• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Наурызнама Бүгін, 08:45

Қарлығаш – құт-береке рәмізі

50 рет
көрсетілді

Республикалық «Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігінің игі шаралары туралы хабарлар кейінгі жылдары жиі естіліп жүр. Оның Солтүстік Қазақстанда өткізіліп жатқан шаралары да халықтың қызығушылығын тудырып, үнемі жұрттың аузында жүреді. Соның ішінде Наурызды жаңа форматта өткізуге арналған «Sen Bol Nauryz» іс-шарасының маңызы да зор.

Жоба әрбір қазақс­тан­дық­қа Наурыздың шынайы мәнін сезінуге, жыл басын дәстүрге сай қарсы алуға мүмкіндік бере­ді. Халықтың қар басқан қа­таң қыстан аман құтылғанда көте­ріл­ген көңіл күйі бұл мерекеде жаппай көрсетіледі. Мұнда жасанды сән-салтанат пен сыртқы жылтырақтар емес, мазмұн мен мән алдыңғы орынға қойылған. Қонақтар тек көрермен емес, мере­кенің барлық кезеңіне тікелей қатысушы болады. «Sen Bol Nauryz» деген тіркестің өзі «Сен де Наурыздың бір бөлшегі бол» деген мағынаны білдіреді.

«Қазақта  «өзіңді тап – өзегіңе орал» деген терең мағыналы сөз бар. Яғни өзіңді тауып, түп тамырыңа қайт дегенді білдіреді. Көп жыл бойы сырттан келген түрлі ағым мен философия ұлттық кодымызды әлсіретті. Қоғамда өз дәстүріміздің сан түрлі түсіндірмелері пайда болды. «Sen Bol Nauryz» идеясының басты мақсаты – бастауға оралу, ұлттық код пен бірегейлік төңірегінде қоғамды біріктіру. Біз ұмыт қалған құндылықтарды қайта жаңғыртып, оны заман талабына сай бейімдеп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуіміз керек», дейді «Сенімен болашақ» РҚБ құрылтайшысы Нұркен Асанов.

Биыл үшінші рет қолға алынған 14 наурыздағы кезекті шара «Сенімен болашақ» РҚБ Солтүстік Қазақстан облысындағы филиалының төрағасы Жанат Мұхамеджановтың ұйытқы бо­луымен Петропавлдың  «Green Park» саябағында өткі­зілді. Қатысушылар алдымен Наурыздың атқан таңын қуанышпен қарсы алып, осы күнге аман жеткендеріне қуанып, бір-бірін құттықтады. Жүздері бал-бұл жанған қатысушылар қары әлі кетпеген Қызылжардың таңғы қытымыр аязына да қара­май, өздерін қуанышты сезінді. 

Мұны жаңа рухани циклдің басталуын білдіретін ерекше сәт деп тану керек. Атқан жаңа таң – халықтың бірлігі мен ішкі жаңаруын меңзейді. Бағдарлама барысында отшашу да болды. Қонақтарға шашу шашылды. Бұл – ежелгі қазақ дәстүрі. Әрбір кәмпиттің ішінде «Сенімен Болашақ» бірлестігінен ізгі тілектер жасырылып, қаты­су­шы­лар оларды дауыстап оқиды. Осы рәміздік рәсім мерекеге жиналған адамдардың бірлігі мен таза ниетін көрсетеді.

Көп жыл бойы Наурыз мейрамын тойлау формалды сипат алып, оның терең мағынасы уақыт ағы­мында көмескіленіп қалған еді. Бұл жағдай халықтың көпғасырлық мәдениетінің бір бөлігінің жоғалуына қауіп төндірген. Алайда кейінгі жылдары елімізде ұлттық кодты жаң­­ғырту, рухани жаңару мен өзін­­дік сананы күшейту үрдісі қалып­тасып, Наурыз мерекесіне жаңаша көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік туды. 

Атқан таңды қарсы алған қатысу­шы­лар парктың ішіне шыршалар отырғызды. Шыр­шаны қыста отырғызудың да өзіндік әдіс-тәсілдері бар. Егер шұқыршақты алдын-ала қазып қойса, оның іші қатып қалады. Сондықтан шыршаны тек жаңадан қазылған шұңқырға орналастырады. Сонда тамыр күш алып, жылы күндер басталғанда жайнап шыға келеді. «Сенімен болашақтың» жас­тары осыны зерттеп келген тәрізді, шыршаны жаңа ғана қазылған шұқыршаққа отырғызып, ылғалдану үшін жылы су құйды...

Қоғамдық бірлестіктің Қызыл­жар­ға келген мүшелері мұның алдында «Абылай ханның рези­денция­сы» мұражайында, М.Жұмабаев орталығында болып, қаланы аралады. Сонымен қатар семинар-тренингтер мен стра­те­гиялық сессиялар ұйымдас­тырмақшы. 

Мерекелік бағдарламаның тағы бір үлгі тұтарлық элементі – еңбек шеберханасы. Мұнда қатысушылар балаларымен бірге қолөнер түр­ле­рін жасап, уақытты пайдалы өткізеді. Бұл – бірлескен еңбек арқы­лы тәрбиелеудің тиімді тәсілі. Одан кейін қонақтарды «Koje Time – Наурыз» көжені бірге дайындау рәсімі күтеді. Жеті түрлі дәм бір қазанға біріктіріліп, үйлесім тапқанда, әртүрлі көзқарастағы адамдар да ортақ іске жұмылады.

Мерекенің ең әсерлі сәттерінің бірі – «Анаға тағзым» рәсімі. Қонақтар ата-анасына алғыс айтып, ақсақалдардың батасын алады. Бұл – үлкенге құрмет пен ұрпақ сабақтастығын дәріптейтін терең мағыналы дәстүр.

Сондай-ақ ұйымдас­ты­ру­шылар мерекенің нышанына, формасына және түстеріне де ерекше мән береді. Сол себепті іс-шараның басты рәмізіне – қарлығаш алынған. Бұл қасиетті құс ежелден Наурыздың, жаңару мен көктемнің жаршысы саналады. Қазақ мәдениетінде ол отбасы мен шаңырақты қорғаушы киелі құс ретінде құрметтеледі. Нау­рызда қарлығаштың келуі – қуа­ныштың белгісі. Халық сенімінде кейде марқұм ата-бабаның жаны қарлығаш бейнесінде үйді қорғайды деп айтылады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар