Елдегі атом саласын дамыту жолында әлеуметтік инфрақұрылымға да басымдық беріліп отыр. Ядролық физика институтында бой көтерген жеті қабатты жатақхана – соның айқын көрінісі, деп жазады Egemen.kz
Тәуелсіздік жылдарында алғаш рет Ядролық физика институтына арнайы салынған жатақхана пайдалануға берілді. Жеті қабатты жаңа ғимарат 166 қызметкер мен маманға арналған. Бұл нысан ғылыми-зерттеу ұйымының әлеуметтік инфрақұрылымын күшейтіп, ғылым адамдарының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам саналады.
Салтанатты ашылу рәсіміне еліміздің Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен Институттың бас директоры Саябек Сахиев қатысты. Жалпы аумағы 5 082 шаршы метрді құрайтын ғимарат жас ғалымдарға қолайлы жағдай жасап, кадрлық әлеуетті бекемдеуді көздейді. Бұл бастама елдегі ядролық кластерді қалыптастыру үдерісіне де серпін береді.
Атом энергетикасы мамандары «Болашақ» бағдарламасы аясында білім алады
Жатақхана заманауи талаптарға сай бой көтерген. Жартылай жертөле қабатында жаттығу залы, кір жуу бөлмесі, қызметтік үй-жайлар орналасқан. Бірінші қабатта кең вестибюль, қабылдау аймағы, коворкинг кеңістігі, келіссөздер залы, 50 орындық асхана қарастырылған. Әр бөлме жеке санитарлық тораппен, душ кабинасымен жабдықталған. Бұл тұрғындардың тұрмыстық жайлылығын арттырып, жеке кеңістікті сақтауға мүмкіндік береді. Жобалау кезінде ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған қолжетімді орта талаптары ескерілген.
Алмасадам Сәтқалиев ғылымды ілгерілету әлеуметтік инфрақұрылымнан басталатынын жеткізді. Оның айтуынша, қолайлы орта тұрақты ғылыми ұжымдардың қалыптасуына жол ашады, дарынды жастарды тартады, атом саласының келешегін айқындайтын ауқымды жобаларды жүзеге асыруға негіз қалайды.
Ғалымдар мәртебесі айқындалады
Саябек Сахиев жаңа нысан институтты жаңғырту жолындағы жүйелі жұмыстың бір белесі екенін айтты. Кейінгі жылдары ядролық медицина, радиациялық технологиялар, іргелі зерттеулер бағытында тың жобалар қолға алынған. Жатақхананың іске қосылуы осы бастамалардың тұрақты дамуына қызмет етеді.
Ғалымға жасалған жағдай – елдің ертеңіне салынған инвестиция. Жаңа жатақхана ғылыми ортада орнықты кәсіби ахуал қалыптастырып, атом саласының стратегиялық міндеттерін жүзеге асыруға негіз болатын заманауи экожүйені нығайта түседі.
Еске сала кетейік, былтыр жас ғалымдарға пәтер кілті табысталған болатын.