• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Руханият Бүгін, 08:38

Терең тағылым

20 рет
көрсетілді

Ұлттық ғылым академиясының академигі, қоғам қайраткері Өмірзақ Айтбайұлы – өмірін қазақ тіл білімі мен мемлекеттік тілдің атқарушы билік пен қоғамның бар саласында орнығуына жұмсаған тұлға. Ғалымның зерттеулері отандық лингвистиканың, соның ішінде терминологияның қалыптасуы мен дамуына арналып, Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлынан бастау алатын пән сөздері саласына елеулі үлес қосты. Ғылыми мектеп жасақтап, қазақ терминологиясын жаңа деңгейге көтерді.

Өмірзақ Айтбайұлының жетекші­лігі­мен «Қазақ термино­ло­гиясының мәсе­лелері», «Тер­мин және олардың аудармалары» сияқты қомақты еңбектер жарық көрді. Ғалым халыққа 500-ден астам ғы­лы­ми еңбек, 20-дан аса монография мен оқу­лық, оқу құралы мен сөздік аманаттап кетті. «Қазақ терминологиясының жаса­лу көздері», «Қазақ әдеби тер­мино­ло­гия­лық лексиканың дамуы», «Мем­ле­кет­тік тілде ғылы­ми терминология­ны қа­лып­тас­тырудың теориялық, ғылы­ми-әдіс­темелік және практикалық мәсе­ле­лері» атты жинақтар осы академиктің бас­­шы­лығымен әзірленгенін айта кеткен ләзім.

Өмекең ғылыммен қоса өнер-мәде­ниет саласына да еңбек сіңірді. Бірнеше фильмде орын­даған әндері кино саласы мен телевидениенің алтын қорында сақтаулы тұр.

«Тіл үшін күрес – тәуелсіздік үшін күрес» деген елшіл баста­мамен 1989 жылдан Тіл туралы заңның қабылдауына, «Қазақ тілі» қоғамын құруға атсалысып, қоғам қайраткері деңгейіне көтерілді. Әйгілі «Ана тілі» газетін ұйымдастырып, қанаттандыруда да Өмекең рөлі ерекше. Академик Ә.Қайдаридың сара жолымен Президентке үміткерлерден мемле­кеттік тілден емтихан қабылдайтын Лингвис­тикалық комиссияның төрағасы болып, туған тілімізді айрықша танымалдандырды.

Жауапты кезеңде тіл тағ­ды­рына араша түсіп, мемлекетшіл азаматтарды бір мақсатқа жұмыл­дырды. Қиын шақта А.Бай­тұр­сынұлы атындағы Тіл білімі институтына қаржы, ғылыми жоба табуға да еңбек сіңірді.

Өмекең ғылымнан қолы қалт еткен­де құйқылжыта ән салып, көңілдің алуан сәтін күймен жеткізіп, домбыраның құлағында ойнағанын, сондай-ақ сезімге толы сырлы әндерді туғызған композитор екенін әріптестері жақсы біледі. Бұл жағынан ол әйгілі А.Затаевичке мың ән-күйді нотаға түсірткен Алаш зиялыларымен рухтас.

2003 жылы академик Алма­ты­дағы «Ғалымдар үйінде»  жеке ән кешін өткізгені әлі күнге дейін есімізде. Керемет орын­далған айшықты сазды әндер, күм­бірлетіп тартқан күйлері жадымызда мәңгілік жатталып қалды. Сонда ұстазымыз академик Шора Сарыбаев: «Егер Өмірзақ ғы­лыммен шұғылданбағанда, міндетті түрде «Халық әртісі» болатын еді» деп, жиналған жұртты да, өнерлі ғалымды да бір серпілткен-тін.

Әркім мағыналы да мәнді, дұрыс та дәл, шешен сөйлегісі келе­тіні айқын. Мұндай қасиет адам­ның қоғамдық келбе­тін (имидж) қалыптастыруға, беделін арт­тыруға әсер етеді. Ака­демиялық шешендік туралы сөз қоз­ғағанда, Өмекеңнің ғылыми мәсли­хаттарда, симпозиумдар мен форумдарда көсіле сөйлегені, ойын терең, кемел жеткізетіні – оның озық қасиеті еді. Ал ғалымның жаңашылдығы ретін­де халықаралық ғылыми кон­ференциялар­да түркі тілде­рінің терминдер жүйесін жа­қын­дастыруға, ортақ терминдер қорын қалыптастыру мен біріздендіруге қатысты мәселе көтеріп, шешудің тиімді тетік­терін ұсынуын атар едік.

