Биыл Қаныш Сәтбаев атындағы каналдан Шідерті өзеніне 120 млн текше метр су жіберу ұйғарылып отыр. Мол су өзен жағалаған елдің несібесін арттырып, екі бірдей ауданның экономикасына оң әсерін тигізеді.
Тіршілік нәрі сай-саланы суға толтырып, Ақтоғай ауданы мен Екібастұздың ауылдық аймақтарындағы (бұл аумақтар халық аузында «Ақкөл-Жайылма аталады») мал өсіруші ағайынның несібесін еселей түседі деп күтіліп отыр.
– Су ресурстары және ирригация министрлігі тарапынан Шідерті өзенінің жайылмасына 120 млн текше метр су жіберу жоспарланды. Табиғатты қорғау мақсатындағы іс-шара биыл сәуір–мамыр айларында жүзеге асырылады. 2025 жылы су жіберу көлемі де дәл осындай болған еді, – деп хабарлады «Қазсушар» РМК Павлодар филиалының директоры Арман Оспанов.
Оның сөзінше, көктемгі су тасқыны кезінде ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында арнайы жоспар бекітілген. Екі бекет ұйымдастырылады (Екібастұз қаласының ауылдық аймағындағы Мыңтомар ауылы және Ақтоғай ауданындағы Қарақоға ауылы). 1 наурыздан бастап тәулік бойы кезекшілік кестесі ұйымдастырылып, төтенше жағдайлар органдарымен және жергілікті атқарушы органдармен байланыс орнатылады. Жанар-жағармай қоры жасақталған, 11 арнайы техника дайын тұр. Филиалдың барлық нысандары қанағаттанарлық жағдайда деп бағаланып отыр және су тасқыны кезеңінде елді мекендерді су басу қаупін тудырмайды.
– Каналдан су босату шараларының жалпы ұзақтығы екі айға ұласып, су Шідерті өзені арқылы кең далаға жөңкіліп, шабындық үшін пайдаланылатын көлтабандарды, Ақкөл-Жайылмадағы Әулиекөл көлдер жүйесін (шамамен 9 көл бар) толықтырып, балық ресурсын қалпына келтіруге оң әсерін тигізеді. Екінші тұрғыдан бұл аумақтардың табиғи балансын ұстап тұруға, экологиялық ахуалды жақсартуға негізделген, – деп қосты А.Оспанов.
Бүгінде «Қазсушар» жергіліктің филиалының балансында Шідерті лиманды суару жүйесі мен Май топтық су құбыры, сондай-ақ Железин мен Май аудандарындағы тұрақты суару бойынша Прииртыш, Майтүбек өндірістік учаскелері бар.
Атап өтерлігі, кейінгі жылдары Ертіс өңіріндегі су жүйелері айтарлықтай дами түскен. 2024–2028 жылдарға арналған су саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында өңірдегі лиманды және тұрақты суару жүйелері кезең-кезеңімен қайта жаңартылып жатыр. Өңір экономикасында ауыл шаруашылығы маңызды орын алатыны ескеріліп, суармалы жер көлемін ұлғайту – стратегиялық міндет ретінде қойылып отыр. Осы бағытта «Ертіс–Успенка каналының реконструкциясы» жобасы іске асырылуда. Су көзі – Ертіс өзені. Жобаның нәтижесінде суармалы алқаптар көлемі қосымша 10 мың гектарға дейін ұлғаяды. Бұл астық, мал азығы және көкөніс өндірісін арттыруға мүмкіндік береді. Сарапшылардың пікірінше, суармалы жердің әр гектары өнімділікті бірнеше есе өсіреді.
Кешенді жоспар аясында Май ауданының гидромелиоративтік жүйесін реконструкциялау қарастырылған. Бұл жүйеге қарасты лимандардың жалпы аумағы – 14 597 гектар. Бүгінде үш кезең бойынша жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өткен. Төртінші кезең әзірленіп жатыр. 2026 жылы бірінші кезеңге қаржы бөлініп, нақты жұмыстар басталуға тиіс. Сондай-ақ аталған ауданда Қолыбай өзені тазартылып, 1, 2 және 3-секция лимандарының гидротехникалық құрылыстары жаңартылады. Бұл іс-шаралар көктемгі суды тиімді ұстап, жазғы маусымда жайылым мен шабындықты ылғалмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал Екібастұз қаласының ауылдық аймағы мен Ақтоғай ауданындағы лиманды суару жүйесін реконструкциялау да жоспарға енгізілген. Бұл жүйеге қарасты лимандардың жалпы аумағы – 21 036 гектар. Бұл жобалар мал шаруашылығын жем-шөппен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған.
Жалпы алғанда, Павлодар облысында су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңарту бірнеше бағытта қатар жүргізіліп жатыр: магистралды каналдарды реконструкциялау, лимандарды қалпына келтіру, жаңа суару алқаптарын іске қосу. Нәтижесінде, алдағы жылдары 45 мың гектардан астам алқап су жүйелерімен қамтылып, ауыл шаруашылығының тиімділігі артуға тиіс.
Қазір «Қазсушар» филиалы қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы – 242 426 теңге. 2026 жылғы 1 сәуірден бастап еңбекақыны 15 пайызға арттыру жоспарланған. Бұл сала мамандарын ұстап қалу мен кадрлық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Павлодар облысы