Италияның бас шаһары Римде WKF каратэден 2026 жылғы екінші Премьер-лига додасы аяқталды. Беделді жарыста Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте 3-орынға табан тіреді, деп жазады Egemen.kz.
Ұлттық құрама көшбасшысы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцева (68 келіден жоғары) финалда англиялық Рошель Уолтерсті 2-1 есебімен жеңіп, қатарынан екінші Премьер-лига турнирінде чемпион атанды. С. Берульцева ақпан айында өткен Ыстанбұлдағы турнирде де алтыннан алқа таққаны мәлім.
Кумите бағдарламасында күміс медальді Әсел Қанай (61 келі) жеңіп алды. Финалда ол жапониялық Сарара Шимадаға есе жіберді. Ал 18 жастағы Мирас Әбдіқадыр (60 келі) Премьер-лига санатындағы алғашқы турнирінде үздік үштікке енді. Никита Тарнакин (84 келі) де үздік бестіктен көрінді.
Азия додасында жеңіске жеткен каратэшілер сыйақы алды
Жалпыкомандалық есеп бойынша үздік үштік келесідей:1. Жапония – 3 алтын, 2 күміс, 3 қола2. Италия – 1 алтын, 1 күміс, 6 қола3. Қазақстан – 1 алтын, 1 күміс, 1 қола
Италиядағы турнирде ката мен кумите бағдарламасында 66 мемлекеттен 384 спортшы бақ сынады. Алдағы Премьер-лига додасы сәуір айында Қытайда өтеді.
Қарағандылық каратэшілер әлем чемпионатында екі алтын медаль жеңіп алды