• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Денсаулық Бүгін, 16:20

МӘМС жаңарады: Әр теңге науқасқа нақты жетуге тиіс

10 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектенов конституциялық реформа аясында және Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысында қойған міндеттеріне сәйкес, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп жазады Egemen.kz.

Кеңесті ашқан Премьер-министр жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституцияда мемлекеттің негізгі қағидаты ретінде адамға бағдарланған саясаттың бекітілгенін атап өтті. Бұл қабылданатын барлық  шешім ең алдымен азаматтар үшін нақты нәтижеге бағытталуы тиіс екенін білдіреді. 

Мемлекет басшысы айқындаған басым міндеттердің бірі – әлеуметтік саланы, оның ішінде денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту. Сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етіп, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыру қажет. 

«Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында ұлт денсаулығына бөлінетін қаражаттың жымқырылуын басты мәселе ретінде атап өтті. Ұлт саулығына бағытталған қаржының жымқырылуы – мүлдем ақылға сыймайтын жағдай. Осыған байланысты бірқатар жүйелі шешімдер қабылданды. Қор Қаржы министрлігінің қарамағына берілді. Бұл қолданыстағы олқылықтарды жоюға, жалған есептер мен құжаттарды бұрмалаудың алдын алуға және қатаң қаржылық бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бюджеттен бөлінетін әр теңгенің арнайы медициналық қызмет, дәрілік зат немесе медициналық құрылғы түрінде нақты азаматқа дейін жетуі алдағы жұмыстың негізгі қағидаты болуы тиіс. Барлық шығын толық ашық әрі олардың өз цифрлық ізі болуы қажет. Онсыз біз денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімді қамтамасыз ете алмаймыз. Қорды трансформациялау нәтижесінде тиімсіз шығындарды, ең алдымен дәрілік заттарды сатып алу саласында қысқарту; бюджеттік жоспарлауды неғұрлым дәлірек жүргізу және демографиялық өзгерістерді ескеру арқылы дәрі-дәрмек жеткізудегі іркілістер мәселесін шешу; процестерді автоматтандыруға көшу арқылы Қор құрылымын оңтайландыру сияқты мақсаттарға қол жеткізілуі тиіс», деп атап өтті Олжас Бектенов.

Қор Қаржы министрлігінің қарамағына берілген күннен бері атқарылған жұмыстар барысы қаралып, МӘМС жүйесін трансформациялаудың жаңа тәсілдері талқыланды. 

Премьер-министрге қаржы министрі Мәди Такиев қабылданып жатқан институционалды шаралар туралы баяндады. МӘМС жүйесі шеңберінде жыл сайын шамамен 3,4 трлн теңге қайта бөлінеді. Қаржы министрлігі қаражатты басқаруды оңтайландыруға және оның тиімділігін арттыруға, ерікті медициналық сақтандыру көлемін «көлеңкеден» шығаруға, халыққа медициналық көмектің үздіксіздігін қамтамасыз етуге бағытталған басқа да бірқатар заңға түзетулер әзірледі.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ басқарма төрағасы Гүлмира Сабденбек МӘМС жүйесіне жүргізілген талдау нәтижелері туралы баяндады. Біртұтас басқару үдерісінің жоқтығы және жұмыстардың науқас пен жалпы денсаулық сақтау жүйесінің түпкілікті нәтижелеріне емес, ең алдымен көрсетілген қызметтер көлеміне бағдарлануы басты мәселе екені атап өтілді.

МӘМС жүйесіндегі олқылықтардан кейін қорға жаңа басшы тағайындалды

Аталған мәселелерді шешу үшін Қор тарапынан соңғы 1,5 ай ішінде кешенді шаралар қабылданды. Атап айтқанда: 

Жүйенің шығыстары мен қаржылық міндеттемелері  құрылымын талдау негізінде қаржы ағындарын бақылау күшейтілді;

Медициналық көмек көлемін лимиттеу, медициналық қызметтерді төлеу және аванстау тәсілдері қайта қаралды;

Жоспарлау, мониторинг және сатып алуды қоса алғанда, негізгі қаржылық өкілеттіктерді орталықтандыру басталды;

Қордың ұйымдық құрылымы оңтайландырылды және алаяқтық әрекеттердің алдын алуға арналған бақылау контуры құрылды; 

Аномалиялар мен ауытқуларды анықтау мақсатында аналитикалық мониторинг жүйесіне ЖИ енгізу басталды; 

Қордың, Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктерінің, сондай-ақ медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялау жұмыстары жүргізілуде. 

Премьер-министрге операциялық қаржыландырудан стратегиялық әрі зияткерлік басқаруға көшу мақсатында әзірленген МӘМС 2.0 жаңа моделі таныстырылды. Жаңа архитектураға сәйкес, Қор тек қызметтерге ақы төлеумен шектелмей, бүкіл денсаулық сақтау жүйесінің дамуын болжау, бақылау, талдау жүргізу және оның тұрақтылығын қамтамасыз ету функцияларын да атқарады.

