• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Референдум Бүгін, 08:50

Бірліктің жоғары көрсеткіші

20 рет
көрсетілді

Елімізде жаңа Конституция жобасын қабылдау мәселесі бойынша референдум аяқталды. Орталық референдум комиссиясы ұсынған алдын ала деректерге сәйкес, ел халқының 73,24 пайызы дауыс берді. Сарапшылардың айтуын­ша, бұл – жоғары көрсеткіш. Ел халқы маңызды үдеріске бейжай қарамай, жауапкершілік танытып, белсенді болды.

Референдум таңғы сағат 07.00-де басталды. Орталық референдум комиссиясы күні бойы екі сағат сайын брифинг өткізіп, халықтың дауыс беру қарқынын хабарлап отырды. Мәселен, ОРК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының комиссиялары ұсынған ақпаратқа сәйкес, сағат 07.00-де өңірлерде 10 388 учаске дауыс беруге кіріскенін мәлімдеді.

– 92 учаскеде аумақтық комиссия­лардың қабылдаған шешімдеріне сәйкес дауыс беру таңғы сағат 06.00-де басталды. Тізімдерге 12 461 796 азамат енгізілді. Учаскелік комиссиялар азаматтардың жазбаша өтініштері бойынша дауыс беру құқығын беретін барлығы 17 514 есептен шығару куәлігін берді. Республикада 10 388 дауыс беру учаскесі бар, – деді М.Ерман.

Үш сағаттың ішінде (сағат 10.00-дегі жағдай бойынша) елде 2 393 844 азамат дауыс берді. Орталық референдум комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндіктің мәліметіне сәйкес бұл көрсеткіш тізімге енген азаматтардың 19,21 пайызын құрады. Таңғы уақытта дауыс бергендердің арасында Қарағанды облысының халқы белсенділік танытты, сағат 7.00-10.00 аралығында қарағандылықтардың 26,64 пайызы дауыс беріп үлгерген. Одан кейін Қызылорда облысы – 24,02, Түркістан облысы 21,21 пайызбен көш бастады. Ал Павлодар (16,36 пайыз) мен Абай (17,98 пайыз) облыстары тұрғындарының белсенділігі төмен болды. Сондай-ақ Алматы қаласының халқы өзге мегаполистермен салыстырғанда әдеттегідей ең төменгі көрсеткішке ие болды, 9,54 пайыз. Астана қаласы – 20,68, Шымкент қаласы 21,36 пайызды көрсеткен.

Түскі сағат 12.00-де ОРК мүшесі Әсел Жанәбілова 4 677 595 азаматтың дауыс бергенін мәлімдеді, бұл жалпы референдумға қатысушы халықтың 37,54 пайызын құрады. ОРК мүшесінің айтуынша, азаматтардың уақытша болу орындарындағы 106 учаскеде дауыс беру аяқталды.

Бұл уақытта Ақтөбе облысының тұрғындары 45,37 пайыздық көрсеткіш­пен көш бастады. Абай, Ақмола, Алматы, Атырау, Жетісу, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан, Солтүстік пен Шығыс Қазақстан облыстарының да белсенділік көрсеткіші 40 пайыздан, ал Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Ұлытау өңірлерінің көрсеткіші 30 пайыздан асты. Алматы қаласының көрсеткіші бес пайызға көтеріліп, 14,85 пайызды құрады. Елорда халқының дауыс беру көрсеткіші – 31,23, Шымкент қаласы 42,59 пайызға жетті.

Екі сағаттың ішінде жаңа Ата заң жобасын қабылдау бойынша референдумда дауыс берушілердің саны 6 471 378 адамға жетті. Брифингте Орталық референдум комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов 14.00-дегі жағдай бойын­ша 6 339 425 азамат бюллетень алып, дауыс беруші ел халқының жартысынан астамы (51,93 пайыз) таңдау жасағанын хабарлады.

– «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 31-бабы 2-тармағына сәйкес егер референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі дауыс беруге қатысқан болса, референдум өткізілген деп саналады, – деді комиссия мүшесі Ш.Өтемісов. Еске салсақ, жалпы референдумға қатысуға 12 461 796 адамның құқығы бар.

Ал сағат 16.00-ге дейін 8 млн-нан сәл астам адам дауыс берді. Орталық референдум комиссиясының мүшесі Әсел Жанәбілова: «8 029 286 азамат бюллетень алды. Бұл тізімге енгізілген азаматтардың 64,43 пайызын құрады», деп мәлімдеді. Бұл уақытта да облыс халқының белсенділігі жоғары болды. Мәселен, Қызылорда облысы бойынша – 82,02, Ақтөбе облысы – 77,65, Қостанай облысы – 70,96, Алматы облысы – 68,23, Батыс Қазақстан облысы – 60,61, Атырау облысы бойынша 64,33 пайызға жетті.

Ал басты мегаполистерде референ­думға тұрғындардың қатысуы әркелкі болды, Астана қаласында – 47,76, Алма­ты қаласында 28,16 пайыз көрсеткіш тіркелді. Шымкент халқының 72,61 пайы­зы дауыс берді.

Сағат 18.00-де дауыс берушілердің саны 6 пайызға көтерілді. Орталық референдум комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісовтің хабарлауынша, ел бойынша дауыс берушілер саны шамамен 8 845 280 адамға жетіп 70,98 пайызды құрады. Қызылорда облысы тұрғындарының 91,80 пайызы саяси іс-шараға қатысып, дауыс берді. Сондай-ақ 6 өңір (Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Түркістан, Шығыс Қазақстан) халқының қатысу көрсеткіші 80 пайыздан асып, осы референдумда белсенділік танытты.

20.00-де дауыс беру аяқталып, референдум учаскелері жұмысын тоқтатты. Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман: «Учаскелік комиссиялар дауыс­тарды санауға кірісті. Қолданыстағы заңдар нормаларына сәйкес референдум учаскелерiнде дауыстарды санау уақыты дауыстарды санау басталған сәттен бас­тап он екі сағаттан аспауға тиiс», деп мәлімдеді брифингте.

Осылайша, 9 126 850 ел азаматы (73,24 пайыз) бюллетень алып, дауыс берді. Дауыс беру басталғалы алда келе жатқан Қызылорда облысының сай­лаушылары көш басында болды – 93,04 пайыз. Астанада сайлаушылардың – 60,36, ал Шымкентте 75,82 пайызы қатысты. Оңтүстік астананың белсенділігі төмен болды, Алматы тұрғындарының 33,43 пайызы ғана дауыс беруге келді. 

Соңғы жаңалықтар