Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады. Президентке елдегі криминогендік ахуал туралы және қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөнінде бұған дейін берген тапсырмаларының орындалу барысы баяндалды, деп жазады Egemen.kz.
Ержан Сәденов биылғы екі айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда қылмыс деңгейі 8%-ға төмендегенін жеткізді. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 1,3 мыңға аз. Құқықбұзушылықтың негізгі санаттарындағы көрсеткіш төмендеп, қылмыстарды ашу деңгейінің артқаны байқалады.
Интернет-алаяқтыққа қарсы жүйелі күрес жалғасуда. Алдын алу шаралары және шетелдік құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылдың арқасында киберқылмыс көлемі 4%-ға төмендеді.
Парламент депутаттары қылмыстық қауіп-қатерді болжау жүйесінің тиімділігін талқылады
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл аясында 71 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, 11 топтың қызметі тоқтатылды. Ал есірткі қылмысына қарсы күрес белсенді түрде жүргізіліп келеді: бес есірткі зертханасы жойылды. 881,5 кило әртүрлі есірткі заттарының, соның ішінде 104 килодан астам синтетикалық есірткінің заңсыз айналымға енуіне жол берілмеді.
Астанада ұландықтар есірткі қылмысының жолын кесті
Қасым-Жомарт Тоқаевқа көшелердегі құқықтық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін цифрлық шешімдерді кеңінен қолдану, көші-қон бақылауын күшейту және жазадан бұлтартпау жөніндегі шаралар туралы мәлімет берілді.
Азаматтарды қорғауға бағытталған заңнамалық бастамаларға ерекше назар аударылды. 2025 жылы «Құқықбұзушылықтың алдын алу туралы» Заң қабылданды. Дропперлік, сталкинг және некеге мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы елдегі қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті одан әрі нығайтуға бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді.
Президент: «Қыз алып қашу» – ауыр қылмыс