• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Әдебиет Бүгін, 08:18

Тағдырын таныған таланттар

10 рет
көрсетілді

Әсілінде өлім ақиқат болға­нымен, оны тіршілік иесі әрқилы қабылдаса керек. Тағдырдың тау­сылмас тауқыметке толы бұралаң жолы ақындардың да өзегін ащы өксіктей тілгілейтіні даусыз. Тіршілігінде қара өлеңнің қайнарынан қанып ішкен сөз зергерлері де өлеңге өлім күйін енгізіп, жүрегіне ауыр жүк артқанын олар­дың есті поэзиясынан аңғарамыз. Әрине, әркімнің тағдыры әрқилы ғой.

«Өлім күйі – тәтті күй» дей­ді Мағжан. Бұл тармақ ажал апа­ны­ның сазына елтіген, өлім күйі­не балқыған жанның жарық жалған­мен байланысы үзілгендей күйге түсіреді.

«Қажыдым енді күш бітті,

Көңілсіз, салқын, күн бұлтты.

Жел бұйығып тербелед,

Әлдекімнің өлгенін,

Әңгіме ғып күңіренед,

Жел, күңіренбе, жасың тый,

Өлім күйі – тәтті күй», деген шумақ өн бойыңды шымырлатпай қоймайтыны анық. Тұңғиыққа толы тылсымнан тамыр тартқан тармақтар кісі жанын жабырқатпай қоймайды деп пайымдаймыз. Өлім ақиқат десек те, Мағжан­ның бұл шумағы шер теңізіне тарата түсетіні рас.

Отыз бірінде жарық жалғанмен қош айтысқан Бауыржан Үсеновтің ғажап жырлары ойлы оқырман жадында алтын қаріптермен сақталып қалғаны даусыз. «Бүйрек туралы жыр» деген шығармасы кімді де болсын толғандырмай қоймайтыны анық.

«Бір өксік алқымыма кеп тұрады,

Шулайды көңілімнің көк тұрағы.

Бұйығып бүйірімде бүлкілдеген,

Бүйрегім түбі мені жеп тынады»,

деген Бауыржан ақынның жырынан жанайқайы естіледі. Осы шумақты оқып отырып, ақынның ажалы неден келетінін сезгендей күй кешесің. Ерте жабысқан дерттің есіл ерді бақиға әкеткеніне қынжыласың.

Расында талантты төбеге көтеретін де, төменге түсіретін де – ортасы, қоғамы. Әрине, тағдыр дейміз, жазмыш дейміз, тағы бір анықтама табармыз. Қалай десек те, өн бойындағы талантын ашып көрсетпеген күйі қаншама дарын өзін жоғалтты десеңізші. Олардың маңдайына жазылған тауқыметін сезінудің өзі ауыр.

Он жасқа жетпей жатып-ақ «ғарыш тарту еткен талант» атан­ған, «құбылыс» ретінде бағаланған Ника Турбинаның келте ғұмыры қасіретке толы екені рас. Тоғыз жасын­да «Жизнь моя – черновик» деп шынында да асқан талант иесі ғана айтса керек.

Евтушенко төбесіне көтерген талант сол Женя көкесінің алқа­лауымен мұхит асты, Италияда қо­лын сермеп өлең оқыды. Осылай­ша, бала күнін­де шексіз бақытқа бөленді емес пе? Алайда қоға­мы шынашақтай қызды мазаққа айналдырған соң жаз­мыштың жазуымен 27 жасында фәни жалғанға қол бұлғады. Бірақ ол 12 жасында Анна Ахматовадан кейін «Алтын арыстан» сыйлығын иеленді.

«Жеңімпаздарды жеңемін деме,

Тағдыры оның бөлек тым.

Бәрін де ерте көремін деме,

Айтшы, мен кімге керекпін?

Жеңімпаздар расы жеңіле алмас,

Уақытша бір-ақ бәрі де»,

деген оның осы бір жырынан да жанұшыра айқайлаған ақынның соңғы серпілісі, ұмтылысы байқа­лады, өн-бойыңды мең-зең күйге түсіреді.

Жамбылдық жастар Тектұрмас қорымына жиі атбасын бұрады. Қабірстанға еріккеннен немесе зеріккеннен бармайды. Олар тағдырлы ақын Серік Томановтың рухына құран бағыштап жатады. Өйткені жамбылдық ақындарға Серік Томанов алдыңғы буын қаламгерлердің ешбірінен бір мысқал да кем емес. Содан да болса керек, кейінгі толқын Серіктің жырларымен сусындап өсті.

«Шаруа едім тірліктің көшіне ерген,

Таусап таттым жердегі несібемнен

Көп жыл болды мәңгілік ұйқыдамын,

Топырағым бұйырды осы жерден»,

деп басталатын ақынның «Эпитафия» деген өлеңіндегі осы бір шумақ басымызда шыңылдап тұрып алатыны ақиқат.

Қабірстандағы зираттар ішінен Серіктің құлпытасын жазбай танисың. Көксұр түсті құлпытас сонадайдан көзге оттай басылады. Таластың толқынымен тербеліп өлең жазған ақынның денесі де өзен арнасынан алыс кетпеген. Әудем жерде тайталасқа толы тіршілікпен жарысып Талас ағып барады.

«Ей, тірілер! Өмір жоқ өлім барда.

Тілегім сол: соқпасын жолың жарға,

Қу тірліктің бағасын білгің келсе,

Көз қырыңды салып қой қорымдарға»,

деген Серік ақынның ғажап жырлары жадымыздан өшпек емес. Тек оның өлеңдеріне көз қырымызды салып, жаңғыртып жүрміз бе деген жалғыз сұрақ жанымызды жегідей жейді. Өйткені Серік биыл 70 жасқа толды ғой.

Расында өлеңді ақын жанынан өрілген айрықша құбылыс, көңіл түкпірінен төгілген күй деп жатамыз. Бір-бірінен ойының салмағы да, жырының қуаты да бөлек таланттардың бес күн жалғанда тағдырдан опық жегені жанға батады. Әйткенмен, олар сыршыл, ойшыл өлеңдерімен жадымызда қала бермек. Ал өлім мен өмір арасындағы бес күн жалған ақындардың шығармашылығында әртүрлі сипатта әлі де көрініс табатыны анық. Өйткені өмір жалған болса, өлім – һақ. 

Соңғы жаңалықтар