Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың «Реформалар мәні-6: Құбылмалы әлемдегі стратегиялық мүмкіндіктер» атты жаңа мақалада халықаралық қатынастардың жаһандық жүйесіндегі трансформацияға терең талдау жасалған. Қазіргі әлем бұрынғы әлемдік тәртіптің жүйелі дағдарысын бастан кешіріп, күштер теңгерімінің жаңа архитектурасының қалыптасу кезеңіне қадам басқаны атап өтіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Автордың айтуынша, жаһандық реттеудің бұрынғы тетіктері тиімділігін жоғалтуда. Қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге тиіс халықаралық институттар өршіп тұрған сын-қатерлер мен қақтығыстарға төтеп бере алмай отыр.
«Халықаралық бюрократия бірде-бір қақтығыстың алдын ала алмады, тараптарды одан әрі қарсыласуға итермелейтін дәрменсіз декларациялармен ғана шектелді», деді Мәулен Әшімбаев.
Мақалада атап көрсетілгендей, қазір жаһандық күштер теңгерімі қайта бөлініп, халықаралық қатынастардың жаңа парадигмасы қалыптасып жатыр. Бұл жерде әңгіме бұрынғы үстемдік моделінен түрлі күш орталықтарының өзара іс-қимылы мен бәсекелестігіне негізделген күрделірек жүйеге көшу туралы болып отыр.
Бұл трансформацияда геосаяси теңгерімнің жаңа конфигурациясы қалыптасып жатқан Еуразия құрлығы ерекше маңызға ие болып отыр. Мұндай жағдайда дербес және прагматикалық сыртқы саясат жүргізе алатын мемлекеттердің рөлі арта түспек.
Мәулен Әшімбаев: Мемлекет басшысының реформалары жалпыұлттық бірлікті талап етеді
Мақалада Қазақстанның геосаяси өсуі үшін қажетті алғышарттар – табиғи ресурстар, мықты адам капиталы және стратегиялық географиялық орналасуы әрдайым болғаны ерекше атап өтіледі. Алайда, ондаған жылдар бойы бұл факторлар «синергетикалық әсерсіз өз бетінше жұмыс істеп келді».
Автордың пікірінше, Қасым-Жомарт Тоқаевтың аталған ресурстарды біртұтас даму стратегиясына біріктіруге мүмкіндік берген жүйелі шешімдері бетбұрысты кезең болды.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың елді өңірдегі көшбасшы әрі маңызды тізбек ретінде мультиплекстік әлемнің жүйесіне кіріктіру жолында жасаған жүйелі қадамдары нағыз жетіспей тұрған элемент немесе синергияны іске қосқан кілт болды», деді Сенат Төрағасы.
Осылайша, автор әлемдік тәртіптің трансформациясы жағдайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары Қазақстанға жаңа шынайылыққа бейімделіп қана қоймай, Еуразия құрлығындағы жаңа күштер теңгерімін қалыптастырудың белсенді қатысушысы болуға мүмкіндік береді деген қорытынды жасайды.
Мәулен Әшімбаев: Референдум – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жарқын көрінісі