Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жаңа Конституция нормаларын жүзеге асыру жөніндегі шаралар қаралды. Үкімет басшысы алдымен бұл қадамның ел тарихындағы тағдыршешті кезең екенін атап өтті.
«Ең алдымен, барша отандас-тарымызды тарихымыздағы аса маңызды оқиға – жалпыхалықтық референдумда жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтаймын! Бұл – Қазақстанның заманауи тарихындағы ел тағдырын айқындайтын елеулі кезең. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен, қоғамның белсенді қолдауымен жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістер еліміздің кез келген сын-қатерлерге төтеп беруін қамтамасыз етеді. Ата заң саяси тұрақтылықты нығайтып, экономика мен қоғамның барлық саласын одан әрі жаңғыртуға жол ашады», деді О.Бектенов.
Жаңа Конституция бірлік пен әділдік, заң мен тәртіп сияқты негізгі құндылықтарды орнықтырып, ұлтымыздың ұзақмерзімді даму бағдарын айқындап, еліміздің саяси өміріне халықтың толыққанды қатысуына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына, адам капиталының, ғылым мен мәдениеттің, цифрлық ортаның сапалы дамуына, экологиялық қауіпсіздіктің сақталуына кепілдік беретіні атап өтілді. Сонымен қатар құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайту, заң көмегін алу құқығына және дербес деректердің қорғалуына кепілдік беру Негізгі заң деңгейінде бекітіліп отыр.
«Президент атап өткендей, жаңа Конституция елдігіміздің тірегі, егемендігіміз бен тәуелсіздігіміздің тұғыры болады. Ел азаматтары Мемлекет басшысының барлық бас-тамаларын қолдап, өз дауыстарымен нағыз отаншылдықтың үлгісін көрсетті. Бүгінде жаһан жұртының Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың көшбасшылығына, қабылданған Конституциямыздың прогрессивті сипатына куә болғанын көріп отырмыз. Бұл Қазақстанның жоғары беделі мен жүргізіліп жатқан реформалардың тиімділігін айқын білдіреді», деді Премьер-министр.
Үкімет реформаларды заңнамалық қамтамасыз ету бойынша Парламентпен бірлесіп, тез арада бірқатар заңдар мен заңға тәуелді актілерді жаңа Конституцияға сәйкес келтіруге тиіс. Атап айтқанда, 5 жаңа және қолданыстағы 8 конституциялық заңға, сондай-ақ 60-тан астам заңға, оның ішінде негізгі кодекстерге түзетулер енгізу керек.
Сөз барысында Премьер-министр Ата заңды жаппай басып шығаруды, оны қолжетімді электрондық платформаларда орналастыруды, білім саласына әдістемелік нұсқаулар мен оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеуді талап ететін Конституцияны ілгерілету бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекіту қажеттігіне назар аударды. Сондай-ақ еліміздің жаңа Конституциясы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысын күшейту қажеттігі айтылды.
Олжас Бектенов жаңа Конституцияда мемлекет пен қоғамның орнықты дамуына берік негіз болатын нормалар мен ережелер түгел қамтылғанын атап өтті.
Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жаңа Конституция аясында әлеуметтік мемлекеттің жаңа моделі қалыптасып жатқанын айтты. Оның сөзінше, енді әлеуметтік саясатта кепілдіктер жүйесімен қатар азаматтардың білімі мен дағдыларын дамытуға басымдық беріледі. Еңбек заңнамасы цифрлық экономиканың дамуына бейімделіп, қашықтан және платформалық жұмыспен қамту тетіктері енгізіледі. Сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау мен еңбекке тарту шаралары жалғасады. Денсаулық сақтау саласында мемлекет кепілдік берген медициналық көмектің көлемі сақталып, оны қаржыландыруға бюджеттен бөлек халықаралық ұйымдар мен ұлттық компаниялардың қаражаты тартылмақ. Сонымен қатар МӘМС жүйесінің рөлі күшейіп, бірыңғай базалық медициналық пакет арқылы азаматтардың жоспарлы әрі күрделі медициналық қызметтерге қолжетімділігі кеңейеді.
Ал Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев жаңа Конституцияда азаматтардың дербес деректерін қорғау құқығы нақты бекітілгенін айтты. Оның сөзінше, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс, Қылмыстық кодекс, дербес деректер мен киберқауіпсіздікке қатысты заңдарға түзетулер енгізіліп, деректерді бүркемелеу, хэштеу сияқты заманауи қорғаныс құралдары қолданылады. Сондай-ақ мемлекеттік базалардан мәліметтерді жүктеуге шектеу қойылады. Бұдан бөлек, дербес деректер операторларының сыныпталған тізілімі мен сенімді шетелдік ақпарат алушылар тізімі құрылып, операторлар деректердің таралуы немесе өңдеудің басталуы туралы уәкілетті орган мен азаматтарға хабарлауға міндеттеледі. Сонымен қатар дербес деректердің жаппай таралғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіліп, әкімшілік айыппұл көлемін 5000 АЕК-ке дейін арттыру көзделіп отыр.
