БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілі Рашед Мустафа Сарвар еліміз Орталық Азияда нәресте өлімі көрсеткіші ең төмен елдердің бірі екенін атап өтті, деп жазады Egemen.kz.
Оның айтуынша, елде неонаталдық өлім көрсеткіші әр 100 мың нәрестеге шаққанда 3,9-ды құрайды. Бұл нәтижеге денсаулық сақтау саласындағы жүйелі жұмыс пен жаңа тәсілдердің енгізілуі әсер еткен.
Атап айтқанда, Қазақстанда патронаждық бақылаудың әмбебап прогрессивті моделі (ӘППМ) дамып келеді. Бұл жүйе жүкті әйелдер мен жас баласы бар отбасыларға медициналық қызметкерлердің үйге барып, тұрақты түрде бақылау жүргізуін қамтиды. Соның арқасында дәрігерлер денсаулық жағдайын ерте кезеңде қадағалап, ауру қаупін және әлеуметтік факторларды дер кезінде анықтай алады. Сонымен қатар ата-аналарға бала күтімі, дұрыс тамақтандыру және даму мәселелері бойынша кеңес беріледі.
Елімізде нәресте өлімі 28,5%-ға азайды
Отбасының жағдайына қарай бақылау деңгейі әртүрлі болады, бұл әсіресе халқы сирек қоныстанған өңірлерде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бірлескен есепке сәйкес (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқа да халықаралық ұйымдар), 2024 жылы Қазақстандағы көрсеткіш 3,9 деңгейінде болып, аймақтағы ең төмен нәтиже ретінде тіркелген. Бұл көрсеткіш АҚШ деңгейіне (3,7) жақын.
Мамандардың айтуынша, ана мен бала өлімін азайту – әсіресе халқы шашыраңқы орналасқан елдер үшін күрделі міндет. Дегенмен Қазақстан бұл бағытта тұрақты нәтижелер көрсетіп, басқа мемлекеттерге үлгі бола алады.
Полиция қызметкері үш айлық нәрестесі бар отбасыны өз үйінде паналатты
Айта кетейік, бұған дейін ЮНИСЕФ әлемде балалар өлімін азайту қарқыны баяулағанын да хабарлаған болатын.