Елімізде бизнес пен әзірлеушілерге жасанды интеллект негізіндегі өнімдерді жасау үшін деректерге және есептеу қуаттарына қолжетімділік ашылады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің өкілдері IT-қауымдастықпен өткен ашық диалог форматындағы кездесуде хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Кездесуде стартаптар, компаниялар және тәуелсіз әзірлеушілерге отандық ЖИ шешімдерін жасауға мүмкіндік беретін мемлекеттік қолдау құралдары талқыланды.
Жиында қатысушыларға нарыққа қолжетімді нақты сервистер көрсетілді. «Презентация + демонстрация» форматы әзірлеушілерге деректер мен есептеу ресурстарын ЖИ модельдерін оқыту және іске қосу үшін қалай қолдануға болатынын көруге мүмкіндік берді.
Цифрлық дамудың вице-министрі Дмитрий Мун ведомство мемлекеттік ақпараттық жүйелер мен әзірлеушілер арасындағы кедергілерді жоюға назар аударатынын атап өтті.
ЖИ-ді оқытудағы жаңа қадам
Оның сөзінше, компаниялар енді дайын деректер жинақтарын пайдаланып қана қоймай, модельдерді оқытуға қажет қосымша деректерді министрліктен сұрай алады.
Егер өнімді әзірлеу үшін нақты деректер жеткіліксіз болса, ол туралы сұраныс қалдыруға болады, министрлік қажетті ақпаратты дайындауға көмектеседі.
Негізгі құралдардың бірі ретінде, министрлік пен «ҰАТ» АҚ бірлесіп жасаған, Ashyq Data порталы аталды. Қазіргі уақытта платформада ашық, қолжетімді жылжымайтын мүлік аналитикасынан бастап, медициналық көрсеткіштерге дейін 200 деректер жинағы орналастырылған.
Дәрігерлер ЖИ көмегімен инсульт пен онкологиялық ауруларды ерте анықтап жатыр
Оның ішінде 73 датасет алғаш рет жарияланды. Деректер апта сайын жаңартылып, тегін қолжетімді. Портал –деректері жеке тұлғаға байланыстырылмаған орталықтандырылған витрина, ол 120-дан астам мемлекеттік базаны біріктіреді.
Деректерге қоса, әзірлеушілерге нейрондық желілерді оқыту үшін есептеу қуаттары қажет.
Astana Hub компаниясы AlemLLM платформасын таныстырды, ол компанияларға есептеу ресурстарына өтініш жүйесі арқылы қол жеткізуге мүмкіндік береді. Кездесу барысында қатысушыларға платформаны қолдануға қатысты нұсқаулық көрсетілді.
Сондай-ақ, қатысушылар ЖИ мемлекеттік секторда және экономика салаларында алдағы жылдары қалай қолданылуы мүмкін екенін талқылады.
Жарияланған IT-жоспарлар мен мемлекеттік органдардың бизнес-процестері компанияларға қай цифрлық шешімдерге сұраныс болатынын алдын ала түсінуге мүмкіндік береді.