндай инвестициялар оқшауланған «анклавтарға» айналады. Яғни капитал бар, бірақ оның айналасындағы экономикаға ықпалы шектеулі болады.
«Басты мәселе – жұмыспен қамту. Заманауи инвестициялар автоматтандыру мен цифрландыруға бағдарланған. Олар еңбекті капиталмен алмастырады, компаниялардың тұрақтылығын көтеріп, шығындарды азайтады. Бизнеске бұл ұтымды, ал еңбек нарығына бейтарап, кейде тіпті теріс әсер етеді», дейді сарапшы.
Оның айтуынша, кей жағдайларда ең кішкентай фирмаларда немесе ірі ойыншыларда жұмыс орындары пайда болады. Бірақ тұрақты емес әрі тұрақты үрдісті қалыптастырмайды. Жалпы алғанда, тікелей шетелдік инвестиция жұмыссыздықпен күресуде әлсіз құрал болып қалады.
«Елдерді салыстыру осыны растап отыр. Шетелдік компаниялар жергілікті тізбекке тереңірек интеграцияланған Италияда ШОБ неғұрлым пайда ала алады. Нарығы толысқан Германияға мұның әсері айтарлықтай жоғары емес. Ал Румынияда бизнестің инвесторлармен интеграциясы шектеулі болғандықтан, инвестицияның әсері өте аз деңгейде болады», дейді Л.Егелқызы.
Осыдан негізгі тұжырым шығады. Инвестицияның көлемі емес, оның жергілікті экономикамен байланыс деңгейі шешуші мәнге ие. Серіктестерсіз ірі жобалар көп әсер бермейді. Тығыз жеткізу тізбектері бизнесті өзгертеді, бірақ жұмыс орындары емес, өнімділік арқылы.
Сарапшының пайымдауын-ша, шетелдік капитал әлеуметтік мәселелерді тікелей шешпейді. Ол тиімділікті көтереді, жаңаруды жылдамдатады, бәсекелестікті күшейтеді. Нәтижесінде, экономика нығая түседі, бірақ оның жұмыс күшіне сұранысы міндетті түрде арта бермейді. Сондықтан да ШОБ-қа жаңа стандарттарға бейімделу маңызды, олай болмаған жағдайда нарықтағы орнынан айырылуы ғажап емес. Ал тікелей шетелдік инвестициялар бұл үдерісті басқармайды, тек оны жеделдетеді.