Жаңа Конституцияның қабылдануына және референдумның сәтті өтуіне орай Мәжілістегі «Amanat» партиясы фракциясының жиыны өтті. Депутаттар дауыс беру нәтижесі азаматтардың тарихи таңдауына айналғанын, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалар бағытына деген қоғамның жан-жақты қолдауын растағанын атап өтті. Іс-шараға бейнеконференцбайланыс режімі арқылы өңірлік мәслихаттардағы партия фракциялары да қатысты.
Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов отандастарымыздың басым көпшілігі жаңа Конституцияны қолдағанын атап өтіп, барша азаматты осы жеңіспен құттықтады. Орталық референдум комиссиясының мәліметіне сәйкес, саяси науқанға қатысқан адамдардың 87,15%-ы жаңа Конституцияға дауыс берді. Оның айтуынша, мұндай жоғары нәтиже азаматтардың саяси мәдениетінің артқанын, олардың Әділетті Қазақстанды құруға деген ұмтылысын айқын көрсетеді.
«15 наурыз ел шежіресінде елеулі орын алған тарихи оқиға болды. Бұл – жұртымызды жұмылдырған, ұлтымызды ұйыстырған айтулы күн. Қуатты, Әділетті, прогрессивті Қазақстанды таңдаған күн. Ол – мемлекет дамуындағы жаңа кезеңнің басталуы. Референдум халқымыздың Президент реформаларына зор сенім артып отырғанын айқын көрсетті. Жаңа Ата заңда миллиондаған отандасымыздың талап-тілегі, үміт-сенімі көрініс тапты. Сондықтан жаңа Конституцияның қабылдануы – бүкіл халқымыздың жеңісі. Маңызды құжат елімізді тек биік белестерге, ұлы мұраттарға жетелей береді деп сенемін», деді ол.
Ерлан Қошанов жаңа Конституцияның қабылдануы мемлекетіміздегі түбегейлі өзгерістердің бастамасы екенін атап өтті. Енді жаңа Конституцияның әрбір бабы маңызды нормаға айналып, адамдардың игілігі жолында қызмет етуі үшін әлі де көп жұмыс атқару қажет. Бұл қоғамның барлық прогрессивті тобының күш-жігерін біріктіруді талап етеді, ал «Amanat» партиясы Президенттің саяси тірегі ретінде осы жұмыстың алдыңғы шебінде болуға тиіс. Сондай-ақ ол партия мүшелері Жалпыұлттық коалиция құрамында ауқымды түсіндіру жұмысын жүргізіп, еліміздің барлық өңіріне барғанын, адамдардың үміті мен тілегін жақсы білетінін және енді олардың толық орындалуы маңызды екенін атап өтті.
Жаңа Конституцияның қабылдануына орай, жиын барысында «Amanat» партиясының үндеуі де қабылданды. Құжат мәтінін партияның атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек оқып берді. Үндеуде 15 наурыз күні халық тарихи әрі саналы таңдау жасап, Президент
Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалар бағытына бұрын-соңды болмаған қолдау білдіргені аталып өтті. Бұл – азаматтар сенім артатын, күн сайын өз тиімділігін дәлелдеп, мемлекетті оң өзгерістерге жетелейтін бағыт. Сонымен қатар «Amanat» партиясы Мемлекет басшысының жетекшілігімен Ата заң нормаларын жүзеге асыру және өркендеген Қазақстан құру жолында өзінің барлық ресурсын – Парламент пен мәслихаттардағы фракцияларын, өңірлік филиалдар желісін, жастар және волонтерлер құрылымдарын жұмылдыратыны айтылды.
Отырыс барысында фракция депутаттары да сөз сөйледі. Ерлан Саиров геосаяси турбуленттілік пен тұрақсыздық жағдайында елімізге мемлекеттің тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік беретін жаңа Конституция қажет екенін айтты. Сергей Пономарев жаңа Конституция қоғамдық келісімді нығайтып, қоғамның этносаралық бірлігі сияқты негізгі гуманитарлық құндылықтарды сақтайтынын атап өтті. Нартай Сәрсенғалиев жаңа Конституцияны қолдау ісіндегі жастар қауымының белсенді рөліне назар аударды. Депутаттың айтуынша, белсенді жастар тұтас ел аумағында мыңдаған кездесу өткізді. Сондай-ақ ол Конституцияда волонтерлер қызметінің бекітілуі жастардың азаматтық белсенділігі артып келе жатқанын айқындайтынын атап өтті. Юлия Кучинская референдум қоғамдық пікірдің ауқымды көрінісіне айналып, отандастарымыздың саяси кемелдігі мен азаматтық жауапкершілігінің жоғары деңгейін байқатқанын мәлімдеді. Ал Еркін Әбіл пропорционалды сайлау жүйесін енгізу және партиялардың рөлін күшейту қадамы мазмұнды саяси бәсекелестікке жағдай жасайтынына тоқталды. Мұндай жағдайда сайлаушылар, ең алдымен, кандидаттың жеке тұлғасын емес, бағдарламасы мен ұсынған идеяларын бағалайды.