2026 жылғы 29 шілде-9 тамыз аралығында Астанада «Болашақ ойындары» спорттық фестивалі ұйымдастырылады. Шараға 50 елден 900-ден астам спортшы қатысып, жалпы 4,75 млн доллар сыйлық қоры үшін бақ сынайды. Ойындар елорданың бес спорттық аренасында өтеді. Шараға 100 000-нан астам көрермен қатысуы мүмкін, деп хабарлайды Egemen.kz.
Фестиваль бағдарламасына сегіз спорт түрі енгізілген. Оның ішінде фиджитал-спорт және киберспорт бар. Фиджитал-спортқа футбол, баскетбол, шутер, би және файтинг түрлері кіреді. Киберспорт – көп ойыншыға арналған онлайн-бәсекелер, олар компьютер мен мобильді құрылғыларда өткізіледі.
Астанада Наурыз мерекесіне орай 200-ден астам іс-шара өтеді
Фиджитал-спорт – бұл жаңа бағыт, онда реалды спорт пен киберспорт біріктірілген. Қатысушылар бірін-бірі кезектесіп физикалық және цифрлық ойын түрлерінде сынайды. Мысалы, бір кезеңде футбол немесе баскетбол ойнап, келесі кезеңде сол ойын элементтері цифрлық форматта – компьютер немесе консоль арқылы өткізіледі. Бұл спорт түрі дәстүрлі физикалық дайындық пен цифрлық дағдыларды бірдей дамытуды көздейді, сондықтан жастар арасында ерекше қызығушылық тудырып отыр.
Шараның мақсаты – спорттың жаңа түрлерін дамыту, жастарды белсенді өмір салтына тарту және киберспорт пен дәстүрлі спорт арасындағы көпірді қалыптастыру. Сонымен қатар, бұл халықаралық деңгейдегі турнир Қазақстанның спорттық имиджін нығайтып, елдің киберспорт инфрақұрылымын жетілдіруге мүмкіндік береді.
Астанадағы MEGA Silk Way сауда орталығында «Бақыт деген» музыкалық флешмобы өтті