Реформаның төрт негізгі бағыты белгіленді, олардың ішінде:

Актуарлық басқару демографияны, ауру түрлерін  және медициналық технологиялардың дамуын ескере отырып, қаржылық міндеттемелердің жүзеге асуын ұзақмерзімді болжау тәсілін енгізуді көздейді. Бұл теңгерімсіздіктерді алдын ала анықтауға, қаржыландыру параметрлерін түзетуге және Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің ұзақмерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Тәуекелге бағдарланған модель бойынша еліміздің барлық медициналық ұйымдарын senim, baqylau, qauyp деген үш санатқа бөліп, олардың қызметін интегралды тәуекел-скоринг бойынша бағалау жоспарлануда. Адал медициналық қызмет көрсетушілер жеңілдетілген режимде жұмыс істей алады, ал бұрын заңбұзушылықтар анықталған ұйымдар күшейтілген бақылау мен аудитке алынады.

Цифрлық антифрод-қадағалау – бұл жалған тіркеулерді, қызметтердің қайталануын, негізсіз госпитализациялауды, көлемдердің жасанды өсуін және тағы да басқа жайттарды автоматты түрде анықтауға мүмкіндік беретін аналитикалық жүйе. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, ол денсаулық сақтау жүйесінің тиімсіз шығындарын орта есеппен 5-10%-ға төмендетеді.

Бірыңғай цифрлық архитектура жоспарлаудан бастап медициналық көмекке ақы төлеуге дейінгі қаржыландырудың барлық процестерін біріктіреді, онда ақша ағындары толық қадағаланады. Мұндағы негізгі элемент – цифрлық теңгені пайдалану. Қор «СК-Фармациямен» бірлесіп оны дәрілік заттарды сатып алу саласында қолдану бойынша жұмысты бастады.

Сондай-ақ Премьер-министрге МӘМС-тің жаңа архитектурасының технологиялық негізі және «цифрлық қалқаны» болып саналатын Qalqan жаңа цифрлық платформасының функционалдық мүмкіндіктері таныстырылды.

Ақпараттық-есепке алу орталығының басшысы Жанасыл Оспановтың айтуынша, платформа қаржыландыру процестерін толық цифрландыруды, медициналық ақпарат жүйелерімен (АЖ) интеграциялауды, барлық басқару шешімдерін талдамалық сүйемелдеуді және пациенттер мен клиникаларды қолдауды қамтамасыз етеді.

Мәселен, пациент деңгейінде Qalqan жүйесінде қызметтер, госпитализациялар, талдаулар, тағайындаулар, медициналық шығыстар, МӘМС, ТМККК бойынша шығындарды бөлу бойынша ақпарат жинақталады. Қазіргі уақытта бұл деректердің барлығы бытыраңқы, сол себепті пациент көп ретте өзіне қатысты ахуалдың толық сипатын көре алмайды. Qalqan пациенттің бірыңғай деректер тізбегін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар азаматтар сәйкессіздіктер туралы хабарлауға мүмкіндік алады. Бұл «халықтық бақылау» механизмін құруға мүмкіндік береді.

Ал медициналық мекемелер деңгейінде платформа ресурстар, инфрақұрылымдар, кадр тапшылығы, ауытқулар, қаржы сияқты және тағы да басқа мәліметтерді талдайды. Осы деректер негізінде тәуекелдерді кешенді түрде бағалай отырып, оларды жою бойынша ұсынымдарды автоматты түрде әзірлейді. Осылайша ол елдегі барлық медициналық ұйымдардың рейтингін кезең-кезеңімен қалыптастырады. Одан бөлек, Qalqan қолданыстағы шектеулер мен басымдықтарды ескере отырып, бюджетті үйлестіре басқаруды қамтамасыз етеді.

Қор сарапшыларының есептеулеріне сәйкес, енгізілетін инновациялардың әлеуетті экономикалық әсері 200 млрд теңгеден асады. Реформа медициналық қызметтерді қаржыландыру мен оның сапасының айқындығын және толық қадағалануын, медицина қызметкерлеріне түсетін жүктеменің төмендеуін қамтамасыз етеді, бұл өз кезегінде жалпы денсаулық сақтаудың бүкіл жүйесіне оң әсер етеді. 

МӘМС жарнасын жергілікті әкімдік кімдерге төлейді?

Кеңес қорытындысы бойынша Олжас Бектенов ұсынылған тәсілдерді мақұлдап, мемлекеттік органдар мен ведомстволарға бірқатар тапсырма берді.

Әділет, Ұлттық экономика және Денсаулық сақтау министрліктері осы жылдың 25 наурызына дейін Қор қызметін жетілдіру бойынша түзетулер енгізуі тиіс.

Қаржы министрлігі Денсаулық сақтау, Әділет, Ұлттық экономика министрліктерімен бірлесіп, биылғы 31 наурызға дейін мемлекеттің жыл сайынғы жарнасы мөлшерін республикалық бюджет қаражатынан алынған инвестициялық кіріс сомасынан аспайтын сомаға қысқарту бойынша, сондай-ақ ТМККК мен МӘМС-ті қаржыландыру үшін қордың жинақталған активтерін пайдалану жөнінде нақты ұсыныстар беруі қажет.

МӘМС қаржысын жымқырғандар сотталды

Ал Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен барлық өңір әкімдері, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі 2026 жылдың 15 сәуіріне дейін МӘМС және ТМККК шеңберінде қызмет көрсететін медициналық ұйымдардың Qalqan жүйесіне көшуін қамтамасыз етуі керек.

Соңғы жаңалықтар