Мадридтің «Реал» клубы мен Франция құрамасының шабуылшысы Килиан Мбаппе 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты қарсаңында тізесіне ота жасатудан бас тартты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Испаниялық AS басылымының мәліметінше, Чемпиондар лигасының биылғы маусымындағы үздік сұрмергеннің тізе байламындағы мәселелері өткен жылдың желтоқсан айынан бері мазалап келеді. Соңғы уақытта жарақаты асқынып, ол «Бенфикаға» қарсы плей-офф кезеңіндегі қарымта матчқа қатыса алмады.
Дәрігерлер футболшыға операция қажет екенін айтқанымен, 27 жастағы ойыншы бұған үзілді-кесілді қарсы болып отыр. Себебі ол 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтетін әлем чемпионатына толық дайын болмауы мүмкін деп қауіптенеді. Ал консервативті емдеу тәсілі нақты нәтиже беретініне кепілдік жоқ. Оның үстіне жаттығу және ойын жүктемесі жағдайды одан әрі ушықтыруы ықтимал.
Қазіргі таңда бір нәрсе анық – Мбаппе әлем чемпионатына дейін «Реал» сапында да, Франция құрамасында да барлық матчқа қатыса бермейді. Клуб пен ұлттық құрама сақтық танытып, жүктемені азайтуды көздеп отыр.
Футболшы мадридтік клубқа 2024 жылдың жазында «ПСЖ»-дан ауысқан. Кәсіби мансабын 2015 жылы «Монакода» бастап, 2017 жылы париждік клубқа өткен. Биылғы маусымда ол клуб деңгейінде 33 матч өткізіп, 38 гол соқты (оның 13-і Чемпиондар лигасында), сондай-ақ алты нәтижелі пас берген.
Роналдудың рекорды қайталанды: Мбаппе бір маусымда 11 гол соқты
Чемпиондар лигасында «Реал» негізгі кезеңді тоғызыншы орында аяқтап, 1/8 финалда португалиялық «Спортинг» немесе ағылшындық «Манчестер Ситимен» кездесуі мүмкін.
Испания чемпионатында 25 турдан кейін мадридтік команда екінші орында келеді, көшбасшы «Барселонадан» бір ұпайға қалып отыр. Ал Испания кубогінде «Реал» 1/8 финалда «Альбасетеге» 2:3 есебімен есе жіберіп, жарыстан шығып қалды.
УЕФА Темірлан Анарбековты Мбаппе мен Холандтың қатарына қосты
2026 жылғы әлем чемпионатында Франция құрамасы Сенегал, Норвегия және наурыз айының соңында анықталатын құрлықаралық плей-офф жеңімпазымен бір топта ойнайды.