• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 12:30

19 млн тонна көмір: Жаңа жобаларға қажетті көлем қалай қамтамасыз етіледі?

10 рет
көрсетілді

Қазақстан жаңа энергетикалық жобалардың сұранысын өтеу үшін көмір өндірісін кезең-кезеңімен арттыруды көздеп отыр. Қазіргі болжам бойынша, 2032 жылға қарай елдегі жаңа нысандарға қажетті энергетикалық көмір көлемі жылына 19 млн тоннадан асады. Бұл мақсатқа жету үшін өндірістік қуатты кеңейту, инфрақұрылымды жаңарту және салаға цифрлық технология енгізу жоспарланып отыр, деп жазады Egemen.kz.

Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров ірі көмір өндіруші компаниялар өкілдерімен өткен кеңесте Президент тапсырмаларының орындалу барысын айтты. Жиында көмір генерациясын дамытуға арналған Ұлттық жоба әзірлеу мәселесі талқыланды.

Жоба Қазақстан үшін көмірді тек отын көзі емес, экономиканың ұзақ мерзімді стратегиялық ресурсы ретінде қарастырады. Ел аумағында жалпы қоры 33 млрд тоннадан асатын көмір базасын тиімді пайдалану көзделіп отыр. Бұл бағыт инвестиция тартуға, өндірістік логистиканы жаңғыртуға және экологиялық талаптарға сай технология енгізуге мүмкіндік береді.

Көмір кенін жандандырған іскер жан

Кеңеске Николай Радостовец, Евгений Мастернак және Павел Чувашев қатысып, өндірісті дамыту жоспарларын таныстырды.

Атап айтқанда, Богатырь Көмір ЖШС өндіріс көлемін кезең-кезеңімен ұлғайтуды жоспарлап отыр. Компания 2024 жылғы 42,7 млн тонна өндіріс деңгейін:

2026 жылы – 45,2 млн тоннаға

2032 жылы – 56,5 млн тоннаға дейін жеткізуді көздейді.

360 млрд теңге инвестиция өндірісті жаңғыртуға, техника сатып алуға және циклді-толассыз технология (ЦТТ) нысандарын салуға бағытталады. Сонымен бірге MES жүйесі арқылы жүк ағындарын басқару және өндіріс қауіпсіздігін күшейту шаралары енгізіліп жатыр.

Ал Шұбаркөл Көмір АҚ 2026 жылға қарай көмір өндіру көлемін 16,1 млн тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. 2026-2032 жылдар аралығында 95,5 млрд теңге инвестиция тарту көзделген.

Көмір генерациясы энергетикалық қуатты күшейтеді

Бұл қаражат техникалық қайта жарақтандыруға, цифрлық технологияларды енгізуге және өндірістік процестерді автоматтандыруға жұмсалады. Жоспарда:

ЦТАК-2 циклді-толассыз аршу кешенінің екінші кезеңін іске қосу;

49,4 млрд теңгеге жабдықтар паркін жаңарту;

Hovermap геомониторинг жүйесін енгізу;

Роботтандырылған автоаударғыш самосвалдарды пайдалану қарастырылған.

Кеңес қорытындысында вице-министр көмір тасымалы мәселесіне ерекше тоқталды. Жартылай вагондар паркін кеңейту және теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қатар жүргізілуі тиіс.

Бұл шаралар отын жеткізу тұрақтылығын арттырып, елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтады. Сонымен бірге көмір саласын цифрландыру өндірістің тиімділігін көтеріп, экологиялық талаптарды сақтауға мүмкіндік береді.

Қазақстан алдағы жылдары көмір өндірісін дамыта отырып, энергетикалық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етуді және жаңа өнеркәсіптік жобалардың сұранысын толық өтеуді мақсат етіп отыр.

Халық тұтынатын көмір 9%-ға қымбаттады

Соңғы жаңалықтар