Мемлекет басшысының «Адал азамат» бағдарламасы білім беру саласының негізгі темірқазығына айналды, деп жазады Egemen.kz.
Осы орайда Ұлытау облысы білім басқармасының Жезқазған қаласы білім бөлімінің «№12 жалпы білім беретін мектебі» КММ-де әрбір сабақ оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарауға және оқушылардың бойында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және заңға мойынұсынушылық қасиеттерін дамыту бағытында жыл бойы кешенді жұмыстар атқарылып жатыр.
Бағдарламаның алғашқы баспалдағы ретінде 0-4 сынып оқушылары арасында «Жолда жүру ережесін білесің бе?» тақырыбында танымдық сынып сағаттары ұйымдастырылды. Балалар жол белгілері мен бағдаршам белгілерімен танысып, көшедегі тәртіптің өз өмірлері үшін маңыздылығын үйренді.
Адал азамат – әділетті қоғамның айнасы
Қазіргі таңдағы ең өзекті мәселелердің бірі буллинг пен кибербуллингтің алдын алу. Осы бағытта 5-9 сыныптар арасында арнайы бейнероликтер көрсетіліп, сынып сағаттары мен сауалнамалар ұйымдастырылды. Бұл іс-шаралардың мақсаты оқушыларға қатарластары тарапынан жасалатын психологиялық қысым мен желідегі қудалаудың (кибербуллинг) зардаптарын түсіндіру. Оқушылар буллингтің құрбаны немесе куәгері болған жағдайда үнсіз қалмай, дер кезінде көмек сұрауды, интернеттегі арандатушылыққа бой алдырмауды және өзгелердің жеке басына құрметпен қарауды үйренді. Сауалнама қорытындысы мектептегі достық пен өзара сыйластық ортасын нығайтуға негіз болды.
Цифрлық қауіпсіздік тақырыбы 5-6 сыныптарда «Әлеуметтік желілер: негізгі қауіпсіздік ережелері» және «Менің компьютерімде вирус бар. Не істеу керек?» атты сабақтармен жалғасты. Оқушылар жеке мәліметтерді құпия ұстауды және зиянды бағдарламалардан қорғану тәсілдерін меңгерді.
«Адал азамат» бағдарламасы: Оқушылар өз құқықтары мен міндеттерін меңгереді
Тәрбиелік мәні зор жұмыстардың бірі – 7-сынып оқушыларымен өткен «Ата-анаға сенім арту неге маңызды?» атты ашық әңгіме болды. Іс-шара бала мен ата-ана арасындағы рухани байланыс пен сенім қауіпсіздіктің басты кепілі екені баса айтылды. Адамгершілік құндылықтар мен жауапкершілік ұғымдары ұштастырылған 8-сыныпта «Отбасы – шағын мемлекет» тақырыбындағы тәрбие сағатында оқушылар өз өмірлеріне жауапкершілікпен қараудың маңызын ұғынды.
Құқықтық сауаттылықты қорытындылау мақсатында 9-сынып оқушылары арасында «Мен өз құқымды білемін бе?» атты сауалнама жүргізілді. Бұл зерттеу сынып оқушыларының заң алдындағы міндеттерін терең түсінетіндігін және қоғамдық тәртіпті сақтауға, кез келген зорлық-зомбылыққа қарсы тұруға дайын екендіктерін көрсетті.
Қорыта айтқанда, өткізілген бұл жұмыстар оқушыларды тек қауіптен сақтануға ғана емес, сонымен бірге саналы, жауапкершілігі жоғары «Адал азамат» болуға тәрбиелейді. Қауіпсіздік пен құқық туралы білімді интеграциялау арқылы біз ертеңгі күнге нық қадам басатын парасатты ұрпақ қалыптастырамыз.
Айгерім ЖАКЕШОВА,
Ұлытау облысы білім басқармасының
Жезқазған қаласы білім бөлімінің «№12 жалпы білім беретін мектебі»
КММ директорының тәрбие-ісі жөніндегі орынбасары