• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Медицина Бүгін, 14:42

Қосымша медициналық білім сапасына қойылатын талап күшейді

10 рет
көрсетілді

Денсаулық сақтау министрлігі медициналық мамандардың біліктілігін арттыру ісін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам жасады. Енді қосымша медициналық білім беру ұйымдарына қойылатын талаптар күшейтіліп, оларды іріктеу мен бақылаудың ашық әрі жүйелі тетігі енгізіледі. Бұл шешім саладағы кадр даярлау сапасын арттырып, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің деңгейін жақсартуды көздейді, деп жазады Egemen.kz.

Тізбе екі бағыт бойынша жасақталады

Министрлік медициналық мамандықтар бойынша қосымша білім беру ұйымдарының тізбесін қалыптастырудың жаңа қағидаларын бекітті. Енді уәкілетті орган тізбені екі бөлек бағыт бойынша жасақтайды:

− дәрігерлерді оқытатын заңды тұлғалар;− орта медициналық персоналды даярлайтын ұйымдар.

Бұл тәсіл әр санаттағы мамандарды даярлау ерекшелігін ескеруге мүмкіндік береді.

Тізбеге енгізудің міндетті шарты – ұйым қызметінің түрлерінде қосымша медициналық білім беру бағдарламаларын іске асыру көзделгенін растайтын құқық белгілейтін құжаттардың болуы.

Цифрлы медицина: MedTech экожүйесін дамыту неге маңызды?

Инфрақұрылым мен ресурстарға қойылатын талап артты

Жаңа қағидалар білім беру орталықтарының инфрақұрылымы мен материалдық-техникалық базасына қатысты өлшемшарттарды едәуір қатаңдатады. Бұған дейін міндетті аккредиттеу, бекітілген оқу бағдарламалары және халықаралық ақпараттық дерекқорларға қол жеткізу талап етілсе, енді оған қосымша бірқатар шарт енгізілді.

Атап айтқанда, ұйымдарда:

білім беру қызметіне лицензияның және (немесе) ғылыми ұйым мәртебесінің болуы; өзінің клиникалық базасының немесе практикалық даярлау үшін аккредиттелген медициналық ұйымдармен шарттарының болуы; заманауи симуляциялық жабдықтар, зертханалық база және компьютерлік технологиялармен толық қамтылуы; мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік ортасына қосылуы қарастырылған.

Бұл талаптар болашақта формалды оқытуға жол бермей, нақты тәжірибеге негізделген сапалы білім беруді қамтамасыз етуді көздейді.

QazMed Digital: Медициналық волонтерлік жаңа деңгейге шықты

Жүйелі мониторинг және көшпелі тексеру

Министрлік тізбені тұрақты түрде жаңартып отырады. Ол үшін ұйымдардың қызметіне жүйелі мониторинг жүргізіліп, қажет болған жағдайда көшпелі тексерулер ұйымдастырылады.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, материалдық-техникалық база мен клиникалық ресурстардың нақты жағдайға сәйкестігі қатаң тексеріледі. Бұл талапқа сай келмейтін ұйымдардың тізбеде қалуына жол берілмейді.

Ашық іріктеу – сапалы кадр кепілі

Жаңа нормалар білім беру орталықтарын іріктеудің ашық әрі әділ жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде медицина қызметкерлері ғылыми әлеуеті жеткілікті, заманауи жабдықталған және толыққанды клиникалық базасы бар ұйымдарда ғана біліктілігін арттыра алады.

Қабылданған өзгерістер денсаулық сақтау жүйесінің кадрлық әлеуетін нығайтуға және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған. Сапалы білім – сапалы қызметтің негізі. Ал бұл қадам медицина саласындағы жауапкершілікті одан әрі арттыра түседі.

Медицина факультетінің студенттері жаңа Конституция жобасын талқылады

Соңғы жаңалықтар