• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Жемқорлық Бүгін, 09:00

Жемқорлыққа қарсы күресті күшейту қажет

20 рет
көрсетілді

Transparency International жемқорлыққа қарсы күрес және дүние­жүзіндегі жемқорлық деңгейін зерттеу жөніндегі үкіметтік емес халықаралық ұйым 2025 жылғы Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексін (СЖҚИ) жариялады.

Аталған зерттеуде өткен жылы осы қоғамдық індет бүкіл әлемде, соның ішінде Еуропаның демократиясы дамыған мемлекеттерін­де де өрши түскені атап көрсетілді. Мүмкін болған 100 балдың ­80-інен астамын жинаған елдер саны бұр­нағы жылғы 8-ден 5-ке дейін азайған. 2025 жылы СЖҚИ-дің әлемдік орташа көрсеткіші 42 балл болды. Бұл – кейінгі он жыл­дан аса уақыт ішіндегі ең тө­менгі баға. Тіпті сыбайлас жем­қор­лықты тізгіндеп, озық ондыққа кірген мемлекеттердің алтауы көрсеткіштерін төмендетіп алған. Мысалы, көптен бері көш бастап келе жатқан Данияның жинаған ұпайы 2024 жылғы 90 бал­дан 89 балға дейін азайған. Люксембургтікі 81-ден 78-ге дейін (3 балға), Жаңа Зеландиянікі 83-тен 81-ге дейін (2 балға), Швейца­рия­нікі 81-ден 80-ге дейін (1 балға), Аустралия мен Ирландиянікі ­77-ден 76-ға дейін (1 балға) кемі­ген. Ал Германия былтыр ­бұр­на­ғы жылмен салыстырғанда ­2 балды көп жинап, 77 балмен озық ондықтан орын алды. СЖҚИ-ді ­­1 балға төмендетіп алған дамыған ­елдер – Америка Құрама Штат­тары (64 балға дейін), Франция (66 балға дейін), Ұлыбритания ­ (70 балға дейін).

Зерттеу жүргізілген 182 елдің ең соңында қалған «ондықтың» ішінде бұрынғыша Оңтүстік Судан (9 балл, 181-орын), Сомали (9 балл, 181-орын), Венесуэла (10 балл, 180-орын), Йемен (13 балл, 177-орын), Ливия (13 балл,177-орын), Эритрея (13 балл, 177-орын), Судан (14 балл, 175-орын), Никарагуа (14 балл, 175-орын), Сирия (15 балл, 172-орын), Солтүстік Корея (15 балл, 172-орын), Экваторлық Гвинея (15 балл, 172-орын) бар.

Жемқорларға жазасы аса қа­таң саналатын көршілес Қытай бұрнағы жылы да, былтыр да 43 балл жинап, 76-орынды еншіледі. Бауырлас, тағдырлас елдерге кел­сек, Түркия 2024 жылмен салыс­тыр­ғанда 3 балл жоғалтып, 31 бал­мен 107-орыннан 124-орынға ше­гінді. Өзбекстан 1 балдан айыры­лып, 31 балмен 121-орыннан 124-орынға сырғыды. Әзербайжан көрсеткішін 8 балға жақсартып, 30 балмен 154-орыннан 130-орынға көтерілді. Түрікменстан бұрнағы жылғыдай 17 балл алғанымен, 164-орыннан 166-орынға төмендеді. Тәжікстан да бұрынғы көрсеткіші – 19 балмен 164-орыннан 166-орынға түсті.

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ішінде былтырдан бері көш бас­таған Армения былтыр 1 балды кем алып, 63-орыннан 65-орынға ауыс­ты. Қазақстан 2 балл жоғалтып, 38 балмен 88-орыннан 96-орынға төмендеді. Беларусь те 2 балдан айырылып, 31 балмен 114-орын­нан 124-орынға ығысты. Қырғызстан көрсеткішін 1 балға жақсартып, 26 балмен 146-орыннан 142-орын­ға көтерілді. Ресей бұрнағы жыл­ғы­­дай 22 балл жинағанымен, 154-орыннан 157-орынға түсті.

