Қостанайда мүгедектігі бар азаматтар инновациялық технология көмегімен дауыс берді. Еліміздің санаулы өңірлерінде ғана қолға алынған қанатқақты жоба аясында №21 референдум учаскесінде есту, көру қабілеті нашар жандарға арналған цифрлық бұрыштар жұмыс істеп тұрды.
Учаске ғимараты меңіреу тыныштыққа тіл бітіріп, қараңғыны жарық ететін «ақылды» құрылғылармен жабдықталған. Жүріп-тұруы қиын жандардың кіріп-шығуына қажет жағдайдың бәрі қарастырылған. Учаске пандуспен, кіреберістегі тактильді көрсеткіштер, тактильді навигация құралдары, электрондық дыбыс бергіш аппаратпен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ көру қабілеті нашар жандарға бағыт-бағдар сілтейтін Брайль қарпімен жасалған трафереттер, аудио-нұсқаулықтар қойылған. Бір бұрышта үлкейткіш әйнек, қосымша жарық көздері, дыбыс ұлғайтқыш қондырғылар қосылған. Компьютерден Конституция жобасы туралы қажетті ақпарат алуға болады. Дауыс беру кабинасына дейін дыбыстық қондырғы орнатылған. Шымылдығы ашылса, екі тілде сөйлеп қоя береді.
Жалпы, аталған учаскеде дауыс беру құқына ие 2 356 адам тіркелген. Оның ішінде есту қабілеті нашар – 5, көру қабілеті төмен – 12, арбаға таңылған 4 азамат бар.
«Бұған қоса, көру қабілеті нашар адамдарға арнайы маяктар орнатылған. Тактильді көрсеткіштердің ерекшелігі, учаскеге келген мүмкіндігі шектеулі адам құрылғыны саусағымен оқып, референдум комиссиясының қайда отырғанын, бюлеттеньді қайдан алу керегін бірден түсінеді. Сондай-ақ дауыс беру кабинасы мен дауыс беру жәшігін де ешкімнің көмегінсіз өзі таба алады. Бұған қоса, арбаға таңылған жандар үшін бастырма нүктесі бар арнайы көтергіш құрылғы орнатылды. Азамат нүктені басып, көтергішке мініп ғимаратқа енеді. Одан әрі кіреберісте тұрған комиссия мүшесі оны дауыс беру залына дейін жеткізеді. Сонымен қатар есту қабілеті нашар азаматтарға арналған индукциялық ілмек бар. Бұл құралдың көмегімен комиссия мүшелері дауыс берушімен еш кедергісіз түсінісе алады. Әдетте, мұндай азаматтар үнемі арнайы есту аппаратын тағып жүреді. Ал микрофон таққан комиссия мүшесі айтқан әрбір сөз сол арнайы құрылғыға блютуз арқылы жетіп отырады. Осылайша, екеуі еш кедергісіз оп-оңай түсініседі», дейді учаскелік референдум комиссиясының төрағасы Бауыржан Қажиақбаров.
Инклюзивті дауыс беру учаскесі үш түсті аймаққа бөлінген. Бірінші аймақ сары түсті бояумен қоршалған. Сары түс көзі нашар көретіндердің дауыс беру залын жазбай тауып баруына көмектеседі. Зағип жан көк түспен қоршалған аймақтан бюллетень алатынын, ал жасыл аймақ дауыс беруге арналған алаң екенін бірден түсінеді.
Көру қабілетінен айырылған Александр Пряхиннің айтуынша, аталған сайлау учаскесі мүгедектігі бар жандардың маңызды оқиғадан шет қалып қоймауына септігін тигізеді.
«Мен бұған дейінгі сайлау, референдумдарда үйде отырып дауыс беретінмін. Комиссия мүшелері жәшіктерін көтеріп өздері келетін. Бүгін елден қалмай көпшілікпен бірге дауыс беруге келіп тұрмын. Учаскелік комиссия жіберген инватаксимен жеттім. Ел болашағы үшін аса маңызды тарихи оқиғадан тыс қалдырмай, бізді де елеп-ескеріп бар жағдайды жасап қойған. Бүгін еліміздің жарқын болашағы үшін, өзім сияқты мүмкіндігі шектеулі жандардың жақсы өмір сүруі үшін дауыс бердім», дейді А.Пряхин.
Қостанай облысында 717 референдум учаскесі жұмыс істеді. Өңірде 536 824 азамат дауыс беру құқығына ие. Маңызды науқанға тұрғындардың аса белсенді атсалысқанын да айта кету керек. Учаскелер ашылған сәттен бастап кешке дейін қоғамдық көліктер де тоқтаусыз тегін жүріп тұрды.
Қостанай облысы