Астанада Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Аралды құтқару халықаралық қорының (АҚХҚ) басқарма отырысы өтті.
Отырысқа Тәжікстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Сулаймон Зиезода, Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Тангрыгулы Атахаллыев, Өзбекстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Шухрат Ганиев, Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов және АҚХҚ атқару комитетінің төрағасы Асхат Оразбай қатысты.
Қырғыз Республикасы отырысқа бақылаушы ел ретінде қатысты. Делегацияны Су ресурстары қызметінің директоры, министрдің орынбасары Алмаз Жээналиев басқарды.
Аталған отырыстың маңызы ерекше. Ол Қазақстан Республикасының АҚХҚ төрағалығының қорытынды кезеңінде өтіп отыр және Қорды құрған мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына дайындықтың негізгі кезеңі болып саналады.
«Елдеріміздің бірлескен жұмысы мен мемлекет басшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында трансшекаралық су ресурстарын басқару және Арал теңізі бассейніндегі жағдайды жақсартуға бағытталған өңірлік бастамаларды ілгерілету бойынша тұрақты өзара іс-қимыл жүйесін сақтап қала алдық. Өткен кезеңде Қордың жүйелі жұмысын қамтамасыз етіп, сындарлы диалогті сақтауға және бірқатар маңызды бастаманы ілгерілетуге қол жеткіздік. Бүгінгі кездесу алдағы уақытта мемлекет басшыларының қарауына ұсынылатын негізгі мәселелер бойынша келісілген тәсілдерге келуге мүмкіндік береді деп сенемін», - деді Қ.Бозымбаев iс-шараны ашу барысында.
Отырыс қорытындысы бойынша бес бірлескен шешімге қол қойылды. Атап айтқанда, 2026 жылғы 22 сәуірде Астанада өтетін Қорды құрушы мемлекеттер басшылары кеңесінің алдағы отырысына дайындық, есепті кезеңдегі АҚХҚ Атқару комитетінің қорытынды жұмысы, сондай-ақ Қордың ұйымдастырушылық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру мәселелері бойынша шешімдер қабылданды.
Сонымен қатар АҚХҚ Атқару комитеті мен халықаралық даму серіктестерінің бірлескен бағдарламаларды жүзеге асырудағы қызметін үйлестіру тәртібін реттейтін құжат және Қор басқармасының келесі отырысының күн тәртібі бекітілді.
Бұдан бөлек, Сырдария өзені бассейнінде су ресурстарын есепке алу, мониторинг жүргізу, басқару және бөлудің бірыңғай автоматтандырылған жүйесін енгізу жөніндегі жұмыс жоспарының жобасын әзірлеу, сондай-ақ 2026–2036 жылдарды «Орталық Азияда суды ұтымды пайдалану бойынша практикалық іс-қимылдар онжылдығы» деп жариялау мәселелері қаралып, назарға алынды.