Бүгінгі білім беру жүйесінде жасанды интеллект (ЖИ) бұрынғыдан да маңызды құралға айналып отыр. Университеттер мен мектептерде студенттер оқу барысын жеңілдету және тапсырмаларды орындау үшін жасанды интеллект құралдарын кеңінен қолданады. Дегенмен бұл қолдану әрдайым кәсіби көмек пе, әлде дайын жауапқа тәуелділік пе деген сұрақ туындайды.
Халықаралық зерттеулер көрсеткендей, студенттердің ең көп қолданатын ЖИ-құралы − ChatGPT сияқты генеративті жасанды интеллект. Әлемдік сауалнамалар бойынша студенттердің шамамен 86-92%-ы оқу жұмыстарында ЖИ-ді қолданады, бұл өте жоғары көрсеткіш. Мысалы, Ұлыбританияда жүргізілген есепте 92% студент ЖИ-ді кейбір оқу тапсырмалары үшін пайдаланған деп хабарланды, ал бұл көрсеткіш бір жылда 66%-дан 92%-ға дейін өскені айтылды.
ЖИ-ді студенттер әртүрлі мақсатта қолданады. Ең басты қолдану бағыттары − ақпарат іздеу, идеяларды жинақтау және мазмұнды түсіндіру. Бір дерек бойынша, студенттердің 54%-ы ЖИ-ді зерттеу және жаңаны үйрену үшін, 33%-ы ақпаратты қысқаша түсіндіру үшін, ал 28%-ы жазба жұмыстарын жақсарту үшін қолданады.
Жасанды интеллект мұғалімнің жұмысын қалай жеңілдетеді?
Жасанды интеллектіні оқу процесінде қолданудың негізгі себептері:
уақытты үнемдеу және тапсырманы жылдам орындау,
оқу материалының мағынасын түсіну
жоба немесе тапсырманың алғашқы нұсқасын жасауға көмектесу.
Осыған қарамастан, кейбір зерттеулер студенттердің еш өзгертпей ЖИ берген жауабын өз жұмысы ретінде тапсыратынын көрсетеді. Бұл академиялық адалдық сұрақтарын тудырады. Мысалы, бір дерек бойынша студенттердің шамамен 19%-ы ЖИ-ден алынған контентті өңдемей тапсырмаларында пайдаланады.
Цифрландыру және жасанды интеллект жылы қандай жобалар жүзеге асады?
Жасанды интеллектінің қолданысы жағымды әсер де туғызады. Кейбір зерттеулер көрсеткендей, ЖИ-ді оқу процесіне енгізген студенттер оқу нәтижелерін жақсартуда айтарлықтай нәтиже көрсеткен, кейбір жағдайларда тест нәтижелері дәстүрлі әдіске қарағанда жоғары екенін байқаған. Дегенмен мұндай нәтижелерде студенттің ЖИ-мен тиімді жұмыс істеу дағдысы, жауапкершілік пен сыни ойлау қабілеті маңызды рөл атқарады.
Бұл үрдіске қатысты қарсы пікірлер де бар. Кейбір елдерде университеттер ЖИ-ді жауаптарды ілгерілететін құрал ретінде қарастырып, академиялық адалдықты сақтау үшін емтихандарды өзгерту немесе бақылауда ұстау қажеттігін айтып отыр. Мәселен, Австралия университеттерінің кейбірі студенттердің 80-90%-ы ЖИ-ді тапсырмаларды орындауда қолданады деп есептейді, бұл жағдай білім сапасына қауіп төндіреді деген пікірлерге әкелген.
Жасанды интеллект жаңылса, кім жауапты?
Осы себепті білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні қолдану мәселесі екі жақты: ол оқу үдерісін жеңілдетіп, ақпаратқа қолжетімділікті арттырады, бірақ кейде студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамытуды шектеп, дайын жауапқа тәуелділікті күшейте алады.Сондықтан көп оқу орындары ЖИ көмекші құрал ретінде пайдалану ережелерін енгізіп, академиялық адалдықты сақтауға бағытталған саясаттар әзірлеп жатыр. Қорыта келгенде, жасанды интеллект студенттерге көмекші құрал ретінде үлкен потенциал ұсынады, ол ақпаратты тез іздеуге, түсінуге және ұйымдастыруға көмектеседі. Дегенмен оның дәл дайын жауап көзіне айналуы студенттің өз білімі мен дағдыларын дамыту қағидатын әлсіретпеуі тиіс. Сол себепті жасанды интеллектіні жауапкершілікпен және сыни ойлау қабілетін дамыту мақсатында қолдану бүгінгі студенттердің оқу тәжірибесінің ажырамас бөлігіне айналып отыр.
Алуа МҰРАТХАНҚЫЗЫ,
ЕҰУ студенті