• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Кино Бүгін, 08:02

«Ерекше» – қайсарлық хақындағы туынды

10 рет
көрсетілді

Кеше елордадағы «Kinopark» кинотеатрында «Ерекше» көркем фильмінің премьерасы өтті. Бұл картинада мұқалмас жігер мен шексіз мейірім туралы тағылымды оқиға баяндалады.

Алдын ала көрсетілімге Сенат төрағасы, Қазақстан бочча фе­дерациясының Президенті Мәу­лен Әшімбаев бастаған Палата депутаттары қатысты. Жаңа туындыда кәсіби актерлермен қатар боччамен айналысатын параспортшылар да өнер көрсетеді. Бұл туындының шынайылығы мен мазмұнын арттыра түскен қадам болды.

М.Әшімбаев көрер­менді жаңа картинаның жарық көруімен құттықтап, параспорт­шылардың өміріне арналған «Ерекше» көркем фильмі еліміз­де инклюзивті қоғам қалыптас­тыру үдерісіне серпін беретініне сенім білдірді. Сондай-ақ ол бұл мәселе Мемлекет басшысы­ның басты назарында екеніне тоқталды.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев баршаға тең мүмкіндік беретін инклюзивті қоғам құру мәселесіне үнемі баса мән беріп келеді. Осы бас­таманы іске асы­ру аясында мемлекет дең­гейін­де тиісті жұмыс қолға алынып, кедергілерді жою және мүге­дектігі бар адамдардың құқық­тарын қорғау үшін кешенді шаралар қабылданып жатыр. Бүгінде елімізде жүзеге асырылып жатқан жаңғыртулар, соның ішінде конституциялық реформа да әділеттілік, тең мүмкіндіктер, ашық әрі инклюзивті қоғам қағи­даттарын нығайтуды көздейді», деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат төраға­сы фильмнің маңызы мен өзекті­лі­гіне тоқталып, оның қа­лып­­тасқан құндылықтарды жаңа­­ша пайымдауға, әлемге әр қа­дамының өзі үлкен жеңіске ай­на­латын адамдардың көзімен қарау­ға мүмкіндік беретінін айтты.

«Инклюзия мәдениеті тек заң­на­малық негізбен қалыптас­пайды. Ол, ең алдымен, шынайы жанашырлыққа, адамгершілікке, өзара қолдауға табан тірейді. Кино – осындай құндылықтар­ды дәріптеудің маңызды тетік­терінің бірі. «Ерекше» фильмі – еліміздегі параспортты дамы­туға, параспортшылардың әлеуе­тін ашуға және инклюзия мәде­ниетін ілгерілетуге қосылған үлкен үлес. Бұл жоба өнер мен жылы әзіл арқылы ерекше қажет­тілігі бар адамдарға қатыс­ты маңызды тақырыптарды қозғау­ға ықпал етеді. «Ерекше» – қай­сар мінез бен ерік-жігер тура­лы фильм. Бұл – сенім мен нақты мақсат жолындағы қажыр­лы еңбек қоғамдағы үлкен жеңістерге негіз болатынын көрсететін әсерлі оқиға», деді Сенат төрағасы.

Сондай-ақ М.Әшімбаев «Kinopark» кинотеатрлар желісі­нің басшысы Алмаз Малды­баевқа, фильм режиссері Ернар Нұрғалиевке, сценарий авторы Сержан Серікбайға, продюсер­лерге, актерлік құрам мен түсі­рілім тобына аталған маңызды әлеуметтік бастаманы қолға алып, параспортшыларға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.

Фильм түсіріліміне кәсіби актерлермен қатар Қазақстан мен Қырғызстан боччашылары да қатысты. Бұл қадам жарыс атмо­с­ферасын барынша шынайы жет­кізуге мүмкіндік берді. Басты рөл­дерді Жасұлан Көпберген, Ақер­ке Назарбекова мен Расул Бауыр­жан сомдады.

Кинокартинаның сюжетінде өмірге жеңіл қарайтын жас жігіт Арманның тағдыры суреттеледі. Ол бір қателіктің салдарынан спорт кешенінде қоғамдық жұмыс атқаруға мәжбүр болады. Сол жерде Әйгерім мен оның бауыры Дидармен танысып, мүлде басқа әлемге тап болады. Бұл жерде шынайы күш атақ-даңқ, ақшамен емес, төзім, сенім, асқақ рухпен өлшенеді.

Айта кетейік, фильм Қазақстан бочча федерациясының бастамасымен «Kinopark» кинотеатрлар желісі мен «Tiger Films» продю­серлік студиясының, басқа да серіктестердің қол­дауы­мен түсірілді. Жаңа кар­тина­ның кинотеатрлардағы көрсеті­лімінен түскен қаражат мүгедек­тігі бар балаларды қолдауға жұмсалады.

Соңғы жаңалықтар