Бір айта кетерлік жайт – Trans­parency International өз зерт­­те­уінде сарапшылар мен биз­нес-қауымдастықтың пікіріне сүйен­генімен, қарапайым азаматтар­­дың көзқарасын ескермейді. Мыса­лы, оның біздің елдегі Сыбай­­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таратылып, Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы қыз­мет ретінде Ұлттық қауіпсіздік ко­ми­тетінің қарамағына беріл­ген­­дігі туралы сынымен біреу ке­ліссе, біреу келіспеуі мүмкін. Бұл шешімнің қаншалықты тиімді екенін уақыт көрсетеді. Сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдарды шетелдік қаржыландырудың қолжетімділігіне қатысты сын­ның негізділігі де күмәнді. Бұл ретте еліміздің қолданыстағы заң­намасында «шетелдік агент» ұғымы жоқ екенін де айтқан жөн. Сонымен қатар аталған ұйым­ның мемлекеттік сатып алу, ква­зимемлекеттік сектор, жер қой­науын пайдалану және ірі ин­вестициялық жобалар бойынша мемлекеттік шешімдердің ашықтығын күшейту, журна­лис­тердің қауіпсіздігіне кепілдік беру, қоғамның билікті бақылау­ға қатысуын қамтамасыз ету, ак­тив­терді қайтару үдерісін және олардың сомасы мен жұмсалуын мүмкіндігінше ашық ету туралы ұсыныстары назар аударарлық­тай.

Шынтуайтында, елімізде жемқорлыққа қарсы күрес бо­йынша нақты да жүйелі шаралар қабылданып, тиісті нәтижесін беріп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес сот арқылы жемқорлардан алынған қаражат есебінен кейінгі 3 жылдың ішінде 89 мектептің құрылысына 150 млрд теңгеден аса қаржы бөлінгендігі – соның айғағы.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне қарағанда, мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы сыбайлас жемқорлық және өзге де қылмыстық құқық­бұзушылық саны өткен жылы 976 болған. Бұл бұрнағы жылғымен салыстырғанда 23,1 пайызға аз.

Сыбайлас жемқорлық факті­ле­рінің саны Абай облысында ­2024 жыл­ғы 58-ден былтыр 12-ге дейін (79,3 пайызға), Ұлытау облысында 24-тен 9-ға дейін (62,5 пайызға), Павлодар облысында 56-дан ­22-ге дейін (60,7 пайызға), Ақмола облысында 31-ден 14-ке дейін ­(54,8 па­йызға), Солтүстік Қазақстан ­облы­сында 33-тен 15-ке дейін ­(54,5 па­йызға), Батыс Қазақстан ­облы­сында 45-тен 24-ке дейін ­(46,7 пайызға) азайған.

Өкінішке қарай, бірқатар өңірде тіркелген сыбайлас жем­қорлық саны көбейген. Қостанай облысында бұрнағы жылғы 36-дан былтыр 54-ке дейін (50 пайыз­ға), Ақтөбе облысында 46-дан 65-ке дейін (41,3 пайызға), Қызылорда облысында 32-ден 37-ге дейін ­(15,6 пайызға), Алматы қаласында 105-тен 113-ке дейін (7,6 пайызға), Маңғыстау облысында 28-ден 30-ға дейін (7,1 пайызға) ұлғайған. Ал жемқорлықтың көптігі жөні­нен жылдағыша Астана қаласы «бәйге» бермей тұр. Былтыр елордада осы қылмыс саны 45,4 пайызға азайғанымен, 124-ке дейін ғана азайды. Жең ұшынан жал­ғасушылық Алматы облысында 27,4 пайызға төмендегенмен, 53, Түркістан облысында 42,2 пайызға кемі­генімен, 48 болды.

Жалпы, елімізде сыбайлас жем­қор­лық санының жылдан-жыл­ға азаю үрдісі байқалып отыр. Мем­ле­кеттік органдардың әртүрлі құқық­бұзушылыққа жол берген мем­лекеттік қызметшілерінің саны да өткен жылы 431-ге дейін, яғни 36,7 пайызға кеміген. Алайда Ұлт­тық қауіпсіздік комитетінің әр­түрлі заң бұзушылыққа ұрын­ған қыз­меткерлер саны бұр­на­ғы жылғымен салыстырған­да 16-дан 53-ке дейін (231,3 пайыз­ға) кө­бейген. Заң бұзған эко­номика­лық тергеп-тексеру қыз­метінің қыз­меткерлерінің саны 4-тен 12-ге дейін (200 пайызға), әскери қыз­мет­шілер 15-тен 42-ге дейін (180 пайызға), әкімдер 4-тен 10-ға дейін (150 пайызға), прокуратура қыз­меткерлері 6-дан 8-ге дейін (33,3 пайызға) ұлғайған. Осын­дай кем­шіліктер мемлекеттік ор­гандардан өз қатарларында тәртіп орнату және жемқорлыққа қарсы күрес жұмыс­тарын күшейтуді талап етеді.

Соңғы жаңалықтар