Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында Мәслихаттар жоғары заң шығарушы органға қажетті кадрларды даярлауға белсене атсалысуы керек екенін атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Мәслихаттар жоғары заң шығарушы органға қажетті кадрларды даярлауға белсене атсалысуы керек. Референдумға шығарылған Конституция жобасында жаңа бір палаталы Құрылтайдың депутаттары пропорциялы өкілдік жүйе негізінде сайланады деп көрсетілген. Бұл қадам саяси партиялардың рөлін күшейтіп, заң шығару жұмысының сапасын арттыратыны күмәнсіз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, мұндай ұстаным озық халықаралық тәжірибеге толық сай келеді. Біз көптеген мемлекеттердің пропорциялы сайлау жүйесіне көшіп жатқанын көріп отырмыз. Дамыған елдерде де осындай жүйе бар. Себебі бұл тәсіл өз тиімділігін көрсетті.
Халықтың сенімін ақтаудан артық абырой жоқ: Мемлекет басшысы мәслихат депутаттарына не деді?
«Конституция жобасын әзірлеу кезінде кейбір партия барлық деңгейдегі мәслихаттарды да осы жүйемен жасақтауды ұсынды. Бірақ менің бұл мәселеге қатысты көзқарасым – нақты. Аймақтарда мажоритарлық, яғни бір мандатты жүйе сақталады. Бұл – өте маңызды», деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, себебі дәл осы мәслихат депутаттары жергілікті жерде сайлаушылармен үнемі байланыста болып, қоян-қолтық жұмыс істейді. Сонымен бірге мұндай жүйе ешқандай партияға кірмейтін, бірақ халық сенетін іскер азаматтар үшін тағы бір тиімді саяси баспалдақ болмақ. Сол арқылы мәслихаттардың рөлі арта түседі.
Тоқаев: Мәслихаттардың өкілеттігін одан әрі кеңейтіп, нақтылай түсу қажет