• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Мәдениет Бүгін, 08:25

Көркемдік кеңес құрылды

20 рет
көрсетілді

Қазақ даласында тұңғыш театр шымылдығы Абай ауданы Ойқұдық жайлауында түрілді. Дәлірек, 1917 жылғы 7 маусымда заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің өзі «Еңлік–Кебек» пьесасын киіз үй сахнасында қойды. Сол тарихи бастау «тұңғыштар мекені» саналатын Семей қаласында театр өнерін жүйелі дамытуға арналған жоғары көркемдік кеңес құрылды.

Абай облысында өткен жо­ғары көркемдік кеңестің алғаш­қы отырысы өңірдің мәдени-ру­хани өміріндегі жаңа кезеңнің бас­талғанын аңғартты. Қазақстанның халық әртісі, профессор Тұңғыш­бай Жаманқұлов, жазушы Асқар Алтай, Қазақстанның мәде­ниет қайраткері Отантай Кәріб­жан­ұлы, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткерлері Дариға Тұран­құлова, Бекжан Тұрыс, Әсет Иман­ғалиев, актриса Гүлмира Жаки­лина, режиссер Ерлан Кәрі­баев, драматург Әлішер Рахат (бақылаушы) көркемдік кеңестің мүшесі болып бекітілді. Кеңес мүшелерінің ұсынысымен, облыс әкімінің келісімімен Берік Уәли жоғары көркемдік кеңестің төрағасы болып тағайындалды.

«Бүгін Абай облысында алғаш рет өтіп отырған жоғары көркем­дік кеңестің отырысы – өңіріміз­дің мәдени-рухани өміріндегі маңыз­ды қадамдардың бірі. Өйткені мұн­дай көркемдік кеңестер еліміздің басқа өңірлерінде жоқтың қасы. Абай облысы әкімінің жанынан құрылған жоғары көркемдік кеңестің негізгі мақсаты – театр өнерінің дамуына серпін беру, шығармашылық үдерістердің сапасын арттыру, өңірдегі мәдени саясатты жүйелі түрде жетілдіру», деді өңір басшысы.

Алғашқы оты­­рыста Тұңғышбай Жаманқұлов, Отантай Кәрібжанұлы, Дариға Тұранқұ­ло­ва, Бекжан Тұрыс сөз сөйлеп, театр өне­рінің қазіргі ахуа­лы, шы­ғармашылық бағытты жетіл­діру, саланың өзек­ті мәсе­­ле­ле­­рі­не қатысты ұсыныс-пікір­­ле­рін біл­дірді. Облыста театр ұжы­мы­­ның вакансиясын кө­бейту, айлық-жалақысын арттыру, қыз­мет­керлерге баспана беру туралы ұсыныстар айтылды.

«Бұл кеңес тек Абай еліндегі театрдың ғана емес, еліміздегі  театрлардың мұң-мұқтажын жоқ­тай­тын жағдайға жететін көр­кем­дік кеңес болуға тиіс», деді Тұңғышбай Жаманқұлов.

Ал Семейдегі «Дариға-ай» жас­тар театрының негізін қаласқан театр саласының білікті ұстазы Дариға Тұранқұлова облыс жас­тарын театр мамандығына оқыту­ға грант бөлу туралы ұсынысын айтты. Сондай-ақ жиында Абай атындағы Қазақ музыкалық драма театрының директоры Нартай Сауданбекұлы облыстық театр­дың жай-күйі туралы баяндады. Кеңесте театр репертуарының көркемдік деңгейін қалыптас­ты­ру, мәдени қызметтердің сапа­сын бағалау және шығармашы­лық ұжымдарды қолдау бағытында жұмыс жүргізілмек.

Айта кетейік, Абай атындағы Қазақ музыкалық драма театры – еліміздің мәдени кеңістігінде өзін­дік орны бар, тарихы терең өнер ордасы. 1934 жылы мемлекет­тік театр ретінде құрылған ұжым ұлт­­тық сахна өнерінің дамуына елеу­лі үлес қосып келеді. Алайда об­лыста содан бері, 80 жылға жуық уақытта бірде-бір жаңа мәде­­­ни нысан салынбағанын айтады жергілікті жұртшылық.

Абай атындағы Қазақ музыка­лық драма театры сахнасында өткен шараға өңір басшылығы мен белгілі өнер қайраткерлері қатысты. Өңір басшысы өнер иелерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, өңірде театр өнерін қолдауға ерекше көңіл бөлініп келе жатқанын жеткізді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласында жаңа театр салу туралы тапсырма бергенін білесіздер. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Бұл бастама шығармашылық ұжымдарға тың серпін беріп, ұлттық театр өнері­нің жаңа биіктерге көтерілуіне жол ашатынына кәміл сенеміз. Бүгін Семейде театр өнерін қол­дау мақсатында құрылған жоғары көркемдік кеңестің алғашқы оты­рысы өтті. Жиында Дариға Тұранқұлова талантты жастарды театр мамандығына оқыту жөнін­де ұсыныс айтты. Темірбек Жүрге­нов атындағы өнер академиясы­на облыс әкімінің грантымен оқу­ға жолдама беретін боламыз», деді Берік Уәли.

Мәдени іс-шара барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Дариға Тұранқұлова, сондай-ақ  жергілікті театрдың бірқатар қызметкері «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі­мен, облыс әкімінің Алғысхаттары­мен, Қазақ­станның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов «Дара» медалі және Алғысхатымен мара­пат­талды. Сонымен қатар «Ең үздік ер адам бейнесі», «Ең үздік әйел адам бейнесі» аталымдары бо­йынша үздіктер анық­талып, Ф.Достоевский, Бекен Имаханов, Рахымжан Отарбаев, Яков Горель­­ни­ков, Акбарәлі Айтбаев атын­­­дағы арнайы сый­лықтар та­быс­­­­­талды.

Мерекелік кеш аясында Абай атын­дағы мемлекеттік Қазақ му­зы­калық драма театры, Ф.Дос­­тоевс­кий атындағы орыс драма театры және «Дариға-ай» жас­тар театрының ұжым­дары көрер­­­мен на­зарына қойы­лымдарын ұсын­ды.

 

Абай облысы