Активтерді қайтару мен оларды басқарудың тәжірибелік ара-жігі қалай ажыратылады? Электрондық аукциондардың ашықтығын кім бақылайды? Қай мүлік түрі ең күрделі шешімді талап етеді? Бұл жұмыстардың нәтижелері жөнінде қоғам қаншалықты хабардар? Осы мәселелерге қатысты сұрақтарды Қайтарылған активтерді басқару компаниясының бас директоры Қуанышбек МҰҚАШҚА қойған едік.
– Қуанышбек Жақсыбекұлы, мемлекеттің қайтарылған активтерге қатысты жұмысы қай кезеңнен бастап Қайтарылған активтерді басқару компаниясының қызметімен жалғасады? Жалпы, компанияның міндеттері активтерді қайтару рәсімдерінен несімен ерекшеленеді?
– Активтерді қайтару заңсыз алынған активтерді анықтау, олардың заңсыз шығарылғанын дәлелдеу, тергеу жүргізу, сот процестерін өткізу мен активтерді мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім қабылдауды қамтитын кешенді құқық қорғау және құқық қолдану үдерісінен тұрады. Бұл кезеңнің барлығын уәкілетті мемлекеттік органдар жүзеге асырады. Соның ішінде Бас прокуратура жанындағы Активтерді қайтару қызметі де бар. Бұл үдеріс активтердің мемлекет меншігіне заңды түрде өтуімен аяқталады. Ал қайтарылған активтерді басқару және оларды сату жұмысы тек қайтару рәсімі толық аяқталғаннан кейін басталады. Бұл кезең экономикалық және басқарушылық сипатқа ие. Яғни осы кезде активтердің мемлекет меншігі екені заңды түрде расталады.
Қайтарылған активтерді басқару компаниясы осы активтердің сақталуын қамтамасыз етіп, оларды ашық әрі айқын түрде сатуды ұйымдастырады. Сондай-ақ сатудан түскен қаражаттың Арнайы мемлекеттік қорға аударылуын қамтамасыз етеді.
– Ал қайтарылған активтерді сату қаншалықты ашық жүргізіледі?
– Қайтарылған активтер тек Sauda.E-Qazyna мемлекеттік ашық платформасы арқылы сатылады. Саудаға қатысты барлық ақпарат: аукцион туралы мәліметтер, бағалар және жеңімпаздар көпшілікке ашық әрі қолжетімді. Бұл барлық қатысушыға тең мүмкіндік беріп, рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етеді.
Е-qazyna.kz веб-порталы – электрондық сауда өткізуге арналған ресми алаң. Портал мемлекеттік мүлік тізілімі мен сауда туралы ақпаратқа қол жеткізудің бірыңғай платформасы ретінде бекітілген. Мұнда аукциондар тұрақты түрде өткізіліп келеді, қатысушылар тарапынан қызығушылық та жоғары. Бүгінге дейін 831 электрондық сауда өткізілді, оның ішінде 122 лот сәтті сатылды.
Компания активтерді қолданыстағы Активтерді басқару қағидаларына сәйкес жүзеге асырады. Электрондық аукциондар – активтерді сатудың ұтымды тәсілі. Олар тек онлайн форматта e-qazyna.kz веб-порталында өткізіледі. Мұндай формат рәсімдердің ашықтығын сақтайды. Сондай-ақ барлық қатысушыға тең жағдай жасап, бәсекелестік ортаның қалыптасуын қамтамасыз етеді. Аукцион механизмі активтер бағасының өсуіне де ықпал ететінін нақты тәжірибеде көріп отырмыз. Кей жағдайда сауда барысында активтердің құны айтарлықтай өседі.
Мысалы, Алматы қаласындағы «Байтақ» шағын ауданындағы жер телімі бастапқыда 176 млн теңгеге бағаланып, аукцион нәтижесінде 657 млн теңгеге сатылды, яғни бағасы шамамен төрт есеге өсті. Алматыдағы Байтұрсынов көшесі, 46 мекенжайындағы әкімшілік ғимараттың бағасы 663 млн теңгеден 732 млн теңгеге дейін өсті. Ал Астана қаласындағы Қ.Мұхамедханов көшесіндегі коммерциялық нысан 84,6 млн теңгеден 96,8 млн теңгеге дейін көтерілді. Мұндай мысалдар бәсекелі аукциондардың активтердің нарықтық құнын айтарлықтай арттыра алатынын көрсетеді.
Компания қызметіне қатысты уәкілетті мемлекеттік органдарға есеп беріп отырады. Сонымен қатар Парламент депутаттары мен азаматтық қоғам өкілдері кіретін Қамқоршылық кеңестің қосымша бақылауында. Активтерді сатудан түскен қаражат тікелей Арнаулы мемлекеттік қорға аударылады. Осының барлығы қайтарылған активтерді мемлекет пен қоғам мүддесіне тиімді әрі ашық басқару тетігін қалыптастырады.
– Басқару және сату тұрғысынан қандай активтерді «ең күрделі» активтер дер едіңіз?
– Активтерді басқару мен сатудың күрделілігі олардың түріне ғана емес, көбіне нақты объектімен байланысты құқықтық, қаржылық және басқарушылық факторлардың жиынтығына да байланысты. Компанияның қызметі барысында басқаруға 73 актив қабылданды. Олардың қатарында жылжымайтын мүлік нысандары, компаниялардағы үлестер, көлік құралдары, басқа да мүліктер бар. Сонымен қатар 196 зергерлік бұйым қабылданды. Қабылданған активтердің жалпы құны – 99,8 млрд теңге. Бұл активтер портфелінің көлемі мен әртүрлілігін айқын көрсетеді.
