Мемлекеттің даму тарихында оның болашағын айқындайтын шешуші кезеңдер болады. Бүгінгі Қазақстан дәл осындай тарихи белесте тұр. Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі Референдум – жай ғана құқықтық рәсім емес, ұлттық дамудың ұзақмерзімді бағытын бекітетін стратегиялық таңдау. Бұл жаһандық технологиялық өзгерістер мен интеллектуалдық бәсеке күшейген дәуірде елдің қандай құндылықтарға сүйеніп, қандай модель бойынша дамитынын айқындайтын тағдырлы шешім.
Конституция – мемлекеттің өзегі, қоғам құндылығының негізі, билік пен халық арасындағы келісімнің құқықтық көрінісі. Ғылыми тұрғыдан алғанда, Конституция мемлекеттің саяси-философиялық болмысын құқық арқылы бекітетін кешенді құжат. Сондықтан оны жаңарту жекелеген баптарды түзету ғана емес, қоғамдық дамудың жаңа сапалық кезеңін құқықтық тұрғыдан рәсімдеу деген сөз.
Қазіргі кезеңде мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі жаңа өлшемдер арқылы бағаланады. Цифрлық технологиялар экономиканы түбегейлі өзгертіп, жасанды интеллект өндіріс пен еңбек нарығының құрылымына ықпал етіп жатыр. Ал геосаяси үдерістер ішкі тұрақтылық пен институционалдық тиімділікті күшейтуді талап етеді. Осы кезеңде Негізгі заң стратегиялық басымдықтарды айқын көрсетіп, елдің ұзақмерзімді даму бағдарын нақтылауға тиіс. Әсіресе ғылым мен білімді конституциялық деңгейде бекіту маңызды.
Ата заңда адам құқығына қандай артықшылық берілді?
XXI ғасырда мемлекеттің қуаты табиғи ресурстарымен емес, зияткерлік әлеуетімен өлшенеді. Экономикалық өсімнің басты факторы – сапалы білім, озық ғылым мен инновациялық ойлау. Демек, ғылым мен білімді Негізгі заңда басымдық ретінде бекіту – ұлттық дамудың өзегіне адам капиталын қою деген сөз. Ғылым мен білімге берілген конституциялық мәртебе олардың тұрақты әрі жүйелі дамуына құқықтық негіз қалыптастырады. Бұл академиялық еркіндікті нығайтуға, ғылыми инфрақұрылымды жетілдіруге, жас зерттеушілерді қолдауға, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде интеллектуалдық даму мемлекеттік саясаттың стратегиялық тірегіне айналады.
Референдум қарсаңындағы қоғамдық көңіл күй: жаңа Конституцияға пікір қандай?
Әлемдік тәжірибе бұл ұстанымның тиімділігін айқын дәлелдейді. Мәселен, Гарвард университеті – жаһандық ғылым мен білімнің жетекші орталықтарының бірі. Бұл университеттің табысы ұзақмерзімді ғылыми инвестицияға, академиялық дербестік пен еркін ойлау мәдениетіне негізделген. Осындай модель ғылыми идеяларды нақты технологиялық, экономикалық нәтижеге айналдыруға мүмкіндік береді. Тарихи тәжірибе көрсеткендей, білім мен ғылымды ұлттық саясаттың басымдығына айналдырған елдер сапалы серпіліс жасап, жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті мемлекетке айналды. Қазақстан үшін бұл – нақты даму бағдары. Конституцияда ғылым мен білімнің басымдығын бекіту ұлттық зерттеу университеттерін нығайтуға, жаһандық ғылыми кеңістікке терең ықпалдасу мен технологиялық тәуелсіздікті күшейтуге жол ашады. Инновациялық экономика қалыптастыру – жоғары өнімді еңбек пен сапалы жұмыс орындарының негізі, ал бұл өз кезегінде халық әл-ауқатының артуына ықпал етеді. Сонымен қатар білім мен ғылымның дамуы құқықтық мемлекет пен демократиялық институттардың сапасына тікелей әсер етеді. Сыни ойлайтын, кәсіби білімі жоғары, жауапкершілігі қалыптасқан азамат – орнықты қоғамның тірегі. Осы тұрғыдан алғанда, референдум халық егемендігінің нақты көрінісі, яғни елдің болашақ даму моделін қоғам айқындайды.
Ата заң эволюциясы: Өтпелі кезеңнен кемел келешекке
Бүгін қабылданатын шешім Қазақстанның ұзақмерзімді даму траекториясын белгілейді. Егер Негізгі заңда ғылым мен білімге стратегиялық басымдық берілсе, бұл елдің интеллектуалдық, технологиялық жаңғыруының берік құқықтық негізіне айналады. Сонда Қазақстанның қуаты табиғи байлық көлемімен ғана емес, білім сапасымен, ғылыми жетістіктерімен, инновациялық әлеуетімен өлшенеді.
Референдум – тарихи жауапкершілік. Бұл бүгінгі буынның келешек ұрпақ алдындағы таңдауы. Жаңартылған Конституция білімге, ғылымға, инновацияға сүйенген, технологиялық тұрғыдан қуатты, әділетті әрі бәсекеге қабілетті мемлекетті қалыптастырудың берік институционалдық негізі болуға тиіс.
Рахметолла ЗАКАРЬЯ,
Гарвард университетінің (АҚШ) шақырылған профессоры,
PhD докторы