Жаңа Конституция нормаларын іске асыру аясында Алатау мен Астана қалаларына арналған ерекше құқықтық режімді белгілейтін заң жобалары әзірленіп жатыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндады. Вице-премьердің сөзінше, Алатауға «қарқынды даму қаласы» мәртебесі беріліп, инвестиция тарту, цифрлық активтер мен ұшқышсыз көлік бағыттары дамытылады. Ал Астана үшін қала құрылысы, көші-қон мен көлік салаларындағы басқару тетіктері нақтыланады. Алатау жөніндегі заң жобасының екінші оқылымы 27 наурызға, ал елорда мәртебесіне қатысты құжат сәуірдің соңына дейін Мәжіліске енгізілмек.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова еліміздің басты құқықтық құжатында білім, ғылым, инновация мен технологияны дамыту мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдығы ретінде бекітілгенін айтып, осыған сай білім беру мазмұны барлық деңгейде жаңартылатынын жеткізді. Оның сөзінше, бастауыш білімге дербес мәртебе беріліп, IT мен цифрлық құзыреттерді күшейтуге, іргелі ғылымдарды тереңдетуге, еңбек нарығына бейімделген дағдыларды дамытуға басымдық беріледі. Осыған орай 2026–2028 жылдары кезең-кезеңімен жаңа оқулықтар енгізіліп, 8–9 сыныптарда «Қазақстан географиясы» пәні қайта оқытылады. Ал техникалық және кәсіптік білім беруде дуалды оқыту тетігі күшейтілмек. Сонымен қатар тәрбие жұмысы «Адал Азамат» бағдарламасы, «Конституция негіздері», «Заң мен тәртіп» курстары мен экологиялық білім беру арқылы толықтырылады.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өзгерістер аясында білім беру енді тек әлеуметтік қызмет емес, экономикалық өсім мен инновациялық дамуды қамтамасыз ететін негізгі өндіргіш күшке айналатынын айтты. Бұл тәсіл университеттерді басқару жүйесіне, бюджеттік басымдықтарға, халықаралық әріптестікке әсер етіп, ғылымды қолдау ұлттық экономиканың стратегиялық бағыты ретінде қарастырылады. Сонымен қатар мемлекеттік тапсырыс экономиканың нақты сұранысына қарай бөлінетін болады. Министрдің сөзінше, келесі жылдан бастап жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингі іске қосылады. Рейтинг нәтижесіне қарай үздік университеттерге қосымша академиялық дербестік беріліп, кадр даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс сол көрсеткіштер негізінде орналастырылады.
Жаңа Ата заң арқылы экологиялық саясаттың негізгі бағыты алдын алу моделіне көшеді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтып берді. Енді ластанудың алдын алуға басымдық беріліп, кәсіпорындарға автоматтандырылған мониторинг енгізіледі. Кешенді экологиялық рұқсаттар жүйесі дамиды, қалдықтарды басқару жобаларын жеңілдікпен қаржыландыру жалғасады. Сонымен қатар 2035 жылға дейінгі биоалуантүрлілікті сақтау тұжырымдамасы қабылданып, 2 млрд ағаш отырғызу, қорғаныш орман белдеулерін құру және шөлейттенуге қарсы шаралар одан әрі жүзеге асады. Министр сондай-ақ «Таза Қазақстан» аясындағы жобалар мен «Қоршаған ортаның жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі», «Табиғат» платформалары арқылы саланы цифрландыру күшейетінін атап өтті.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жаңа Конституциядағы заң мен тәртіп қағидаттарын іске асыру аясында құқық бұзушылықтың алдын алу тетіктері күшейтілетінін айтты. Министрдің айтуынша, бұл жұмыс «Құқық бұзушылықтың профилактикасы туралы» жаңа заң негізінде жүргізіледі. Онда ерте әрекет етуге, қоғамды жұмылдыруға, кәмелетке толмағандар мен тұрмыстық зорлық құрбандарын қорғауға баса назар аударылады. Сонымен қатар құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласында жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді кеңінен қолданып, ұлттық бейнемониторинг жүйесі, бейне-талдау, жол қауіпсіздігі мен көші-қон бақылауын жаңғыру көзделген.
Ал Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев заңнаманы кезең-кезеңімен жаңарту жұмысы басталғанын хабарлады. Оның сөзінше, реформаның өзегіне адамға бағдарланған тәсіл алынып, осыған сәйкес «Миранда ережесін» Конституция деңгейінде бекіту, сот шешімінсіз тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға тыйым салу, дербес деректерді қорғауды күшейту мен аумақтық тұтастыққа қатысты жауапкершілікті нақтылау көзделеді. Сонымен қатар 5 дербес конституциялық заң әзірленіп, 8 конституциялық заң мен 60-тан аса заңға өзгеріс енгізу жоспарланып отыр.
Отырыс қорытындысында Олжас Бектенов жаңа Конституцияны іске асыру мақсатында барлық жауапты органдарға заңнаманы жедел бейімдеу, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту және салалық реформаларды нақты мерзімде орындау жөнінде тапсырма берді. Үкімет басшысы мемлекеттік органдар білім, денсаулық сақтау, еңбек, экология, цифрландыру, құқықтық тәртіп және заң шығару бағыттарында үйлесімді жұмыс жүргізіп, Президент Жарлығында белгілен-ген шараларды толық әрі жүйелі орындауы қажет екенін айтты.