Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Мысыр Араб Республикасының баруға ұсынылмайтын мемлекеттер тізімінен шығарылғанын хабарлайды. Бұл шешім аталған елдегі қазіргі жағдайды, сондай-ақ азаматтық инфрақұрылымның, оның ішінде халықаралық әуежайлар мен туристік аймақтардың жұмыс істеу жағдайларын ескере отырып қабылданды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министрліктің мәліметінше, Таяу Шығыстағы ахуалдың әлі де шиеленісті болып қалуына, сондай-ақ өңірдің бірқатар мемлекеттерінде әуе кеңістігінің мезгіл-мезгіл жабылуына байланысты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі келесі елдерге жағдайдың толық тұрақтануына дейін сапарлардан бас тарту жөніндегі ұсынымдарын сақтайды: Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері, Израиль, Йемен, Иордания, Ирак, Иран, Қатар, Сауд Арабиясы Корольдігі, Кувейт, Ливан, Оман және Сирия.
«Өңірде жүрген Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке қауіпсіздік шараларын күшейту, ықтимал қауіпті аймақтарға барудан бас тарту, жергілікті билік органдарының нұсқауларын қатаң сақтау, соның ішінде зымырандық қауіп туындаған жағдайда дереу баспаналарға (қорғаныс орындарына) бару керек екенін еске саламыз», делінген хабарламада.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерімен, туроператорлармен және әуе тасымалдаушыларымен тұрақты байланыста болу қажеттігі тағы айтылды.
Еске сала кетейік, Израиль 28 ақпанда таңертең Иранға соққы жасады. Дубай, Абу-Даби және Рас-эль-Хаймада жүрген Қазақстан азаматтары рейстердің тоқтатылуына байланысты елге қайта алмай қалған. Ал «Қазпошта» Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты халықаралық пошта жөнелтілімдеріне уақытша шектеулер қойылғанын мәлімдеді.
Бұған дейін Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан 13 рейс тоқтатылғанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына байланысты Қазақстанның шет елдердегі мекемелерінің жедел байланыс және «жедел желі» нөмірлерінің іске қосылғаны хабарланған еді.
Таяу Шығыстан азаматтарды елге қайтару үшін қанша қаражат жұмсалды?