• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Референдум Бүгін, 07:50

Ашық әрі дәйекті ақпарат таратады

10 рет
көрсетілді

Алматыдағы Қоғамдық коммуникациялар орталығы алаңында Тәуелсіз байқаушылардың ақпараттық штабының алғашқы брифингі өтті. Аталған штаб 15 наурызда өтетін республикалық референдум аясында еліміздің жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі жалпыхалықтық дауыс беру үдерісін ашық әрі әділ өткізуге қоғамдық бақылау жасау мақсатында құрылған.

Брифинг барысында штаб өкілдері оның негізгі міндеттері мен жұмыс тетіктерін жан-жақты таныстырды. Дауыс беру күні штаб таңнан бастап қорытынды жарияланғанға дейін үздіксіз жұмыс істейді. ҚКО базасында кеңейтілген форматта әрекет ететін ситуациялық орталықта өңірлерден келіп түсетін ақпарат жедел жинақталып, сараланып, бұқаралық ақпарат құралдарына дер кезінде ұсынылмақ.

Штаб жұмысының басты қағидаттары – ашықтық, бейтараптық және заң талаптарын қатаң сақтау. Тәуелсіз байқаушылар еліміздің барлық өңірінде дауыс беру учаскелеріндегі үдерісті қадағалап, қоғамдық бақылау тетіктері арқылы заң­бұзушылықтардың алдын алуға және оларды жедел тіркеуге басымдық береді. Сонымен қатар құқық қорғаушылар мен сарапшылардың қатысуымен тікелей қосылымдар ұйымдастырылып, референдум барысы туралы жан-жақты ақпарат беріледі.

Брифингте сөз сөйлеген Independ.kz ақпараттық агенттігінің бас редакторы Рафаэль Гасанов қоғам үшін сенімді әрі дәйекті ақпараттың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, референдум секілді ел тағдырына әсер ететін тарихи сәтте ақпараттың ашықтығы мен жеделдігі аса маңызды.

«Қоғамға дәйекті ақпарат беру – маңызды. Қоғамдық коммуникациялар орталығымен тілшілер тығыз байланыс орната отырып, референдум барысынан ресми хабар таратады. Бүгінгі күн – еркін мониторинг жасап, үдерісті пайымды саралай алатын кезең», деді ол.

Ал белгілі медиаменеджер Нұржан Мұхамеджанова бұл науқанның ел болаша­ғы үшін айрықша мәнге ие екенін жеткізді.

«Дәл қазір – еліміз үшін маңызды кезең. Мемлекетіміздің алдағы болашағын айқындайтын құнды құжат қоғам талқы­сына ұсынылды. Көзі ашық әрбір азамат саяси көрегенділік танытып, Ата Заңы­мыздың қабылдануына атсалысуға тиіс. Біз осы референдумның әділ әрі ашық өтуін қалаймыз. Тәуелсіз журналистер бастаған тәуелсіз байқаушылар қоғам сенімін ақтауға күш салады. Сол күні Independ.kz порталы тікелей эфирде жұмыс істейді. Шетелден келген байқаушылармен де тығыз байланыс­та боламыз. Басты мақсат – референдумның өту барысын қадағалау әрі бұқараға нақты, шынайы хабар жеткізу», дейді ол.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай саяси науқандарда халықтың саяси мәдениеті айрықша рөл атқарады. Әсіресе әлеуметтік желілер қарқынды дамыған кезеңде ақпараттың шынайылығы мен дереккөзінің сенімділігіне мән беру – әр азаматтың жауапкершілігі. Жалған немесе тексерілмеген мәліметтердің таралуы қоғамдық пікірге кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан штаб өкілдері азаматтарды ресми және тексерілген ақпаратқа сүйенуге, саналы таңдау жасауға шақырды.

Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, ақпараттық штабтың қызметі референдум күнімен ғана шектелмейді. Дауыс беру қорытындысы жарияланғанға дейін барлық мәлімет сарапталып, қоғамға ашық түрде ұсынылады. Бұл бастама азаматтық қоғам институттарының белсенділігін арттырып, қоғамдық бақылау мәдениетін нығайтуға ықпал етеді. Осылайша, Тәуелсіз байқаушылардың ақпараттық штабы референдум үдерісінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды алаңға айналмақ.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар