2025 жылдың төртінші тоқсанында ел тұрғындарының шығын табыс өсімінен асып түсті. Халықтың тұтыну құрылымында азық-түлік негізгі орынды сақтап отыр, ал бірқатар өңірде несие төлемдері отбасы бюджетінің салмақты бөлігіне айналған, деп жазады Egemen.kz.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, өткен жылдың қазан-желтоқсан айларында жан басына шаққандағы орташа атаулы табыс 374,3 мың теңгені құраған. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9% жоғары. Табыс құрылымында ең үлкен үлес еңбек қызметіне тиесілі – 280,2 мың теңге (+8,7%).
Алайда шығын көлемі бұдан да жылдам өскен. Орта есеппен бір отандасымыз тоқсанына 338,4 мың теңге жұмсаған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,4% көп. Осылайша ай сайынғы шығыс шамамен 112,8 мың теңгеге жеткен.
Дәстүрлі түрде табыс деңгейі бойынша ірі қалалар алда. Ең жоғары көрсеткіштер Астанада – 528,4 мың теңге (+5%), Қарағандыда – 521,8 мың теңге (+13,9%) және Алматыда – 483,5 мың теңге (+3,4%).
Ал ең төмен табыс Түркістан (235 мың теңге) және Жамбыл (275,4 мың теңге) облыстарында тіркелген. Дегенмен бұл өңірлерде өсім қарқыны республикалық деңгейден жоғары – тиісінше 13,6% және 14,6%.
Ел тұрғындары табысының көп бөлігін азық-түлікке жұмсайды
Шығын құрылымы: Азық-түлік пен несиеОтбасы бюджетінің жартысынан астамы, нақтырақ айтқанда, азық-түлікке 177,2 мың теңге жұмсалған. Бұл шығын бір жылда 14,3%-ға өскен. Бағаның айтарлықтай қымбаттауы мына тауарларға тиесілі:
Ет – 58,9 мың теңге (+23,6%); Көкөніс пен жеміс-жидек – 25,2 мың теңге (+12%); Нан және жарма өнімдері – 23,6 мың теңге (+9,7%).Азық-түлікке жатпайтын тауарларға жұмсалған қаражат 72 мың теңгені құраған. Бұл көрсеткіш айтарлықтай өзгермегенімен, автокөлік пен жанармай сатып алу 8,7%-ға азайып, керісінше киім-кешекке сұраныс 5,4%-ға артқан.
Ақылы қызметтерге кететін шығын 8,3%-ға өсіп, 61,8 мың теңгеге жеткен. Негізгі өсім коммуналдық қызметтер мен байланыс тарифтерінің қымбаттауымен байланысты (+14,6%).
Тұтынушылық несие нарығындағы қауіп: Берешек көлемі неге өсуі мүмкін?
Несие жүктемесі өңірлерде әркелкіСарапшылар несие мен қарызды өтеуге ерекше назар аударды. Орта есеппен қазақстандықтар тоқсанына 20,6 мың теңгені осы мақсатқа жұмсаған, өткен жылмен салыстырған 8,4%-ға көп.
Өңірлер арасындағы айырмашылық айқын:
Ұлытау облысында көрсеткіш ең жоғары – 65,6 мың теңге (+17,3%); Қарағанды облысында – 43,4 мың теңге; Ақмола облысында – 39,1 мың теңге.Астанада бұл шығын 38 мың теңге болса, Алматыда небәрі 11 мың теңгені құраған (–21,7%). Ең төмен көрсеткіш Шымкентте тіркелген – 3,2 мың теңге, мұнда шығын көлемі 1,6 есеге азайған.
Ал Маңғыстау облысында керісінше, рекордтық өсім байқалды: бір жыл ішінде несие өтеуге жұмсалатын қаражат 20 есе артып, 394 теңгеден шамамен 8 мың теңгеге дейін жеткен.
Сарапшылардың пікірінше, табыс пен шығыс арасындағы бұл алшақтық халықтың жинақ ақша жинау мүмкіндігін шектеп, тұтынушылық несиеге тәуелділікті арттыруы мүмкін.