• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 17:30

Тоқаев: Ғылыми әзірлемелерден ауыз толтырып айтарлық экономикалық әсер әзірге жоқ

60 рет
көрсетілді

Бүгін Мемлекет басшысы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылыми қоғамдастықпен кездесті. Президент ғылыми қауым алдында сөйлеген сөзінде ғылыми әзірлемелер елге нақты пайда әкелуі керектігін атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президенттің сөзінше, өкінішке қарай, бұл бұлжымас аксиоманы қайталауға тура келіп тұр.

«Ғылым қорына инновацияны ынталандыруға арналған жаңа құзыреттер берілді. Бірақ жұмыстың нәтижесі жоқ. Қордың қызметін қайта саралау қажет. Өзімізді алдаудың не қажеті бар? Ғылым бар сияқты, бірақ оның нақты пайдасын көрмей отырмыз. Маған үш мыңнан астам қолданбалы ғылыми жобаның тек 193-і ғана коммерцияландыруға лайық деп танылғаны, ал нарыққа бар-жоғы 29 жоба шыққаны баяндалды. Өкінішке қарай, индустрияға әсері, қайтарымы өте аз. Тағы бір келеңсіз жайт: заманауи өндіріс құруға бөлінген жер телімдері бос жатыр. Ал жұмысында олқылықтарға жол берген Ғылым қоры мемлекет қаржысын қайтармағаны өз алдына, тіпті, құқық қорғау органдарына да шағымданбаған. Ештеңе болмаған сияқты. Алайда құқық қорғау органдары грант ретінде алынған ақшаның кейін Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы мен Ғылым қоры қызметкерлеріне аударылғанын әшкереледі. Тексеріс нәтижесі бойынша 11 қылмыстық іс қозғалды», деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында шынайы құрметпен қарайтын ғылыми қызметкерлер туралы осындай ұятты деректерді ашық айту оңай емес екендігін тілге тек етті. «Бірақ Конституциядағы Заң мен тәртіп қағидаты ғылым қайраткерлеріне де қатысты. Ғылыми қоғамдастықтың абырой-беделіне нұқсан келтіретін осы жағымсыз жайт жауапкершіліктің болмауы, бақылаудың нашарлығы және процестерді цифрландырудың төмен деңгейі қайда әкеліп соғатынын анық көрсетті. Барлық ғылыми әзірлеме қолданбалы мәнге ие болуға тиіс. Экономиканың нақты секторларына белсенді енгізілуі керек. Әлбетте қазақ ғылымының дамуында сәтті мысалдар баршылық. Ауызды қу шөппен сүрте беруге болмайды. Бірақ шынайы табысқа жеткіміз келсе, сәтсіздіктерден сабақ алуымыз керек. Турасын айтқан жөн. Шындықты бұрмалауға түбегейлі қарсымын. Бірақ құр сөз бен мақтангершілікті жақтырмаймын», деді Мемлекет басшысы.

Президент: Цифрландыру мен жасанды интеллектінің дамуына баса мән беруіміз керек

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев инновациялық саясатты жүргізу құзыреті Ғылым және жоғары білім министрлігіне берілгенін, «Индустриялық PhD» мамандарын даярлау бағдарламасы іске қосылғанын, іргелі зерттеулерді тұрақты қаржыландыру тетігі енгізілгенін, сондай-ақ жетекші ғалымдарға еңбекақы төлеудің жаңа әдістемесі заң жүзінде бекітілгенін алға тартты. «Алайда қабылданып жатқан шараларға қарамастан, ғылыми әзірлемелерден ауыз толтырып айтарлық экономикалық әсер әзірге жоқ. Бұл жағдайдың себептерін анықтауымыз керек. Ғылым академиясы, тиісті институттар, ғалымдар мен бизнес-қоғамдастық осы тығырықтан шығаратын ұсыныс беруге тиіс. Басқаша айтқанда, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруды қолға алған жөн. Негізі, бұл әлдеқашан орындалуға тиіс міндеті еді. Бірақ ештен кеш жақсы. Стратегиялық мақсатымыз – ғылым мен инновацияға келетін инвестицияны еселеу. Бұл іске жеке кәсіпорындар мен кәсіпкерлер де атсалысуы қажет. Яғни, ғылым – жалпыхалықтық іс. Мәселені осылай төтесінен қоюмыз керек. Үкімет ғылымды басқарудың нәтижеге құрылған және бизнеспен серіктестікті дамытуды көздейтін тиімді моделін жасақтауы керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Еске сала кетейік, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жұмыс сапары аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми әлеуетімен танысты.
Соңғы жаңалықтар