Өмірзақ Айтбайұлының қоғамдық деңгейін елдік, ғылыми жиын-кеш­тер­дегі сөзі, ойы, ақ тілегі, батасы аңғар­татын. Талай жыл жанында жүріп байқағанымыз: Өмекең елдік, мерей­той­лық іс-шараларға барарда әрқашан айтатын сөзін жүйелеп, пікір салмағы мен мазмұнын үйлестіріп, кейде жеңіл әзіл араластырып, жетер жеріне жеткізіп айтатын.

Осы ретте Тіл білімі саласының марғас­қалары, академиктер Ісмет Кеңесбаев пен Мәулен Балақаев, Әбдуәли Қай­дари мен Шора Сарыбаев, Рабиға Сыз­дық пен Шора Сарыбаев арасындағы (ішін­де өзі де бар) кәсіби қағытпаларды, интел­лектуалдық әзілдерді Өмірзақ Айтбайұлы тамаша әңгімелейтін. Ол кісінің әркез жа­нында жүретін талайғы жолдасы, көр­некті фонетист-профессор Әлімхан Жүнісбек те тілшілер ортасын күлкіге көметін.

Академик Ө.Айтбайұлының ше­шен­­дігі әулетіндегі асыл дәстүрмен, жастайынан поэзияны, музыканы, актер­лік ше­бер­лікті меңгеруімен байланыста екені анық. 

2008 жылы «Қазақпарат» баспасынан шыққан «Сыр тыңдап жүргімнің әуезінен...» атты өлең жинағы, композитор ретінде жұртшылық жүрегінен жылы орын алған «Жар әлемі», «Жас ой­шыл», «Ана тілі», «Тіл өнері дертпен тең», «Ақ қоян», «Өренім» әндері елге белгілі әншілердің репертуарынан түспейтінін айта кеткен жөн. «Ғалымдар үйінде» өткен әйгілі үш сағаттық кешінде жеке орындауындағы концерттік бағдар­лама ұсынып, өз өлеңіне жазылған ән­дерін нақышына келтіре орындап, халық әндерін әсем қоңыр даусымен насихаттағанын ғылыми қауым ұмыта қойған жоқ.

Төл мәдениетіміздің қайнар көзі – фольклор десек, өнеріміз бен әдебиетіміз осы бастаудан нәр алып дамығаны рас. Халық ақындары бір мезгілде әрі жыршы, әрі әнші болғаны да белгілі. «Қанша мықты болса да, тартпай қоймас негізге» дегендей, академиктің әкесі Айтбай Белгібайұлы әрі ақын, әрі әнші екенін оқығандар жақсы біледі.

Шешеннің шеберлігі шындықтан бас­тау алғанда ғана шыңдала түсетіні, тар­тымды ой мен тағылымды әңгіме айт­қанда ғана жүйелі сөз жүйесін табатыны анық.

Қазақ әлімсақтан шешен халық екені дау тудырмаса керек. Сөзге жорға, өткір тілді, орақ ауызды тұлғалар туралы көсіле жазған атақты жаһандық саяхатшы-ға­лымдар мұрасы – соған дәлел.

Әлемдік Цицерон мен Демосфен, Исократ пен Лисий, өзіміздің әйгілі Төле, Әйтеке, Қазыбек билер, Бөлтірік, Байзақ, Сапақ, Байкөкше, Байсерке, Тайкелтір, Асаубай шешендер қазынасы, тәжірибесі, шеберлігі ешқашан ұмытылмайды. Ке­шегі академик Салық Зиманов пен жазушы Әбіш Кекілбай шешендігі, Қаратай Тұрысов пен Шерхан Мұртаза көсемдігі қандай еді!

Осы аяда тіл білімі саласының ға­лымы, майталманы Өмекеңнің шешен­дігі мен көсемдігі ұлтымыздың сан ға­сырлық дана­лығынан,  білім алған мектептерінен, лингвистика саласындағы ұстаздарынан сіңірген тәлімі деп білеміз. Халықтың асыл дәстүрін жалғастырушы әрі ғалым, әрі әнші, әрі қоғам қайраткері Өмірзақ Айтбайұлының ғылым мен өнерді ұштастыра білген мәдениеті биік тағылымы жастарға өнеге болса дейміз.

 

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,

Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, академик