Әдетте бизнестегі үлестер ең күрделі активтердің қатарына жатады. Себебі олар компаниялардың операциялық қызметі, корпоративтік басқару жағдайы, қаржылық міндеттемелері және нарықтағы ахуалмен тікелей байланысты. Мұндай активтермен тиімді жұмыс істеуге терең қаржылық және құқықтық талдау, сондай-ақ мемлекет мүддесі үшін олардың құнын сақтап, барынша тиімді сатуға бағытталған салмақты басқарушылық шешімдер қажет.
Жылжымайтын мүлік те кей жағдайларда күрделі активтер қатарына кіреді. Әсіресе объектіге қатысты кедергілер, құрылыс аяқталмаған кезде немесе құқықтық мәртебесіне байланысты ерекшеліктер болған жағдайда. Мұндай жағдайда мүліктің сақталуын қамтамасыз ету, құқықтық тұрғыдан дұрыс рәсімдеу, сатуға дұрыс дайындау маңызды.
Жер телімдері де жан-жақты бағалауды қажет етеді. Мұнда олардың мақсатты пайдаланылуы, қала құрылысы талаптары, инфрақұрылымның болуы және нарықтағы сұраныс ескеріледі. Кейбір өтімді объектілердің өзі сатуға шығарылмас бұрын қосымша дайындық жұмысын қажет етуі мүмкін. Зергерлік бұйымдар мен бағалы заттардың да өзіндік ерекшелігі бар. Бұл жерде олардың түпнұсқалығын растау, кәсіби бағалау жүргізу, дұрыс сақтау шарттарын қамтамасыз ету, нарық жағдайына сәйкес сатудың оңтайлы тәсілін таңдау маңызды.
Жалпы алғанда, «өте оңай» немесе «өте күрделі» деп біржақты айтуға болатын активтер жоқ. Әрбір объект жеке кәсіби тәсілді қажет етеді. 2026 жылғы 17 наурыздағы жағдай бойынша зергерлік бұйымдарды қоса алғанда 178 актив сатылды. Олардың жалпы құны – 51,7 млрд теңге (ҚҚС-сыз). Оның ішінде 50,5 млрд теңге Арнаулы мемлекеттік қорға аударылды.
– Қандай жағдайда активтер сатылмай, мемлекет меншігіне беріледі? Жалпы, бұл жұмыстың қоғамдық әсері қандай?
– Бұл көбіне стратегиялық, әлеуметтік немесе инфрақұрылымдық маңызы бар нысандарға қатысты. Яғни егер белгілі бір активті мемлекет өз мақсаты үшін пайдаланып, ол қоғамға көбірек пайда әкеледі деп есептелсе, онда ол сатылмай, мемлекет меншігіне беріледі. Заңда мұндай шешім қабылдаудың арнайы тетігі қарастырылған.
Бұл үдерісте мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің бастамасы маңызды рөл атқарады. Тәжірибеде жергілікті атқарушы органдар мен салалық мемлекеттік құрылымдар белгілі бір активтерді қоғамдық маңызы бар мақсатқа пайдалану үшін мемлекетке беру туралы ұсыныс жасайды. Мұндай тетіктің қоғамдық әсері – активтер тек сатылып кетпей, өңірлер мен салалардың маңызды мәселелерін шешуге пайдаланылуы мүмкін. Бұл мемлекеттік мүлікті тиімді қолдануға, нақты әлеуметтік пайда әкелуге мүмкіндік береді.
Осы тәсіл арқылы бүгінге дейін жалпы құны 29,1 млрд теңге болатын 32 актив мемлекет меншігіне берілді. Олардың ішінде: ауыл шаруашылығына арналған жер телімдері, «Қарағанды Су» ЖШС-дегі үлес, «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығындағы нысандар, Астана қаласындағы тұрғын үй, сондай-ақ Ұлттық музейге берілген тарихи-мәдени құндылықтар бар. Осылайша, қайтарылған активтерді басқару нәтижесінде экономикалық тиімділікпен қатар нақты әлеуметтік нәтиже де қамтамасыз етіледі.
– Елімізден тыс жерде орналасқан активтерді басқару, сату кезінде қандай кедергілер туындайды?
– Шетелдегі активтермен жұмыс істеу сол елдің заңнамасын қатаң сақтауды талап етеді. Оған юрисдикциялық талаптар, валюталық реттеу нормалары, меншік құқығын тіркеу рәсімдері кіреді. Мұндай жобаларда, әдетте, шетелдік кеңесшілер мен заңгерлік серіктестер тартылады. Барлық шешім белгіленген рәсімдерге сәйкес қабылданып, міндетті түрде сыртқы заңгерлік бақылаумен, сондай-ақ барлық әрекетті құжаттық рәсімдеумен жүзеге асырылады.
Бүгінде БАӘ-да – 4, Түркияда 3 нысан сатылды. Сонымен қатар Франциядағы 4 актив – компанияның балансына қабылдану кезеңінде. Компания активтерді сату кезінде экономикалық тұрғыдан тиімді модельдерді қолданады. Негізгі мақсат Арнаулы мемлекеттік қорды барынша толықтыру болса, бұл жұмыстағы басты басымдықтар – экономикалық тиімділікті қамтамасыз ету, тәуекелдерді азайту, активтердің ең жоғары нарықтық құнын қамтамасыз ету, барлық операцияның ашықтығы мен тексеруге қолжетімділігін сақтау.
Әңгімелескен –
Бану ӘДІЛЖАН,
«Egemen Qazaqstan»