Астанада 23 жастағы тұрғын алаяқтық және жалған ақпарат тарату күдігімен ұсталды. Ол әлеуметтік желіде шындыққа жанаспайтын оқиға жариялап, көпшілікті адастырған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Атап айтқанда, Threads платформасында белгісіз аккаунт арқылы бір қолданушы әскерде қызмет еткен кезінде жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын мәлімдеген. Жазбада ол бір жыл бұрын әскерден оралғанын, алайда бастан өткерген ауыр жағдайды әлі күнге дейін ұмыта алмай жүргенін айтқан. Сондай-ақ, автор өз сөзінде әскери бөлімдегі командирі тарапынан қорқыту болғанын, қысым көрсетіліп, жыныстық сипаттағы әрекеттерге мәжбүрлегенін жазған.
Аса ірі мөлшердегі алаяқтық және жалған ақпарат: Алматыда Санжар Боқаев ұсталды
Бұл жазба желі қолданушылары арасында үлкен резонанс тудырып, көптеген пікірталасқа себеп болды. Көпшілік оқиғаға алаңдаушылық білдіріп, қолдау көрсеткен. Алайда жүргізілген тексеріс нәтижесінде бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтіні анықталған.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдікті азамат аталған оқиғаны әдейі ойдан шығарып, жалған мәлімет таратқан. Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Мамандар мұндай жағдайлар қоғамда негізсіз дүрбелең туғызып, азаматтарды адастыруы мүмкін екенін ескертеді. Сондықтан әлеуметтік желілерде тараған ақпараттың шынайылығына көз жеткізіп, тек ресми дереккөздерге сүйену маңызды.
Қостанайда терроризм актісі туралы жалған ақпарат берген жасөспірім жауапқа тартылды