Қазақстанда азық-түлік бағасының өсуін тек қосылған құн салығының (ҚҚС) көтерілуімен байланыстыру дұрыс емес. Бағаға бірқатар ішкі және сыртқы фактор әсер етеді. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді. Министрдің айтуынша, еліміз әлі барлық азық-түлік түрімен өзін толық қамтамасыз ете алмай отыр. Әлеуметтік маңызы бар өнімдер бойынша өзін-өзі қамту деңгейі 70-90% шамасында болғанымен, кей тауарлар сырттан импортталады, деп жазады Egemen.kz.
Серік Жұманғарин тұтынушылар тек әлеуметтік маңызы бар өнімдерді ғана емес, өзге де тауарларды сатып алатынын атап өтті. Олардың бір бөлігі шетелден әкелінеді. Бұл ішкі нарықтағы бағаға тікелей ықпал етеді.
Сонымен қатар әлемдік нарықта азық-түлік құны өсіп отыр. Министрдің сөзінше, соңғы уақытта сүт пен ет айтарлықтай қымбаттаған. Соның салдарынан отандық өнімдер экспорттық нарықта сұранысқа ие бола түскен.
«Фермерлер өнімін экспортқа шығаруға мүдделі, себебі сыртта баға жоғары. Ішкі нарықта сатуды сұрағанда, олар табыстылығын сақтағысы келетінін айтып, бағаны көтереді», деді министр.
Ол мемлекеттің аграрлық өнімді шетелге сатуға тыйым сала алмайтынын, себебі бұл саланың бизнес үшін тартымдылығын төмендетіп, ауыл шаруашылығының дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін екенін айтты
Астанада арзан бағада азық-түлікті қайдан алуға болады?
Министр тағы бір маңызды фактор ретінде «импортталған инфляцияны» атады. Қаңтар қорытындысы бойынша Қазақстанда азық-түлік инфляциясы 0,8% болса, Ресейде бұл көрсеткіш шамамен 2% болған. Ал елімізге жеткізілетін тауарлардың елеулі бөлігі Ресейден келеді.
Жұманғариннің пікірінше, бағаның өсуін тек ҚҚС-тың 4%-ға артуымен түсіндіру жеткіліксіз. Азық-түлік құнына әсер ететін себептер кешені бар.
Азық-түлік бағасын негізсіз өсірген кәсіпкерлер жауапқа тартылды
Министр мәселенің түйінін отандық өндірісті күшейту және ішкі нарықты өз өнімімізбен толық қамту деп санайды. Қазір мемлекет осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.
Айта кетейік, жыл басынан бері бірінші сұрыпты ұннан пісірілген нан бағасы да айтарлықтай өсті. Қаңтардың алғашқы онкүндігінде ел бойынша орташа баға 1,8%-ға көтерілді. Бұл 2022 жылдың наурызынан бергі ең жоғары өсім.
Азық-түлік шығыны қай өңірде ең жоғары?