• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ата заң Бүгін, 17:50

Алтынбек Нухұлы: Адами капитал – конституциялық жаңарудың өзегі

10 рет
көрсетілді

Конституция – мемлекеттің саяси-құқықтық негізі ғана емес, оның болашаққа деген көзқарасын айқындайтын аса маңызды құжат. Сондықтан қолданыстағы және жаңа Конституцияның жобасындағы ғылым мен білімнің орнын салыстыра саралау – уақыт талабы. Бұл мемлекеттің интеллектуалдық әлеуетке қаншалықты сенім артатынын анық көрсетеді.

Еліміздің ғылым мен инновацияға басымдық беруі – жаһандық өзгерістерге берілген дер кезіндегі орынды жауап. Бұл үрдіс адамзаттың цифрлық дәуірге өтуімен тығыз байланысты. Жасанды интеллект, үлкен деректер және инновациялық технология адамның өмір салтын түбегейлі өзгертіп жатыр. Бұл – тек технологиялық емес, өркениеттік бетбұрыс. Осындай кезеңде ғылымның рөлі бұрынғыдан да арта түседі.

Алайда бұл бағыт қолданыстағы Конституцияда жеткілікті деңгейде көрініс таппаған еді. Ғылым дербес құндылық ретінде емес, жанама сипатта ғана қамтылды. Бұл жағдай ғылымды мемлекеттік саясаттың орталық элементіне айналдыру қажеттігін көрсетті.

Конституциялық өзгерістер: Институционалдық жаңғырудың жаңа кезеңі

Жаңа Конституция осы олқылықтың орнын толтырады. Ғылым енді қосалқы сала емес, мемлекеттік саясаттың іргелі басымдығына айналады. Бұл өзгеріс преамбуладан-ақ байқалады. Яғни елдің болашағы білім, ғылым және зияткерлік құндылыққа негізделеді. Осылайша мемлекет даму философиясы индустриялық көзқарастан интеллектуалдық модельге көшіп отыр.

Бұл бағыттың қалыптасуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында айтылған басымдықтар негіз болды. Мәселен, 2021 жылғы Жолдауында «Ғылымды дамыту – біздің аса маңызды басымдығымыз» деп атап өтсе, 2023 жылғы Жолдауында «Біз мәдениетті, білімді және ғылымды өркендету арқылы ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек» деген нақты міндет қойды. Осы бастамалардың Ата заң деңгейінде бекітілуі ғылым мен білімнің маңызы мемлекет тарапынан ресми түрде танылғанын көрсетеді.

Ғылым мен зияткерлік меншікке арналған арнайы баптың енгізілуі – саяси-құқықтық тұрғыдан маңызды қадам. Бұл мемлекет ғылымды ұзақмерзімді даму факторы ретінде қабылдағанын айғақтайды. Мұндай тәжірибе дамыған елдерде қалыптасқанын көруге болады. Германия Федеративтік Республикасының Негізгі заңының 5-бабында ғылыми зерттеу, оқу және білім алу еркіндігі мен қауіпсіздігі Конституция деңгейінде кепілдендірілген. Испания Конституциясының 44-бабының 2-тармағы ғылымның қоғамдық мүдде үшін дамуы маңызды екені жазылған. Онда мемлекет ғылыми және ғылыми-техникалық зерттеулерді ілгерілетуді қолдайтыны нақты жеткізілген. Сол сияқты, Италия Конституциясының 9-бабында мемлекет мәдениет пен білімді қолдаумен шектелмей, ғылыми және техникалық зерттеулерді дамытуға да жауапты екені көрсетілген.

Шетел сарапшылары: Қазақстандағы реформа несімен құнды?

Осы мысалдар ғылымның ұлттық саясаттың өзегіне айналғанын дәлелдейді. Қазақстан да осы жолды таңдап отыр. Жаңа Конституция білім экономикасына көшуге құқықтық негіз қалап, ғылым және инновация басты құндылық ретінде айқындауы маңызды қадам. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін адам капиталына инвестиция салу қажет.

