• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Өнер Бүгін, 08:15

Өмір жұпарын сезіндірген өнер

20 рет
көрсетілді

Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінің Орталық көрме залында «Asia Art» шығармашылық бірлестігінің «Өмір жұпарын сезініп...» атты көрмесі ашылды. Еліміздің әр өңірінен келген қылқалам шеберлерін бір арнаға тоғыстырған тағылымды жоба заманауи бейнелеу өнеріндегі ұлттық болмыс пен рухани үндестікті әйгілейді.

Қылқалам арқылы ай­тылған ой мен бейне көбіне сөзбен жеткізе алмайтын терең мағынаны  ашып, көрерменнің жан дүниесіне әсер етеді. «Asia Art» шығармашылық бірлестігінің бұл көрмесі де дәл осындай рухани кеңістікті қалыптастырып, көрерменді өнер арқылы туған жердің болмысын жаңа қырынан тануға шақырады.

«Өмір жұпарын сезініп...» деген атауының өзі – адамның табиғатпен, туған топырақпен байланысын аңғартатын поэтикалық ишара. Экспозицияны аралаған көрермен бейнелерді ғана тамашалап қоймай, дала кеңістігінің тынысын сезінгендей әсерге бөленеді. Суретшілердің туындыларында еркіндік рухы, туған жерге іңкәрлік, өмірдің мәңгілік қозғалысы секілді терең философиялық тақырыптар көркем тілмен өрнектелген. Дала желінің сыбыры, жусан аңқы­ған кең сахараның иісі, асқақ таулардың айбыны – бәрі де көрме кеңістігінде бейнелі түрде тоғысып, көрерменді ой мен сезімнің ерекше әлеміне жетелейді.

Экспозиция мазмұны жағынан еліміздің көркем бейнесі арқылы жасалған рәміздік сапар іспетті. Кескіндеме, графика және мүсін өнері туындыларында ұшы-қиыры жоқ дала кеңістігі, асқар таулар мен көгілдір көкжиек, ұлттық киімдегі көшпелілердің әсерлі бейнелері мен киіздің табиғи жылуы көрініс табады. Әсіресе көшпелілер мәдениетінің эстетикалық коды – ою-өрнек, тұрмыстық заттар мен жоралғылық қимылдар заманауи көркемдік шешімдермен ұштасып, жаңа мазмұнға ие болған.

Көрмеге Астана, Алматы, Өскемен, Көкшетау, Павлодар мен Тараз қалаларынан келген 23 автордың туындылары қойылған. Олардың қатарында Ирина Оразбекова, Наталья Булгакова, Карина Битнер, Анет Абду, Альфия Сафи, Елена Панина, Елена Каркавина, Әлима Амангелді, Арина Зырянова, Мұрат Байжанов, Ольга Жаңабаева, Әлиасқар Мұсаев, Ксения Штырлова, Сәуле Жұмашева, Жанат Кошен, Зарина Нұрғалина, Алтынсара Бахи, Елена Фурса, Диана Шайхисламова, Алпамыс Кенбаев, Сарвар Накисбекова, Жарас Мамырбаев, Тимур Әділбаевтар бар. Әр сурет­ші өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленіп, қазақ даласының бай жазирасын түрлі көркемдік тәсіл арқылы ұсынады.

Ұсынылған туындылар стильдік тұрғыдан да алуан түрлі. Көрмеде романтизмнен бастап этно-символизмге дейінгі бағыттар тоғысып, әр автордың шығармашылық ізденісі мен дүниетанымы айқын көрінеді. Бірі дала кеңістігін лирикалық нәзіктікпен бейнелесе, енді бірі ұлттық архетиптер мен символдарға терең мән береді. Ал кейбір жұмыста дәстүр мен заманауи көркем ойдың синтезі байқалады. Мұның барлығы қазақ бейнелеу өнеріндегі жаңа ізденістер мен бағыттардың қалыптасып келе жатқанын аңғартады.

Суретшілер туындыларында халықтық тұрмыс бұйымдары, ұлттық киім үлгілері, көшпелі өмірдің ритуалдық элементтері кеңінен қолданылған. Осы арқы-лы авторлар көркем образ жасаумен ғана шектелмей, мәдени жадты сақтауға, ұлттық кодты жаңа­ша танытуға ұмтылады. Әрбір композициядағы ырғақ пен пластикалық шешім, түстердің үйлесімі – қазақ даласының философиясын сезіндіруге бағыт­талған көркем тәсілдер.

«Asia Art» шығармашылық бірлестігінің бұл жобасы – кәсіби шеберліктің көрінісі ғана емес, еліміздің өнерін кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды мәдени бастама ретінде де мәнді. Көрме қонақтары Шығыс мәдениетінің байлығы мен көркемдік дәстүрін сезініп қана қоймай, Азия өнерінің сан қырлы болмысы арқылы жеке рухани ассоциациялар әлеміне саяхат жасайды», дейді өнертанушылар.

Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық мәдениеттің мәні мен маңызы бұрынғыдан да арта түскені белгілі. Осындай көрмелер арқылы көрермен дәстүр мен заманауи өнердің өзара сабақтастығын сезініп, қазақ даласының рухани кеңістігімен қайта қауышады. «Өмір жұпарын сезініп...» көрмесі де – өмір мен өнердің үндестігін айшықтайтын, көрерменге туған жердің шексіз кеңдігін, табиғат пен адам арасындағы үйлесімді терең сезіндіретін ерекше мәдени оқиға.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар