Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пара биатлоннан Миланда өткен қысқы Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитовпен және оның жаттықтырушыларымен кездесті. Кездесу барысында министр отандық спорт саласына қосқан елеулі үлесі мен халықаралық аренадағы жоғары жетістіктері үшін Ербол Хамитовқа «Еңбек сіңірген спорт шебері» атағын табыстады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ербол Хамитов – Қазақстанның пара спортындағы әлемдік деңгейдегі жетекші спортшыларының бірі. Оның басты ерекшелігі – әмбебаптығы. Ол пара шаңғы жарысы мен пара биатлонда бірдей жоғары нәтижелер көрсетіп, төзімділік, дәлдік және тактикалық шеберлікті шебер үйлестіреді. Сонымен қатар ол пара биатлоннан Әлем кубогінің жалпы есебінде жеңіске жетіп, Хрусталь глобусты иеленген Қазақстан тарихындағы алғашқы спортшы атанды.
Жуырда Италияның Милан-Кортина қалаларында өткен XIV қысқы Паралимпиадада Ербол Хамитов пара биатлоннан алтын, ал пара шаңғы жарысынан қола медаль жеңіп, ел қоржынына зор үлес қосты.
Сонымен қатар министр Ербол Хамитовтың жаттықтырушылары – Аслан Тоқбаев, Василий Коломиец және Антон Ждановичті Құрмет грамотасымен марапаттады.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін Мемлекет басшысы Ербол Хамитовқа ІІІ дәрежелі «Барыс» орденін табыстаған болатын. Ал Василий Коломиец пен Антон Жданович «Парасат» орденімен, Аслан Тоқбаев «Құрмет» орденімен марапатталған.
Кездесу барысында Ербол Мырзабосынов мықты спортшылар мен кәсіби спорт менеджерлерін қолдаудың маңызын ерекше атап өтті. Өйткені олардың жетістіктері Қазақстанның халықаралық деңгейдегі беделін арттыруға зор үлес қосады.
Жанкүйерлер Ербол Хамитовты әуежайда салтанатты түрде қарсы алды
Айта кетейік, елімізде пара спорттың 19 түрі қарқынды дамып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 66 159 мүмкіндігі шектеулі азамат жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен айналысады. Қазіргі таңда республикада мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған Республикалық спорттық даярлау орталығы, 16 спорт клубы, Алматы облысында спортты дамыту дирекциясы және 2 арнайы спорт мектебі жұмыс істейді.