Қазіргі таңда озық елдер адами капиталдың сапасын арттыруға ерекше мән беріп, білім беру мен ғылым саласына қомақты қаржы бөледі. ЮНЕСКО әлем елдерінің ғылымға бөлетін қаржысын зерттеп, рейтингісін жариялайды. 2024 жылғы көрсеткіште Израиль ІЖӨ-нің 5,56 пайызын ғылымға жұмсаса, Оңтүстік Корея – 4,93, АҚШ – 3,46, Швеция – 3,42, Жапония 3,30 пайызын бөліп отыр. Бұл елдердің ғылыми және экономикалық дамудағы көшбасшылығын көрсетеді. Ал еліміз бюджетінің 0,14 пайызын ғылымға бөледі. Бұл дерек білім мен ғылымға инвестицияны арттыру қажеттігін дәлелдей түседі.

Бұл жерде мәселе тек қаржыда емес. Бізге назар аудару қажет үш маңызды аспект бар. Бірінші – зияткерлік меншік қорғауы тек қағазда қалмай, нақты іске асуға тиіс. Екінші – ғылыми кадр тұрақтылыққа ие болуы шарт. Әйтпесе талантты, еңбегі ерек ғалымдар эмиграциялануға бет бұрады. Үшінші – ғылыми инфрақұрылым мен университеттердің зерттеу әлеуетін толық ашу маңызды.

Жаңа Конституция жобасы осы мәселелерді шешуге құқықтық негіз берді. Бірақ заңдық кепіл – тек бастама. Нақты іске асырылуы – біздің алдымыздағы міндет әрі парыз.

Президент алдағы үш жылда елімізді толық цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойды. Бұл мақсат ғылымның рөлін бұрынғыдан да айқын көрсетеді. Цифрлық трансформация тек технологияны енгізумен шектелмей, оны ғылыми зерттеулер мен деректер талдауымен үйлестіруді талап етеді. Жасанды интеллект, үлкен деректер, автоматтандыру сияқты жүйелер ғылыми негізсіз тиімді жұмыс істей алмайды. Сондықтан ғылым мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыратын негізгі қозғаушы күшке айналуға тиіс.

Ғылыми және шығармашылық еркіндікке кепілдік беру осы үдерістің маңызды шарты. Зияткерлік меншік заңмен қорғалуы ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруға мүмкіндік береді. Біз өткен жылы зияткерлік меншікті қорғауды күшейтетін заңды қабылдадық. Бұл инновациялық экожүйенің дамуына әсер етуге тиіс.

Халықаралық тәжірибе зияткерлік меншік қорғауының экономикалық даму үшін шешуші екенін көрсетеді. 2024 жылғы Халықаралық меншік құқығы индексінде Финляндия, Сингапур, Дания, Нидерланды және Швеция көш бастап тұр. Ал 125 елдің ішінде еліміздің 74-орында орналасуы құқықтық институттарды одан әрі жетілдіру қажеттігін айғақтайды.

Жаңа Конституцияның 23-бабы 2-тармағында авторлық құқық пен өнертабыстарды конституциялық деңгейде қорғауды көздеп отыр. Бұл шешім ғылыми және технологиялық дамуға ұзақмерзімді серпін беретініне сенеміз.

Ерлан Қарин: Конституциялық реформа – қоғам бірлігі мен халық ынтымағының айғағы

Құқықтық нормалар олардың іске асуымен ғана құнды. Сондықтан ғылымды қаржыландыруды кезең-кезеңімен арттыру, инновацияны коммерцияландыру және «университет – бизнес – мемлекет» байланысын дамыту шешуші мәнге ие. Ғалым мәртебесін институционалдық тұрғыда бекіту де маңызды. Бұл ғылымдағы кадрлық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, жастарды ғылыми қызметке тартуға мүмкіндік береді.

Осы қадамдар сәтті жүзеге асса, Қазақстан білім экономикасына көшіп, ғылым мен инновацияны ұлттық даму өзегіне айналады. Бұл тек ғылыми дамудың емес, елдің тұрақтылығы мен халықаралық бәсекеге қабілеттілігінің кепілі болады.

Алтынбек НУХҰЛЫ,

Сенат депутаты

Соңғы жаңалықтар