Торғай ауылының тұрғыны Қарлығаш Нұридденқызы жылына бір кілем тоқиды. Зейнеткер өзі жасаған дүниелерін аудандық, облыстық деңгейдегі көрмелерге шығарып, кейінгі кезде кенжелеп қалған ұлттық өнерді көпшілікке дәріптеп жүр.
Қарлығаш апа кілем тоқуды әжесі Зейнептен үйренген. Сол кісінің қасында жүріп, жүн сабаудың, жүн түту, иіру, бояу, арқау дайындау дегеннің не екенін көзбен көріп өсті.
«Ол кезде аналарымыз бұзаудың бас жібінен бастап, арқан-шылбыр, саптама етікке дейін қолдан жасай беретін. Ешкінің түбітінен қолғап, бөкебай, ер адамдарға шалма тоқитын. Жетпісінші жылдарға дейін туғандардың бәрі кілем тоқуды білетін. Бірінші сыныптан бастап кілем тоқуға араластым. Төртінші сыныпта көрші үйде бір апта жатып, көптеген тоқу әдісін үйрендім», дейді шебер.
Қарлығаш Нұридденқызы кілемнің сарыбай, қараман, арабы, кестелі, алтыауыл деп аталатын дәстүрлі түрлерін тоқып көрген. Ою-өрнегі келіскен түкті, тақыр кілемдердің біразын бүгінде келіндері, қыздары, жақын ағайындары тұтынып отыр.
Ісмердің айтуынша, кілем тоқу өнеріндегі әр оюдың, әр бояудың өз сыры, өз тарихы бар. Кілемнің арқауын дайындау, түр жіптерін бояу, жіп иірудің өзі қол икемімен қоса, төзім мен табандылықты талап етеді.
Қарлығаш Нұридденқызы қырық бір жыл мектепте физика пәнінен сабақ берді. Мұғалімдік пен қолөнерді қатар алып жүрген ұлағатты ұстаз 2019 жылы зейнет демалысына шыққан соң, әжесінен қалған кілем ағашын қолға алып, кілем тоқуды бастайды. Алғашқы кілемін қызының жасауына арнап тоқыған.
«Содан бері жылына бір кілем тоқимын. Былтыр да бір түкті төсенішті жалғыз өзім тоқып шықтым. Кезінде қазіргі Аралбай ауылында Салиқа Омарбекова деген атақты кілемші кісі тұрды. Ол кісі облыстық, аудандық үлкен көрмеге арнайы тапсырыспен Амангелді Имановтың, Әліби Жангелдиннің портреттерін тоқыған. Салиқа апа сүйекпен тоқитын. Мені кілемнің шетін тоқуға отырғызатын. Ол кісіге менің өріп-ширатқаным ұнайтын. Салиқа ападан қарсы тоқу, бос кесте, екі жіппен тоқу дегенді үйрендім. Кейін Арқалық қаласының кілем цехының арнайы шақыртуымен көшіп кетті», дейді шебер.