Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен инфляцияны тұрақтандыру жөніндегі кезекті кеңесте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін сатуға жүргізілген мемлекеттік бақылаудың нәтижелері қаралды, деп жазады Egemen.kz.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, жыл басынан бері 2 мыңнан астам электронды шот-фактураны талдау нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін қолдану талаптарын бұзу бойынша 631 дерек анықталған. Тек ақпан айының өзінде электронды шот-фактуралар бойынша 760-тан астам тәуекел тіркелген.
Дәрігерлер ЖИ көмегімен инсульт пен онкологиялық ауруларды ерте анықтап жатыр
«Қазір біз жасанды интеллект көмегімен сауда үстемесінің шекті мөлшерден асуы фактілерін ғана емес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бойынша жасалатын сауда мәмілелерінің санын да талдап отырмыз. Мәселен, егер бір күн ішінде бір тауар бойынша бірнеше мәміле жасалса, олардың жалған болу ықтималдығы жоғары. Наурыз айының алғашқы жартысының өзінде тиімсіз делдалдарға қатысты 56 әкімшілік іс тіркеліп, тиісті мемлекеттік органдарға жолданды», деді Айжан Бижанова.
Жалпы алғанда, наурыз айының басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының орташа өсу индексі – 0,2% болды. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен төмен.
Сауда және интеграция министрлігі сүт өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында Табиғи монополияларды реттеу комитеті, Азық-түлік корпорациясы, Ауыл шаруашылығы министрлігі және Қазақстан Теміржолы ұлттық компаниясымен бірлесіп, саланы қолдауға бағытталған кешенді шараларды пысықтап жатыр. Көкөніс бағасының маусымдық өсуін тежеу үшін ерте пісетін өнімдерді импорттауға арналған «жасыл дәліз» енгізілген. Сонымен қатар оларды кедендік бажсыз әкелу мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.
Қазақстанда ЖИ-ді дамытуға арналған 200-ден астам датасет ашылды
Сондай-ақ Наурыз мерекесіне орай республика бойынша 200-ден астам жәрмеңке өткізу жоспарланған. Сонымен қатар 13-23 наурыз аралығында сауда үйлері мен сауда орталықтарында Nauryz Sale акциясы ұйымдастырылып жатыр.
Жиында Алматы облысындағы азық-түлік инфляциясының жағдайы қаралды. Бұл өңір баға өсімі бойынша аймақтар арасында төртінші орында тұр. Мұнда 21 тауар позициясы бойынша баға өскен, оның 18-і бойынша көрсеткіш елдегі орташа деңгейден жоғары.
Вице-премьер Серік Жұманғарин Алматы облысы әкімі орынбасарының бағаны тұрақтандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар мен ұсыныстарын тыңдады. Ол азық-түлік инфляциясын тұрақтандыру ең алдымен өңірлердің жүйелі әрі нақты жұмысына байланысты екенін атап өтті. Өңірлер жергілікті өндірушілермен және жеткізушілермен тығыз байланыста жұмыс істеп, туындаған мәселелерді жедел шешу арқылы халық үшін бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуі тиіс екенін айтты.